Шаһар шаруашылығы

Спорт – сенімді серігіміз

Қазіргі таңда спорттың алуан түрі бұқараға мәлім. Ережелері әртүрлі болғанымен мақсаты жеңіс болатын әр спорттың өзінің жанкүйерлері бар. Құқық қорғау органдары мен әскерилерге, құтқарушыларға арналған спорт бар. Бүгін біз тілсіз жауды тізгіндеп, ұтқыр қимыл арқылы құтқаруға бағытталған өрт сөндіру-құтқару спорты туралы айтпақпыз.

[smartslider3 slider=2243]

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты аумақтық департаментте аталмыш спорт бойынша арнайы жасақ бар. Олар өз елімізде және шетелдерде намысты қорғап, нағыз құтқарушы деген атқа лайықты болу жолында атой салып жүр. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты спорт жасағы.

Олар бас қаладағы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құтқарушы» спорт кешенінде бекітілген кестеге сәйкес дайындықтан өтіп тұрады. Тынымсыз еңбек пен тыңғылықты жаттығу өз нәтижесін береді. Өткен жылдың ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында ерлер арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының XXIX қысқы чемпионаты, VII қысқы әйелдер мен VI қысқы жасөспірімдер арасында чемпионат өткізілген.
Чемпионатта барлығы 18 команда (облыстар мен қалалардың 17 командасы, сондай-ақ Көкшетау техникалық институты) келді, оған 18 ерлер, 8 әйелдер және 11 жасөспірімдер командасы қатысқан.

Жарыс өрт-құтқару спортының екі бағыты бойынша өтті: Оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу және 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту. Жалпыкомандалық қорытынды есепте бас қаланың әйелдер құрама командасы Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Мұндай жеңіс жолы жыл бойы жалғасқан.

Ал 2021 жылдың 2-4 желтоқсанында елордалық ТЖД Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай солтүстік өңірлердегі департаменттер арасында «Солтүстік кубогын» өткізген. Жарыс қорытындысы бойынша алаң иелері командалық есепте бірінші орын алған. Ақмолалық және қарағандылық команда екінші, үшінші орынды еншілеген.

Биылғы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша қысқы чемпионат Шығыс Қазақстан облысында өткен болатын. Оған облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және елордадан 400-ден астам спортшы жүзден жүйрік атану үшін бағын сынаған. Чемпионаттың бірінші күні қатысушылар оқу мұнарасының тік қабырғасына шабуыл жасады. Онда жас ерекшеліктері бойынша екінші, үшінші және төртінші қабаттың терезесіне шабуыл сатымен көтерілді. Алғашқы минуттардан бастап-ақ елордалық команда жарыста белсенділік танытқан.

Аталған дода ақпан айының 23 күні басталып 3 күнге созыл­ған. Алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД спортшылары командалық есепте 3-орын иеленген. Ал елордалық нәзік жандылар командасы бірінші орынға ие болды. Жекелей жарыста ерлерден Дмитрий Снегирев, әйелдер арасында Кристина Булыкина сынды астаналық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Өрт сөндіру-құтқару спорты – өрт сөндірушілердің жауынгерлік әзірлігін арттыратын және өрт сөндіру тәжірибесінде қолданылатын қолданбалы спорт түрі. Ұзындығы – 4 метр, салмағы 8,5 келі болатын сатымен бірнеше секунд ішінде оқу мұнарасының төртінші қабатында көтерілу үшін көз ілеспес жылдамдық, шымырлық һәм ширақтық керек.
Өзіндік ерекшелігі бар өрт-сөндіру құтқару спорты осындай.

Әсия НҰРБЕКҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button