Қала мен СалаСаясат

СӨЗ БОСТАНДЫFЫ – ЖАСАМПАЗДЫҚ КЕПIЛI

SMI

Үнді халқының ұлы перзенті Махатма Ганди өмірде баға жетпес төрт бостандықтың бар екендігін айта келе, олардың ішінде сөз бостандығына ерекше мән береді.

Мұндайда көрнекті поляк жазушысы Бруно Ясенскийдің: «Досыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер. Дұшпаныңнан қорықпа, көп болса өлтіріп кетер. Қорықсаң, немқұрайлы адамнан қорық. Өйткені, немқұрайлылықтың кесірінен өмірде сатып кету, өлтіріп кету бел алуда» дегені ойға еріксіз оралады.

Бәрімізге белгілі, тәуелсіздікке дейінгі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ата дәстүріміз аяққа басылып, ұрпағымыз қасиетті ана тілінде ұлағатты сөз тыңдаудан қалды. Есесіне, түрлі ұлттардан тарих әлемінде бұрын-соңды кездеспеген ұлтсыз дүбәрә қоғам құруға ұмтылыс жасалды. Ол қоғамда өзінің ойын ашық айтқан адам «халық жауы» атанып, не атылды, не абақтыға жабылды, не ақылы ауысқан адамдар үйінен бірақ шығып жатты. Нәтижесінде сол кездегі зиялы қауым өкілдері жалтаңкөз болып, сыбырлай сөйлесуге дағдыланып алды. Ақиқатқа бір өзінің дара құқы бар жалғыз ғана партия билік жүргізген қоғамда «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қағида берік орын алды.

Мінеки, осындай ахуал қалыптасқан қоғамнан шыққан біздер үшін демократия ұғымының, әсіресе сөз бостандығының маңызы ерекше екендігі туралы айтып жатудың өзі артық. Сондықтан да біз Ата заңымызға «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар» деп ашық жаздық. Сөйтіп, 1991 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасының «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы қабылданып, ол құжат тәуелсіз еліміздің ең алғашқы қабылдаған заңдарының қатарынан табылды. Көптеген отандық мамандардың пікірінше, бұл заңның демократиялық нормалары қазақстандық баспасөздің күрт дамуына жол ашты.

Отандық медиа саланы одан әрі дамытуға, мемлекеттік емес БАҚ-тың пайда болуына, ірі медиа құрылымдарды орнықтыруға және күрт дамытуға 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған концептуалды тұрғыдағы жаңа заңның әсері молынан болды. Бұл заңды дайындауға халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді атсалысқандарын атап өткен жөн. 2001, 2007 және 2009 жылдары аталмыш заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ақпараттық кеңістіктегі барлық құрылымдар ширатыла түсті. Қазір медиа-нарықтық даму қарқыны бойынша біз Орталық Азия мен Қап тауының көптеген елдерінен ілгері келе жатқан жағдайымыз бар.

Бүгін елімізде 2098 бұқаралық ақпарат құралдары қызмет жасап жатса, олардың 79 пайызы мемлекеттік емес ақпарат құралдары болып танылады. Айталық, 1992 жылы Қазақстанда тек 10 республикалық мемлекеттік және 21 мемлекеттік емес басылымдар ғана болғанын ескерсек, қазіргі қол жеткізіп отырған көрсеткіштер қоғам дамуының демократиялық сипат алып келе жатқанының куәсі іспетті. Көңіл аударарлық тағы бір мәселе мемлекеттік тілді БАҚ-қа саяды. Қазір тек қазақ тілінде 347 БАҚ ақпарат кеңістігінде өз жұмыстарын атқаруда. Мысалы, ел тарихында тұңғыш рет мемлекеттік басты телеарна «Қазақстан» өз хабарларын жүз пайыз қазақ тілінде таратып отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1996 жылы небәрі 25 қазақтілді басылым болатын. Елімізде украин, неміс, кәріс, ұйғыр, өзбек және өзге де отызға жуық тілдерде ақпарат көздері шығарылатынын, оларға үкімет мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыратынын, ал бұл кешегі кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі республикалардың бірде біреуінде де байқалмайтынын атап өткен жөн.

Аймақтық бұқаралық ақпараттық құралдары да серпінді даму үстінде. Мәселен, Семей қаласында «Байуақов ТВ-6» атты медиа-холдинг он жылдан астам уақыт ішінде өзгеге үлгі боларлықтай мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Қазір мұнда бір телекомпания, таралымдарының жалпы саны 50000 данадай болатын үш басылым, бір баспахана және жүзге жуық адам қамтылған қосалқы шаруашылық жұмыс істеуде.

