Басты ақпаратЕл тынысы

Спорт додалары жылы

2024 жылдың басты ерекшелігі – бәсекелі спорт додалары көптеп өтеді. Солардың ішінде ең айтулысы – «Жылдам. Жоғары. Күшті» ұранымен өтетін Олимпиада ойыны. Париж қаласында 26 шілдеден 11 тамызға дейін байрағы көтерілетін ойында 208 елдің спортшылары 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. 8-14 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Ойынның бұл түрі де тартысты өтеді.

ҚАЙ ТҮРІНЕ СЕНІМ АРТАМЫЗ?

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Олим­пиада ойынына 8-рет қатысады. 1996 жылы АҚШ-тың Атланта төрінде 3 алтын (Василий Жиров, Александр Парыгин, Юрий Мельниченко), 4 күміс және 4 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 24-орыннан көрінді. Спорт сарапшылары бұл жеңісті КСРО спортының жемісі деп баға берді. 2000 жылы Австралияның Сиднейінде олимпиадашылар жиналып, кіл мықтының ішіндегі шын мықты кім екенін анықтады. Бұл сында Бекзат Саттарханов жасындай жарқ етсе, боксшы Ермахан Ибраимов қарсыластарын жапырды. Ал желаяқ Ольга Шишигина алдына жан салмады. 2004 жылы Олимпиада алауы бастау алған Афинада төртжылдықтың басты бәсекесі өтіп, тек Бақтияр Артаев қана көк байрағымызды көкке көтерді. Бұл жолы ұлт спорты құлдырады, тәуелсіздіктің төл буынының қауқары осы деп топшылағандар көп болды. Жоқ, олай емес екен. 2008 жылы Пекинде өткен аламанда боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Алла Важенина, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, боксшы Серік Сапиев, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода олимпиадашылар арасында жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлет Ниджат Рагимов, боксшы Данияр Елеусінов дараланды. Кейін Ниджат допинг қолданғаны дәлелденіп, алтын медалі кері қайтарылды. Алтын қасиет таңдайтын металл ғой. Содан кейін Токио Олимпиадасында қазақ спортшылары қанша талпынғанмен, алтыннан құр қалды. Токиода 93 қазақстандық 19 спорт түрінен бақ сынап, 8 қола медаль алды. Сөйтіп, Олимпиадада медаль алған 93 мемлекеттің ішінде 83-орынмен түйіндедік. Бұл ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада ретінде бағаланды. Өйткені командалық есепте біздің алдымызға Африканың бірқатар елі шықты. Тіпті халық саны 40 мыңға жетпейтін Сан-Марино, тұрғын саны 80 мыңға жуықтайтын Бермуд аралдары жоғары тұрды.

Токио Олимпиадасына қатысқан спортшылардың сәтсіз өнері және ұлт спортының құлдырау себебін жауапты ведомство түсіндіруі керек еді. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық олимпиада комитеті де мұндай қадамға бармады. Содан бері бір олимпиадалық цикл сырғып өтіп, спортқа жауапты министрлік қайта құрылып, министр ауысты. Ермек Маржық­паев – үлкен спортта ұзақ жыл өнер көрсетіп, табысқа жеткен азамат. Яғни бұқаралық спортты ілгерілетудің жолын біледі, спортшыларды қолдап, жетістікке жетуге ынталандыра алады. Мұның нәтижесін Париж төрінде көретін боламыз.

Рас, бар үміт Париж Олимпиадасына қатысатын олимпиадашыларда. Әзірге біздің спортшылар 7 спорт түрінен 16 жолдамаға ие болды. Соның біреуі – астаналық Елена Потапенко. Ол Азия ойындарында бессайыстан 5-орын алып, жолдама алды. Одан бөлек, 17 астаналық спортшы Олимпиадаға қатысуға үмітті.

Бұл жолы спорттың қай түріне сенім артамыз? Бұл сұраққа спорт журналисі Бек Төлеуов былай жауап берді:

«Қазіргі қазақ спорты ең бір қиын сәтті бастан кешіріп жатыр. Бұл қаржылай жағынан емес. Нәтижеге қатысты айтып отырмын. Құлдыраудың басталып кеткеніне біраз жыл болды. Бұрынғыдай мынау нақты жүлде әкеледі деп айту қиын. Бокстағы салмақ саны да азайып кетті. Дегенмен боксшылар медаль алуы тиіс. Бірақ алтынның болу-­болмауы екіталай. Дзюдодан тек Абиба Әбужақыновадан қола медаль күтемін. Басқаға сенім арту қиындау. Теннистен Елена Рыбакина бар. Сосын міндетті түрде ешкім күтпеген бір сенсация болуы тиіс. Спортшылардың қазіргі нәтижесіне қарап нақты мынау алтын әкеледі деп кесіп айту қиын».

