SportБасты ақпарат

Спорт саласын саралады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың спорт саласы өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.

Елорда басшысы кездесуге қаладағы балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектептерінің, федерациялардың, спорт кешендері мен мекемелердің жетекшілеріне, жаттықтырушылар мен спортшыларға арнайы шақырылғанын, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға, саралау­ға келгенін атап айтты. Өз кезегінде қатысушылар шешімін күткен проблемаларды ортаға салып, әкімге өз ұсыныстары мен өтініштерін білдірді.
Ашық әңгіме барысында бүгінде қаладағы көптеген спорт мекемелері жаттығулар мен жарыстарды өткізу үшін залдар мен спорт кешендерін жалға алатыны айтылды. Мәселен, «Алатау» спорт сарайына жүзуге баратын спортшылардың айтуынша, бұл кешенде душтың жұмыс істемейтіні, бассейннің жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. Мұнда мүгедек спортшылар үшін жағдай жасалмаған, лифт істемейді. Ал «Барыс Аренадағы» жүзу бассейнінің бағасы өте қымбат дейді осы саланың мамандары.
«Қаланың халқы миллионнан асып кетті, бірақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері сол қалпында, тіптен қысқарды деп те айтуға болады. Ал спорт кешендерін жалға алу үшін үлкен қаражат керек. Қалада садақ ату спортының базасы жоқ. Өте ыңғайсыз, аумағы келмейтін залда жаттығуға мәжбүр. Негізі­нен, жалға алып жаттығады. Солай болғанымен, қала атынан жарысқа қатысу­шылар Қазақстанның, Азияның чемпион­дары болған» деді Нұр-Сұлтан қаласы триатлон федерациясының бас хатшысы Саят Батпенов.
Осы мәселеге орай әкім параметрі келетін спорт кешенін іздестіруді тапсырды. Бірқатар федерациялардың жетекшілері егер жер мәселесі шешілсе, өздері спорт кешенін салып алуға мүмкіндіктері бар екенін айтты. Қала басшысы осы ретте федерациялардың өздерін белсенді болуға шақырып, құрылыс жүргізуге қолдау білдіретінін жеткізді.
– Нұр-Сұлтан еліміздің бас қаласы болғандықтан, қай салада болмасын алдыңғы қатардан көрінуі тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте спорт саласының алар орны айрықша екені сөзсіз. Біз әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау білдіруге дайынбыз. Бүгін сіздерден 16 ұсыныс-өтінішті естідім. Барлық жағдайды жан-жақты қарайтын боламыз, – деді А.Көлгінов.
Жиын барысында Олимпиада ойындарының жүлдегері, боксшы Марина Вольнова қала басшысына спортшыларға қолдау білдіргені үшін былғары қолғап сыйлады.
«Нұр-Сұлтан қаласына жақын арада Надаль мен Джоковичтің келетіні, күрестен әлем чемпионатының өтуі қала тұрғындары, әсіресе, жастар мен балалар үшін үлкен оқиға болмақ. Бұл шаралар көптеген адамдардың спортқа деген ықыласын арттырады деп ойлаймын. Өз спортшыларымыз­ға қолдау білдірейік. Ал бүгін көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, шешімдер қабылданатын болады» деп түйіндеді спорт өкілдерімен өткен кездесуді қала басшысы.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button