Елорда тынысы

Спорт нысандары қолжетімді ме?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалық спортшыларға қандай қолдау шаралары көрсетілетінін айтты.

[smartslider3 slider=2553]

«Осыған дейін федерациямыздың спортшыларымен, жаттықтырушыларымен және басшыларымен кездесу өткіздік. Олар маңызды проблемаларды қозғады: спорт жабдықтарымен жабдықтау, жаттықтырушылардың жалақысын көбейту, спортшыларды ынталандыру (олимпиадалық емес спорт түрлері), спортшыларға арналған жеке медициналық мекеме және т.б.

Біріншіден. Спорт мекемелерінің жай-күйі мен қолжетімділігі

Спортшылар мен бүлдіршіндерді дайындауда жаттығу орны мен құрал-жабдықтары маңызды рөл атқарады. Мәселен, осыған дейінгі кездесулерде спорт мекемелеріндегі орындар тиімді пайдаланылуы керектігі, бос орындар болмауы қажет екені талқыланған. Нәтижесінде, «Астана Арена» стадионының базасында жекпе-жек спорт түрлеріне арналған зал аштық.

Сонымен қатар спортшылар мен қала тұрғындарының өтініші бойынша үрлемелі футбол алаңы (Алматы ауданы) жөнделді, «Толқын» спорт кешені күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты «Қазақстан» спорт кешенінде ауқымды модернизациялау, «Жастар» сарайын қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Ал апатты жағдайда тұрған Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның орнына жаңа ыңғайлы спорт кешені салынады.

Қаламызда түрлі спорт нысандары бар. Ол орындарда жаттығуларға арналған қосымша сағаттар бөлінеді, осылайша спорт нысандары қала тұрғындары мен өскелең ұрпағымыз үшін қолжетімді болмақ. Осы бағыттағы жұмыстарымызды ары қарай жалғастырамыз, себебі түрлі ұсыныстар түсіп жатады. Ұсыныстар арасында спорттық құрал-жабдықтар сатып алу мәселесі де бар.

Екіншіден. Спортшыларға арналған медициналық мекеме

Спортшыларымызға уақытылы әрі жылдам түрде медициналық көмек көрсетудің маңызы зор. Бұл проблеманы осыған дейінгі кездесуде спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыз көтерген. Спортшыларымызға арналған медициналық мекеме биылдан қалмай ашылады. Қазір ғимараттың аздаған жұмысы қалды. Енді медициналық қызметкерлерді оқыту, арнайы жабдықтар сатып алу қажет.

Үшіншіден. Білім гранттары, төлемдер

Бала күнінен спортпен айналысып келе жатқан жастарымыз осы бағыттағы жолын ары қарай да жалғастыруы үшін ЖОО-лардың білім гранттарын бөлеміз. Былтыр өзге санаттардан бөлек бір ғана спорт саласы бойынша 50 грант бөлінді. Бұл бағдарламаны биыл да жалғастырамыз. Сол сияқты 2020 жылы кәсіби спортшылар мен жаттықтырушылардың (жекелеген санаттар) 10 жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан ай сайынғы ақысын ұлғайттық.

Кездесу барысында қозғалған төлем мәселесіне келер болсақ, өзге проблемалар сияқты шешу үшін қолға алдық. Олардың бір бөлігін қысқа уақытта шешуге болады, сол сияқты жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселелер де бар. Ал төлем мәселесін жауапты министрлікпен бірлесіп шешеміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортпен айналысу үшін жағдай жасауға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қолдауға ерекше назар аударамыз. Осы бағыттарға алдағы жазбаларымда жеке-жеке тоқталамын» деп жазды елорда әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button