Жаңалықтар

СОТТЫҢ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ БОЛУЫ – БАСТЫ ТАЛАП

Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынған 100 нақты қадамда сот жүйесінің мейлінше әділ әрі ашық болу қажеттігі нақты айтылған. Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, Астана қалалық соты журналистердің басын қосып, дөңгелек үстел жиынын өткізді.

Еркін пікір алмасуға құрылған шараға Астана қалалық сотының судьясы Таисия Мирзоян,  Астана қалалық сотының Кеңсесі басшысының орынбасары Айбол  Ибрагимов, Астана қалалық соты және оларға теңестірілген соттар төрағалары және Бас редакторлар клубының мүшесі, «Адам және заң» республикалық газетінің бас редакторы Марат Башимов қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Астана қалалық сотының судьясы Таисия Мирзоян қазіргі таңда сот жүйесінің жұмысын жетілдіру мақсатында көптеген заманауи тәсілдер енгізіліп жатқанын атап өтті.  Бұл технологиялар сот  істерін қарау мерзімін қысқартып, жұмыстағы жүктеме мен сын-ескертпелерді азайтуға септігін тигізген көрінеді. Бүгінде барлық сот мәжілісі өтетін залдардың барлығы бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Қалалық соттағы жиын-семинарларды, әр тоқсанды, жылдықты қорытындылауға арналған басқосулардың бәрін аудандық соттар онлайн режимінде көріп, ой-пікір алмаса алады.

–Сот мәжілісіне журналистер де қоғамдық бақылаушы ретінде қатысуға болады.  Әрине, кейбер сот істерін қарау жабық жағдайда өтеді. Заң шеңберіндегі бұл жағдайға бағынбауға біздің де құқымыз жоқ. Біз  сот төрелдігін іске асыру мәселесінде ақпараттық-құқықтық тәртіпті сақтап, халықтың мүддесін қорғауға тиіспіз. Ал осы мәселеде аудио, видео құрылғылардың қолданылуы халықтың сот жүйесіне деген сенімділігін арттыра түсетіні сөзсіз, – деді ол.

«Адам және заң» газетінің бас редакторы Марат Башимов журналистер соттардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізу арқылы құқықтық демократияны дамытуға ықпал ете алатынын айтты. «Сот жүйесі барынша әділ әрі ашық болуға ұмтылу керек. Ал журналистер сот талқылауына қатысып, олардың жұмыстары туралы сауатты материалдар ұдайы жариялап тұрса дейміз» дейді Марат Башимов.

Жиынның соңында ақпарат құралдарының өкілдері мен сот билігі өзара ынтымақтаса жұмыс істеу, мақалалар, телерадиохабарлар әзірлеу туралы ұсынымдар әзірлеп, семинар-тренингтер ұйымдастыруға уағдаласты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button