Спорт инфрақұрылымы қалай дамуда?
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/sul_0990-780x470.jpg)
Бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығының кепілі. Өскелең ұрпақты өр мінезді, рухы биік, дені сау етіп тәрбиелеуде спорттың берері көп. Саланы дамытуда алдымен спорт саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға басымдық беріледі. Бүгінде Астанада 819-дан астам спорт ғимараты болса, соның бірқатарын қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Солардың бірі «Қазақстан» спорт сарайы 2019 жылдың көктемінде күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған. Өзі негізі 2001 жылы «Шеврон», «Мобил», «Филип Моррис» және тағы басқа компаниялар бөлген қаражатқа салынған. Жалпы ауданы – 22000 м², 4 қабатты ғимарат ішінде 8 жолға арналған 50 метрлік бассейн, 5000 көрермен сыятын хоккей мұз алаңы және басқа да жаттығу залдары болды. Күрделі жөндеу кезінде сарайды «ақылды» технологияларды қолдана отырып жаңғырту жобасы жасалды. 2021 жылы ғимарат словакиялық ColosseoEAS компаниясына жөндеуге беріледі. Бірақ тиісті жұмыстар жүргізілмей, нысанды басқа инвесторға беру туралы шешім қабылданды. Бұл нысан Алматы ауданының тартымды орны саналады. Жоба халықты дене шынықтыру мен спортқа көбірек тартуға септігін тигізіп, сарайдың өзі халықтың демалатын, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізетін орнына айналмақ. Елордада спорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру үшін Астана қаласының дене тәрбиесі және бұқаралық спорт саласын дамыту бойынша 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.
Соның негізінде қала халқының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.
«Қазақстан» спорт кешенін жаңғырту және қайта құру жұмыстары – сол бағыттағы шаруалардың бірі. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, сарай келесі жылы пайдалануға беріледі.
Астана халқының спорт инфрақұрылымымен орташа қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 37,1 пайызды құрайды. Былтыр қалада 180 спорт және тренажер алаңдары салынды. Дегенмен әлі де шешімін күткен мәселелер жеткілікті.
– Астанада спорттың даму қарқыны жаман емес, алайда инфрақұрылым жағы, ғимараттар жетіспеушілігі жайы өзекті. Әсіресе көркем гимнастика саласы ақсап тұр, гимнастикамен айналысатын арнайы залдар жоқ. Сондай-ақ бассейндер де жетіспейді. Суға жүзуді үйрететін секциялар инфрақұрылымның жетіспеушілігінен жұмысын дұрыс жүргізе алмай отыр. Қалада әр тұрғын үй аумағында спорт алаңдарын әлде де көбейту керек. Балалар өз ауласында тұрақты, жүйелі түрде спортпен айналыса алуы қажет. Өзім көбіне еліміздің ауылдарын спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету бойынша ешкімнің қолдауынсыз қайырымдылық істермен айналысамын. Бүгінге дейін 130 ауылды солай қамтамасыз еттім. 60 мыңнан астам балаға спортқа керек-жарағын алып бердім, – дейді күштік спорт бойынша әлемнің 4 дүркін рекордсмені, Қазақстанның 6 дүркін рекордсмені, Гиннесс кітабына енген рекордсмен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми амбассадоры Сергей Цырульников.
Халықты бұқаралық спортпен қамту жылдан-жылға артуда. Астанада спорт және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 992 ұжым жұмыс істейді, оған тұрақты түрде 601200 адам қатысады. Күн сайын түрлі қалалық, республикалық және халықаралық спорт додалары өтіп, шын жүйріктер анықталып жатады. Астаналық талай мықты спортшылар да өзге елдерге барып, топтан озып, өз қабілетін ғана емес, өз елін де әлемге танытуда. Спорт сардарлары елдің қоржынына жүлде салатын жастарды тәрбиелеп, ұстаздық қызметімен елорданың спорт саласын дамытуға үлес қосуда. Сондай шәкірттер тәрбиелейтін 10 спорт мектебі болса, сабақ беретін 9236 адам бар.
– Спорт түрлерінің ішінде дәстүрлі садақ ату қарқынды дамып келеді. Астана қаласы осы жағынан республикаға үлгі. Ең көп спортшылар және жүлдегерлердің көбі елордадан шығып отыр. Қазіргі таңда қалада 3 садақ ату үйірмесі бар. Олар Есіл, Алматы, Сарыарқа аудандарында орналасқан. Бұл үйірмелерге ересектер қатысса, жасөспірімдер Садақ ату федерациясының қолдауымен қаладағы 3 мектепте ашылған үйірмелерге барады. Алдағы мақсат – садақ атуды қолжетімді ету. Жақында біз Астана садақ ату федерациясы филиалымен бірге «Бала мерген» деген жобаны дайындап, 3-10 жас аралығындағы балаларға арналған қауіпсіз садақтар шығардық. Сол садақты балабақшалар мен бастауыш сыныптар бағдарламасына енгізіп жатырмыз. Мақсатымыз – әр балабақша мен мектептегі төменгі сыныптағы балалар осы «Бала мерген» садағын үзілісте пайдаланып, ойнаса деген ой. Бұл садақтар қауіпсіз, садақ оқтары резеңкеден жасалған, үшкір емес, – дейді Астана спортты дамыту дирекциясының дәстүрлі садақ ату бойынша аға жаттықтырушысы Диас Ахметов.
Былтыр Астанада спортпен тұрақты шұғылданатындардың қатары 48508 тұрғынды немесе 39,1 пайызды құрады. 616152 адамды қамтитын 778 спорттық-бұқаралық іс-шара өтті, барлығы 34 жеңіл атлетикалық жарыс, марафон және 10 веложарыс өтті, оған 56000-нан астам адам қатысты.
Райхан Рахметова