20 ғажайып ғимарат

Спорт қаласының сәулеті

Елорданы еңселі еткен ғажайып ғимараттардың ішінде сәулетіне көз сүйсінетін спорт нысандарының алар орны орны айрықша. Бас шаһардың спорт қаласы атануына үлесі орасан бұл кешендер халықты саламатты өмір салтына бастап келеді.

 Велошабандоздың шлемі тәріздес «Сарыарқа» велотрегі сыртқы көрінісі айтып тұрғандай, негізінен, велоспортты дамытуға арналып салынған. Велотрек – спорттың бұл түрінен ғана емес, бокстан, баскетболдан, көркем гимнастикадан және дзюдодан жарыстар өткізуге ыңғайлы әмбебап кешен. Сондай-ақ, 2011 жылы қысқы Азия ойындары кезінде бұл ғимараттың мұз айдынында шорт-тректен және мәнерлеп сырғанаудан сайыстар өтті. Бұған қоса, мұнда волейбол, футбол алаңдары мен бассейн және фитнес-орталық бар.
Құрылысы 2009 жылдан басталған нысан 2011 жылы пайдалануға берілді. Сәулеті алабөтен кешен жұрттың назарын бірден аударады. Ғимарат ашылған жылы-ақ әлем үздігі деп танылды.
Бұл кешенде өтетін іс-шараларды бір мезетте 9270 адамға дейін тамашалай алады. Велоспортқа арналған кешеннің ішіндегі тректің ұзындығы 250 метр болса, ені – 7 метр.
«Сарыарқа» – «Pro Team Astana» велокомандасы мен «Астана» бас­кетбол клубының негізгі алаңдары.

Астанадағы айшықты ғимараттардың қатарын арттырған «Барыс Арена» мұз сарайы 2015 жылдың 8 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.
Бұл кешен – Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жүрген жергілікті «Барыс» командасының негізгі аренасы. 2011 жылы ҚХЛ комиссиясы «Барыстың» бұрынғы айдыны «Қазақстан» спорт сарайында матч өткізу лиганың жаңа техникалық регламентіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Содан бастап жаңа арена тұрғызу туралы шешім қабылданып, 2012 жылы құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Жобаның архитекторы – «IT Engineering S.A.» жобалау компаниясы. Арена бір сәтте 12000-ға дейін көрермен сыйдыра алады. Жалпы аумағы 86 мың шаршы метрді алып жатыр. Көп функциялы кешенде 2 мұз айдынына қоса, 50 метрлік олимпиадалық бассейні мен көркем жүзуге арналған бассейні бар. Сонымен қатар, спорт сарайында басқа да мерекелік мәдени іс-шараларды өткізуге болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button