Спорт кешені 2024 жылы ашылады

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан» спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталатынын мәлім етті. Қала басшысы екі жыл бұрын үлкен нысанды жаңғыртуды бастаған инвестор құрылыс жұмысын толықтай жүргізе алмағанын, қазір оны аяқтауға қосымша қаражат қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Елордада спорт мекемелеріне деген қажеттілік бар. Қалаға қажетті құрылыс нысандарына да жеке инвестициялар тартамыз. Мәселен, Алматы ауданының Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде «Қазақстан» спорт кешені қайта салынып жатыр. Нысанның жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден асады. Жоспар бойынша онда футбол, баскетбол, волейбол залдары, үстел теннисі, IT үйірмелері – lego және киберспорт, қыш шеберлігі мектебі, шахмат, күрес, бокс залдары және тағы басқалар болады. Спорт кешені келесі жылы ашылады деп жоспарланып отыр» деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жеңіс Қасымбек қаланы аралау барысында «Қазақстан» спорт кешеніне арнайы барғанын, ондағы ахуалды көзімен көргенін айтты.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары мұндай спорт орталығына бір емес, бірнеше рет барып, бос уақытын өткізеді, спортпен шұғылданады деп ойлаймын. Нысан Алматы ауданының тартымды орнының бірі саналады. Спорт кешені апатты жағдайда болған соң, екі жыл бұрын нысанды жаңғырту жұмысы басталған. Өкінішке қарай, инвестор құрылыс жұмысын толық жүргізе алмады. Жұмыс бір орында тоқтап тұрды. Дегенмен бір кездері танымал болған нысанның осындай күйде тұруына біз жол бермейміз. Сондықтан қосымша қаржыландыру көзін қарастырып жатырмыз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін әкім.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек қалада бұқаралық спортты дамыту үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатқанын тілге тиек етті.
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен федерацияларды қолдаймыз, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) және тағы басқаларын абаттандырамыз» деп түйіндеді сөзін елорда әкімі.