SportБасты ақпарат

Спорт шебері – Назарбаев

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда, халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріле түскенін аңғара аламыз. Биыл төрткүл дүние көз тіккен Лондон олимпиадасындағы (7 алтын медаль!) жарқын жеңістеріміз, Азиада ойындарын өткізгеніміз, бұл байрақты жарыста да құрлықтың алды болғанымыз (32 алтын медаль!) елімізде спортты дамытуға айрықша маңыз беріліп отырғанын айғақтайды. Соңғы жылдары бой көтерген зәулім спорт ғимараттары, елімізде ірі халықаралық жарыстарды өткізе бастағанымыз әлемдік спортқа бәсекелі бола бастағанымызды да аңғартады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел спортына ерекше ықыласпен қарайтынын айтпасқа болмайды.

 

Шындығында, Елбасымызды нағыз спорт­­­шы пре­зидент десек, артық айтқаны­мыз болмас. Біле білсек, Назарбаев – кү­рес­­­тен спорт шебері. Осы орайда, Елбасымыздың бапкері бол­­ған, Украина және Қазақстанның ең­бек сіңірген жаттықтырушысы Лев Ежев­скийдің естелігіне назар аударып көрелік. «1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласына Қазақстаннан бір топ жас жігіт­тер оқуға келген. Олар №8 техучилищеде оқыды. Бірде мен жаттығу өткізетін залға шымыр денелі, тығыршықтай жас жігіт келіп, «Мені жаттығуға аласыз ба?» деп сұранды. «Аты-жөнің кім, бұрын күреспен айналыстың ба?» деп, өзіне сұрақ қойдым. «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, күреске әкемнің үйреткені бар…» деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік» деп, залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып, «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші» деп күрестіріп жібердім. Сол-ақ екен, өзім үлкен үміт артып жүрген Ли­тош­комды Нұрсұлтан шалт қимылымен шалып түсірді. Бәріміз үн-түнсіз қалдық. Содан бері Назарбаев нағыз балуандықты меңгере бастады. Коля екеуі дос болып та кетті. Жаттығуларда ерінбейтін, жеңіске деген жігері көрініп тұратын.

Нұрсұлтан Назарбаев Днепро­дзер­жинск­ қаласында өткізген екі жылында нағыз бал­уан болып қалыптасты. Клас­сикалық жә­не еркін күреспен қатар айна­лыс­ты. Әттең, күрестің соңына түбегейлі түс­кен­де үлкен жетістіктерге жететін қа­­бі­­ле­­ті бар еді. Біраз жарыстарда ысылды. Ал­, 1959 жылы ол ВЦСПС, яғни, Бүкіл­­о­дақ­­­тық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы болды. Ол кезде мұндай жарыстың жеңімпаздарына спорт шебері атағы берілетін. Осылайша, Назарбаев спорт шебері нормативін орындаған болатын. Ал мен үшін тағы бір ерекше қуаныш, сол кездердегі шәкіртімнің бірі мемлекет басшысы, яғни президент болғаны».

Міне, бапкерлік өмірінде 25 спорт шеберін даярлаған Лев Ежевский өзінің қол астында жаттыққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы осылайша әңгімелейді.

Елбасы – спорт саласын дамытуға байланысты тек мемлекеттік маңызды іс-шараларды жүзеге асырып қоймай, жеке басының салауаттылығын, яғни, спортпен шұғылданатынын да өнеге етіп көрсете алатын тұлға. Бұл орайда біз Президенттің суда жақсы жүзетінін, атқа жақсы мінетінін, теннис пен гольфті жақсы ойнайтынын, шаңғымен жақсы сырғанай білетінін білеміз. Түптеп айтқанда, Елбасымыз

Нұрсұлтан Назарбаев «нағыз спортшы президент» деп атауға тұратын тұлға деп айта аламыз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button