Басты ақпарат

Сөз түзелді, ал енді заң түзелсе…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша  ой-толғамдар

Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында алдымызға биік мақсат қойып, халықпен бірге «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Ұсынылып отырған реформалар – қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі. Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті дей келе, құжатты әзірлеу кезінде зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партия­лар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныс­тары да мұ­қият зерделенді. «Мен ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұ­қият ойластырылып, пысықталған еді» деп атап айтты.

[smartslider3 slider=2860]

Иә, бұл қазақ қоғамы Президенттен 2019 жылы қызметке кіріскенінен бері күткен, оның арғы жағында да талай жылдан бері жұртшылықтың дастархан басынан бастап, алаңдарда, құрылтайларда түрлі ортада айтып жүрген, әлеуметтік желіде әбден талқыланған, қайнап-піскен, толғауы тоқсан ойлар жиынтығы түйінделген, халық үніне құлақ асқан Жолдау болып шықты. Сондықтан Жолдауды кеңінен жан-жақты талқылаған, онда көзделген шараларды толықтырған ұсыныс-пікірлер легі толастар емес.

Президент жаңарған, жаңғырған «Жаңа Қазақстанды» құру жолын нұсқап берді, енді оны нақты жүзеге асыру кезеңі басталды, Жолдауда айтылған ауқымды іс-шаралар заң ережелеріне айналып, нақтыланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет деді. «Баршаңызды «Жаңа Қазақстанды» құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Біз «Жаңа Қазақстанда» «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз» деп түйіндеген еді Жолдауын. Осыған орай, Жолдауды жүзеге асыруға арналған өз ұсыныстарымызды ортаға саламыз.

  1. Мемлекет басшысы Жолдаудың басында қаңтар дүрбелеңіне арнайы тоқталып, оқиғаның мән-жайын, астарын ашық жайып салды. Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Сондықтан, кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан, осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп кесіп айтты.

Бұл шешімді құптай отырып, қасақана арандатуға ұшырап қалғандардың қосақ арасында ауыр жазаға тартылып кетпеуі де әділет үшін маңызды екендігіне назар аударамыз. Қазір бірнеше қоғамдық комиссия тексеру жүргізуде, балалары, туыс­тары әлі қамауда жатқан, қапаста азапталған адамдар шағымдары толастар емес. Олар Бас прокуратурадан бастап, құқық қорғау органдарының алдында жүр. Құқық қорғау органдарының сан қуып, асыра сілтемей, әділетті шешім шығарарына қоғамда әлі сенім аз. Осы ретте нағыз қылмыс жасаған кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктерден басқа қолы қанды емес азаматтарға Президенттің рақымшылық жасағаны қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікке сенімді орнықтыра түсер еді. Қаңтар оқиғасына байланыссыз да қуғынға түскен, қамалған, сотталған барлық саяси тұтқынды босату да қоғам талабы.

Президент жаңарған, жаңғыр­ған «Жаңа Қазақстанды» құру жолын нұсқап берді, енді оны нақты жүзеге асыру кезеңі басталды, Жолдауда айтылған ауқымды іс-шаралар заң ережелеріне айналып, нақты­ланады

 

  1. Президент саяси трансформация мәселесін баяндауға көшкенде жасалғалы отырған реформа бүкіл салада тамыр-таныс­тық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті. Реформа ең алдымен қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделгенін атап көрсетті.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы «бұл жерде, ең алдымен, басқарудың супер­президенттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Осыған орай, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз» дей келе, осы стратегиялық мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастаманы ұсынды.

Сол бастамалардың біріншісі – Президенттің өкілеттігі туралы. Қ.Тоқаев мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ дей келе, атауын Amanat деп өзгерткен билікте монополист Nur Otan партиясының төрағалығынан бас тартатынын мәлімдеуі және оны орындауы да қоғам тарапынан қолдау тапты.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Президент бұл қызметте жүрген кезеңінде әлдебір саяси партияның басшысы түгілі, мүшесі болуын тоқтата тұруы Ата Заңда көзделген ереже-тін. Кейін мемлекетті басқарудың суперпрезиденттік үлгісіне көшу барысында Ата Заңнан бұл ереже, сондай-ақ президенттікке қатарынан екі мәрте ғана сайлану, сайланудың 65 жасқа дейін шектеуі алынып тасталды, президенттікке кандидатқа мемлекеттік қыз­метте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы тиіс деген жасанды шектеу қойылды. Бұл азаматтардың сайлану құқығына жасалған кедергі еді.