ҮШІНШІ РЕТ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Расында, Франция жазғы Олимпиада ойынын үшінші рет өткізеді. 1900 жылы алғаш рет Парижде өткені белгілі. Сол турнирге әйел спортшылар алғаш рет қатысты. Екінші рет 1924 жылы қабылдады. Бұл кезде Олимпиада қозғалысының бастамашысы француз Пьер де Кубертен жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Арада бір ғасыр өткенде Пьердің рухына тағзым ету мақсатында Париж үшінші рет Олимпиаданы қабылдайды.

26 шілдеде ашылу салтанаты ойындар тарихында бірінші рет негізгі олимпиадалық стадионда емес, одан тыс жерде өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылардан 200-ден астам делегация қатысады. Олар Сена өзенінде 160 қайықпен жүзіп өтеді (Аустерлиц пен Йена көпірі арасында шамамен 6 шақырым). Йена көпірінен спортшылар Олимпиада алауын жағу рәсімі өтетін Трокадеро алаңына бет алады. Ашылу салтанатын 600 мыңға жуық адам тамашалайды. Париж Олимпиадасының бірінші ерекшелігі – осы. Екіншіден, негізгі жарыстар Парижде өтсе, сондай-ақ Ле-Ивелин, Сена және Марна, О-де-Сен және Сена-Сен-Денис аумағында да жарыстар өтеді. Версальда ат спорты мен веложарыс басталады. Бордо, Нант, Лион, Сент-­Этьен, Ницца және Марсельдегі стадионда футболшылар сынға түседі. Су спорты – серфингтен жарыстар Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде орналасқан Францияның тәуелді аймағы Полинезия мен Таитиде өтеді. Бұл – ойын тарихындағы ұйымдас­тырушы қаладан ең алыс орын.

Олимпиада ойынына 206 мемлекет қатысуға өтініш білдірді. Ресей мен Беларусь спортшылары бейтарап статуспен қатысуға мүмкіндік алды. Одан бөлек, босқындар олимпиадалық құрамасы қатысады. Олимпиадашылар алғаш рет брейкингтен (көшедегі спорт биі) жарысады. Екінші рет серфинг, скейтбординг және спорт альпинизмінен мықтылар анықталады.

24 шілдеде негізгі жарыс басталып, бірінші регби және футбол алаңында топтық ойындар басталады. 27 шілдеде бокстан іріктеу кезеңі басталса, 6-10 тамыз аралығында финалдық бәсекелер өтеді. 27 шілдеден 3 тамызға дейін дзюдошылар татамиге көтеріледі. Ал 27 шілдеден 5 тамыз аралығында ату спортынан үздік мерген анықталады. 6-11 тамызда күрес түрлері бойынша үздіктер анықталады. Таэквондошылар мен ауыр атлеттер турнирдің соңғы төрт күнінде бақ сынайды. 1-11 тамызда жеңіл атлеттер 48 медальді сарапқа салса, 27 шілде-9 тамыз аралығында 37 медальға жүзгіштер таласады.

БИЛЕТТІ ҚАЛАЙ АЛАМЫЗ?

Париж Олимпиадасын көзбен көру мақсатында спорт жанкүйерлері өткен жылдан бері билет сатып алуда. Халық­аралық Олимпиада комитетінің коммуникациялар жөніндегі директоры Марк Адамстың сөзінше, 10 миллион билеттің 7,2 миллионы сатылды. Оған әлемнің 158 елінің азаматтары ие болды.

Сату бірыңғай цифрлы платформа арқылы жүзеге асады. Make your Games жеке билеттер пакетін сатып алу құқығын алды. 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қаңтарына дейін жанкүйерлер жеке билет пакетін сатып алу құқығын беретін жеребеге тіркелді. Жеңімпаздар жеребе әдісімен анықталды. Егер билет алып үлгермесеңіз, 15 ақпаннан 9 наурызға де­йін екінші билеттер пакетіне тапсырыс бере аласыз.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, билет алушының 44 пайызы – 35 жасқа дейінгі адамдар. Билеттің ең көбі футбол көруге сатылды. Ашылу мен жабылу салтанатына да сұраныс жоғары.

