Жаңалықтар

СПОРТШЫ ҚАЛАНЫҢ САЙЫСТАРЫ

Елорда төрінде Спорт күні ерекше көңіл-күйде аталып өтілді. Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы арнайы  бағдарлама дайындап,  спортшылардың кәсіби мерекесі бір апта бойына жалғасты.

Өткен аптаның басынан бері қаланың спорт ғимараттары мен спорт мектептерінде ашық есік күндері, жас спортшылардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, аудан аулаларында еңбек ұжымдары, балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі спорт жарыстары өткізілді. Шағын футболдан, баскетболдан, теннистен жеңімпаздар анықталды, Есу каналында академиялық, сондай-ақ, байдарка мен каноэмен есушілер өз өнерін көрсетті.
Негізгі спорттық іс-шаралар 17 тамыз күні «Бәйтерек» монументінің алаңында өтті. Алдымен «Астана EXPO-2017» көрмесіне орай 2013 жылғы 15 маусымда Франция елінің Савоя қаласында «The Sun Trip» веложүгірісіне қатысқан спортшыларды атап өту рәсімі өткізілді. Франциядан Қазақстанға дейін созылған 7000 шақырымнан астам жолды өткен спортшылар EXPO-2017 көрмесі өтетін Астанада бас қосып, өздерінің күн көзінен қуат алатын электронды моторлы велосипедтерімен спортшылар мерекесіне арналған веложүгіріске де қатысты. Астана мәртебесін көтеріп келгендер арасында Франция өкілдері Анжелик Дантони, Гийом Деве, Марк Шаруан, Стефан Бертран, бельгиялық Дирк Хойге және Грегори Левиль, сонымен қатар қазақстандық Асқар Сызбаев болды.
Спорт мерекесінің ресми ашылуынан кейін елорданың апта сайын өтіп тұратын «Өмір нәрінен ләззат ал!» акциясы аясында фунционалдық жаттығулар өтті. Қаланың игі дәстүріне айналған осы шараға қатысушылар да шат-шадыман көңілмен жаттығулар жасап, мерекенің көрігін қыздыра түсті.
«Бәйтерек» айналасында ұйымдастырылған «Президенттік миль» аясындағы бұқаралық жүгіріске қызығушылық танытқандар да көп болды. Жүгіріс екі топ бойынша өтті. Атап айтқанда, 14-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер 800 метрге, жастар, орта жастағы тұрғындар мен зейнеткерлер 2400 метрге жүгірді.
Балалар арасында Темірлан Наурызбай және Индира Сарыбаева, жасөспірімдер жарысында Темірхан Жамантаев пен Ажар Қырынбай жеңімпаз атанды. 2400 метрге жүгіруде жастар арасында Бибол Серіков пен Нұргүл Сүлейменова топ жарды. Әйелдер арасында мәре сызығын бірінші болып Мархангүл Парынджи бірінші болып кессе, ерлер бәсекесінде Жасұлан Еламанов алдына жан салмады. Қаладағы барлық спорттық іс-шараларға белсенді қатысатын ҚР Ұлттық Гвардиясы жауынгерлері мен офицерлері де жарыс жолына шықты. Әскерилер арасындағы бәсекеде Айымбек Михин жеңімпаз болып танылды. Спорт мерекесіне астаналық ардагерлер де зор ықыласпен қатысты. Жас ұрпаққа өнеге көрсете білген ардагерлер арасынан Сауле Қазыханова мен А.Қабдолла мерекелік жарыстың үздіктері атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәрі Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы атынан диплом, кубок және сыйлықтармен марапатталды.
Спорт мерекесіне орай «Алау» мұзайдыны сарайында өткен жағажай волейболы және үстел теннисі, бокстан жасөспірімдер арасындағы Астана және Новосибирск қалалары командаларының матчтық кездесуі, теннистен өткен «Қызғылт сары доп» турнирі, ата-аналар арасындағы «Көңілді старттар» сайысы, шахматтан және тоғызқұмалақтан өткен жарыстар қатысушылар мен жанкүйерлерді де бір сергітіп, бір серпілткені сөзсіз.
Есіл ауданының еңбек ұжымдары арасындағы шағын футболдан өткен жарыста «Нұр Отан» ХДП командасы жеңіске жетсе, дәл осы спорт түрінен Алматы әкімінің Кубогы үшін аула командалары арасында өткен жарыста №5 орта мектеп командасы жеңімпаз атанды.
Сарыарқа ауданында шағын футболдан өткен аулалар спартакиадасына 14 команда қатысты. Екі жас мөлшері бойынша өткен жарыс қорытындысында «Астана-1» және «Көктем» командалары жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі сыйлықтармен марапаттады.
Түптеп айтқанда, елордамызда аталып өтілген Спорт күні нағыз бұқаралық мерекеге айналды. Астанада салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың көбейіп келе жатқаны байқалды. Спорт мерекесіне қатысқан көпшіліктің көтеріңкі көңіл-күйінен елордамыздың шын мәнінде спорт қаласына айнала түскенін аңғардық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button