Nur Otan (әуелгі атауы «Отан») партиясының бір кездегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының үлгісімен мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол ашылды. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны қоғамның даму барысында айқын көрінді. Сондықтан Қ.Тоқаевтың Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеу­ді ұсынуы – өте құптарлық қадам. Сондай-ақ Ата Заңға енгізілетін өзгерістермен президенттікке кандидатқа қойылатын мемлекеттік қыз­метте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы тиіс деген жасанды кедергі де жойылуы тиіс.

Жолдауда айтылған Орталық сайлау комиссия­сының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманың да заңнамаға енгізілетіні құптарлық жайт. Бұл ереженің барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына да қолданылуы орынды. Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім деп Президент ашық айтты.

Осы ретте Мемлекет басшысы қоғамдағы барша азаматқа бірдей тең мүмкіндік берілетініне мызғымас кепіл болуға тиіс. Президенттің туған-туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынбақ. Мұндай норманы Конституцияға енгізу артық болмайды деген тұжырымды да озбырлыққа жол ашқан осындай күйді отыз жыл бастан кешкен қоғам ықыласпен қабылдады. Президентті тым артық берілген өкілеттіктерінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етері сөзсіз.

  1. Саяси реформадағы екінші бастама – өкілді билік тармағын қайта құру. Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің маңызын айтарлықтай арттыру жолында жасалған ұсыныс – ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау.

Қазір Сенат 49 депутаттан тұрады. Әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Парламенттің қай палатасында да Nur Otan партиясы үстемдік етіп тұрғанда, Сенаттағы депутаттар құрамының үштен біріне жуығын Президент тағайындауына беру де президенттік билік өктемдігінің, өкілді билікті уысында ұстаудың бір амалы болып келді. Енді Жолдауда Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастыру ұсынылып отыр. Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылмақ. Олардың бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынатын болады, бірақ қазіргідей ассамблея сайламайды.

Осы ретте «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының «Сенат депутаттығына кандидатты қолдап қол жинау» 72-бабы да азаматтардың сайлану құқығына қойылған жасанды кедергі екенін атап көрсетеміз. Сенат депутаты болуға үміткердің мәслихаттар депутаттарының тиісті санының алдын ала қол­дауына ие болып, олардың қолдарын жинауы билік қажет деп тапқан адамдардың ғана мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алатынын өмір көрсетіп отыр. Сондықтан бұл 72-бапты заңнан мүлдем алып тастау керек.

Парламентке, оның ішінде Мәжіліске рес­публикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылау құзыреті берілмек. Қазіргі Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылып отыр. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беретін болады. Бұл, әрине, Мәжіліс мәртебесін арттыра түседі.

Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау­шы органды Парламент жанынан құру да елімізде бұрын болған тәжірибе. Бақылау палатасы деп аталған осындай орган 1990 жылы сайланған Жоғарғы Кеңес (Парламент) жанынан құрылған еді. Ол Жоғарғы Кеңеске есеп беретін. Еліміз тәуелсіздік алып, мемлекет басқару өз қолымызға тиген кезде қазынаға қаймықпай ашкөздікпен қол салумен, қаражатты талан-тараж жасаумен қарсы күресте бұл Бақылау палатасының табанды да адал қызметі зор болды. 1993 жылы Жоғарғы Кеңеспен бірге Бақылау палатасы да жойылды, осылай жемқорлыққа жол ашылды.

Халық депутаттары ке­ңес­тері жойылып, мәслихаттар құрылды және оған басшы емес, құзыреті шектеулі хатшы сайланатын тәртіп орнады. Енді мәслихат төрағасы лауазымы енгізілуі оның толыққанды өкілді органға айналуына септігін тигізеді деп пайымдаймыз. Мықты мәслихаттар аймақтардағы өзекті мәселелердің шешімін табуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алатын болады.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, журналист-заңгер, «МҰҚАЛМАС» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button