Елорда тынысы

Спортшыларымызға сәттілік тілейік!

Төрт жылдықтың тартысты додасына санаулы күндер қалды. Еліміздің 32 атлеті спорттың 8 түрінен 82 жолдама жеңіп алды. Оның үшеуі елордалық спортшыларға тиесілі. Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев, Яна Хан, ал конькимен жүгіруден Дмитрий Морозов лицензия иегері болды. Бапкердің мәлімдеуінше, жолдама иегерлері қатаң сақтық шарасымен жаттығуын жалғастыруда.

[smartslider3 slider=1938]

Шорт-тректен Қазақстан рекордын жаңартқан Яна Ханға да артылар сенім мол. Жас спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасы қарсаңындағы ерекше сезімдерімен бөлісті.

«Олимпиадаға баратын бес спортшының қатарына енгеніме әлі күнге дейін сене алмай отырмын. Ең соңына дейін аралас эстафета бойынша Бейжің­де ел намысын қорғайтынымды білмедім. Жекелей сында жолдама алу үшін маған екі саты жетпей тұр еді. Оның үстіне бұл менің ересектер арасындағы алғашқы әлем кубогым болатын. Сондықтан қатты қобалжыдым. Шынымды айтсам, Олимпиадаға қатысатыныма әлі сенбей тұрмын. Маған бұл қол жетпес арман еді. Сол арманымның орындалғанына қуаныштымын. Дайындық жақсы өтуде. Негізінен, жылдамдыққа жұмыс істеп жатырмыз. Біз эстафетаға, жігіттер жағы жекелей сынға жаттығуда» деді Яна.

4-20 ақпан аралығында Қытай астанасында өтетін ақ Олимпиадаға 95 елден 4000-ға жуық спортшы қатысады.

«Біз үлкен жұмыс атқардық. Жоспар бойынша 10 лицензия алуды көздегенбіз. Бірақ бір жолдама кем түсті. Екі лицензияны Ольга Тихонова жеңіп алды. Одан бөлек, екі ер адам, екі әйел адам сынға түсетін қосымша эстафета бар. Аталған эстафетада біздің команда 12-орын иеленді, сол себепті біздің қыздар командасына тағы бір жолдама берілді. Бұл бәсекеге Яна Хан дайындалуда. Соңғы әлем кубогында ол 500 метрге жүгіруден өте жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартқанын ұмытпау керек» деді команданың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Азия мен әлем чемпионатының жеңімпазы Дмитрий Морозов XXIV қысқы Олимпадада 1500 м қашықтықта шеберлігін сынға салады. Бұл қашықтықта Дмитрий сәтті өнер көрсетіп жүр.

«Ерлер арасындағы бәсекеде Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов пен ­Денис Никиша бақ сынайды. 500 ­метрге жарысудан үшеуі де сынға түседі. Абзал – команданың көшбасшысы. Біз дайындықты тоқтатқан емеспіз. Бәрі де карантин шараларын сақтауда. Біздің мақсатымыз – ойынға 100 пайыз індеттен сау спортшыларды апару» деді команданың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілу әрбір спортшының басты арманы екені сөзсіз. Ендеше спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button