Мемлекеттік қамқорлықтың тағы да бір саласы – отандық БАҚ-тың контент сапасын көтеруге саяды. Осы ретте, мемлекеттік өкілеттік органның бастамасымен «Балапан», «Білім және Мәдениет», «24 kz», «Kazsport» тәрізді елімізде жаңа телеарналар іске кіріскенін және «Caspionet» телеарнасының «KazakhTV» болып атауын өзгерткенін айтқан жөн. Сондай-ақ, мемлекеттік телеарналардың хабар тарату кестелерінде отандық контенттің үлесінің үзбей өсіп келе жатқанын да атап өту ләзім. Нақтырақ айтқанда, қазір «Хабар» – 80 пайыз, «Қазақстан» – 71 пайыз, «24 kz» – 100 пайыз, «Kazsport» – 98 пайыз, «KazakhTV» – 95 пайыз телебағдарламаларын отандық өніммен жасақтайды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан сандық спутниктік телехабарлар тарату қолға алынып отыр. Нәтижесінде, бүгін 407 мың абонент «Отау TV» сандық спутник телеарнасының көрерменіне айналды, әрі бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табуда. Технологиялық мешеулікті еңсеру бағытында да ілгерілеу байқалады. Соның бір жарқын көрінісі іспетті «Қазмедиа орталығы» теле-радиокешені өндірістік циклінің іске кіріскенін айтуға болады.

Күнделікті өмірге ақпараттар таратудың жаңаша бір саласы – интернет дендеп еніп келеді. Қазақстан Ре­­­с­публикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша бүгін елімізде 11 миллионнан астам адам интернетпен жұмыс жасайды. Бұл – жүз адамның 67,3 пайызы интернетті пайдаланып отыр деген сөз. Яғни, медиа өрісі қатты өзгеріске түсіп, нақты журналистика виртуалды өңге айнала бастады. Бұл бір жағынан кең ақпарат алудың әрі таратудың тиімді тәсілі болғанымен, екінші жағынан кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің күрт төмендеуіне әкелуде.

Жасыратыны жоқ, қазір көптеген әріптестеріміз журналистік ізденістен гөрі өзіне керекті ақпаратты интернеттен көшіріп ала салуға ден қоя бастады. Әлеуметтік желі түптеп келгенде өсек-аяңның, қысыр сөздің, мағынасыз ой мен пікірдің, мәнсіз әңгіменің өзегіне айналды. Ең сорақысы, қазақ тілі жапа шегуде. Интернет пайдаланушылардың көпшілігі қазақ тіліне бейімделмеген компьютерлермен жұмыс істегендіктен, шұбар тілмен қазақша бірдеңелерді жазып жатады. Оларды оқығанда, қазақ тіліне деген қызығушылықтан гөрі одан шошынуға бейім тұрарың анық. Бұлай жалғаса беретін болса, біз ешқашан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере алмаймыз. Сондықтан, бұл тез арада тиісті орындардың назарына ілініп, өзінің дұрыс шешімін табуы тиіс.

Жауапкершілік мәселесі де күн тәртібінен түспеуі қажет. Өкініштісі сол, демократияның игі қадамдарын саяси саудаға салуға үйір болушылық аракідік болса да, бой көрсетіп қалып отыр. Әңгіме, өз арамыздағы қоғам мен жеке адам мүдделерін бір-біріне қарама-қарсы қоюға ұмтылатындар жайлы болып тұр. Әсіресе, олар болмашыға мін тағып, түймедейді түйедей қылып көрсетуге, тәуелсіздікті тәлкек, елдікті келеке етуге құмар. Мұндай қылықтарды, әсіресе, интернет беттерінен молынан кездестіруге болады. Осы ретте, мына бір ұлағатты әңгімені айта кетудің жөні бар сияқты.

«Әлем неден бастау алады» деген сұраққа ғұлама: «Сенің екі көзіңнен» деп жауап қатады. Иә, көздің негізгі міндеті – көру. Бірақ, оның нені және қалай көретіні үлкен пәлсапалық мәселе, өз алдына бір тылсым дүние. Біреу үшін, мәселен, от өмірдің шырағы ретінде танылса, басқаға ол ақырзаманның белгісі болып қабылдануы мүмкін. Бір нәрсе айқын – дүниеге, адамдарға, өмірге бір Алланың көзімен қарау керек. Бірақ, жаратушыны ешкім көрген жоқ, оны толық түйсінген де емес. Сондықтан, барлық нәрсеге тәңіріміздің адамға берген ұят көзімен қарауымыз қажет.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button