Билеттің төменгі бағасы – 24 еуро. Ұлттық валютамен есептегенде 12 мың теңгедей болады. Билеттің 70 пайызы 100 еуромен сатылады. Ең қымбат билет 980 еуроны құрайды. Бұл теңгеге шаққанда 500 мыңға жуықтайды.

Қазір баға саясатына байланысты түрлі пікір қалыптасты. Мысалы, Inside the Games ме­диасы хабарлағандай, Францияда жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан респонденттің 82 пайызы билеттер «қымбат» деп баға беріпті. Екі дүркін Олимпиада чемпионы Нафиссату Тиам билеттің бағасы қымбат болуына байланысты отбасы ойында қолдай алмайтынына алаңдаушылық білдірді. Бірақ ұйымдастыру комитетінің президенті Тони Эстанге «билеттер бізге ойындарды қаржыландыруға көмектеседі» деп шорт кесті.

– Олимпиадаға бокстың финалдық бәсекесін тамашалау үшін барамын. Ақпан айында билет алуды жоспарлап отыр­мын, – деді спорт жанкүйері Жұлдыз Сәдуақасов.

КӨШПЕНДІЛЕР  АТҚА ҚОНАДЫ

Әрине, Олимпиада ойынындай танымал болмаса да, көшпенді салтты ұстанған мемлекеттер үшін басты спорт мерекесінің бірі – көшпенділер ойыны. 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында бастау алған байрақты бәсекені 2022 жылы Түркияның Изник шаһары қабылдады. Ендігі кезек – Астанада.

Бұған дейін Қырғыз елі Ыс­тықкөлдің жағалауында, Түркия Изник көлінің жағасында кең далада өткізіп, табиғаты әсем жерлерін насихаттап, туристік әлеуетін дәріптеді. Бұл жолғы көшпенділер ойыны Олимпиада қозғалысы сынды бір қалада өтіп, жаңа форматқа көшіп, жаңа деңгейге көтеріледі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, 8-14 қыркүйекте «Астана Аренада» жарыстың ашылу және жабылу салтанатын тамашалаймыз. Ойынның негізгі бөлігі «Қазанат» ип­подромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және «Астана Аренада» өтеді. «Думан» қонақүйінің конференц-залында тоғыз­құмалақ сынды ойындар ұйым­дастырылады.

– Жарысқа келетін қонақтарда Көкшетаудың, Бурабайдың табиғатын тамашалау мүмкіндігі болады. Одан бөлек, Ұлы дала жорығын жарысқа қосып отырмыз. Астанадан 400 шақырым қашықтықта орналасқан Ботай қонысын насихаттаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Ботай мәдениетін жасаған тайпалар жылқыны алғаш қолға үйретті. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденді, – дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Көшпенділер ойынының бағдарламасына 20 спорт түрі енді. Оның 10-ы – түркі халықтарына ортақ ресми бекітілген ойындар. Өзгесі – өзара ұқсас ұлттық ойындар мен әр елдің өзінде ғана бар спорт түрі. Мысалы, күрестің бес түрі: қазақ күресі, өзбектің курашы, қырғыздың алышы, түріктің аба күресі, корейдің ұлттық күресі бар. Интеллектуалды ойындардан тоғызқұмалақ, түріктің мангаласы, Африка елінің вари ұлттық ойынынан спортшылар сынға түседі.

P.S: Ойындардан бөлек, футболдан Еуропа чемпионаты әлем елдерінің назарын аударады. Қазақстан ұлттық құрамасы Финляндия мен Даниядан ұпай алып, жанкүйерлерін қуантты. Тек Словениямен өткен шешуші ойында сәттілік жетіспей, Берлинге баратын жолда, «таяқ тастам жерде» сүрінді. Әлі үміт бар. Егер іріктеу кезеңінде Грекиядан басым түссе, одан кейін Грузия мен Люксембург арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Біздің команда ұтқан жағдайда, Еуро-2024-те «F» тобында Түркия, Португалия және Чехиямен доп тебеді. Қысқасы, биыл эмоцияға толы спорт аламаны көптеп өтеді. Біздің саңлақтар жеңістің жолын жаңылмай тапса болғаны!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button