Білім

Стивен Хокинг туралы сөз

Стивен Хокинг – адамзат баласының бiз өмiр кешiп жатқан дәуiрiндегi ұлы перзенттерiнiң бiрi. Оның тiршiлiкке деген құштарлығы ерiксiз таң қалдырады және жаныңа жiгер бередi. Денесiнiң жартысынан көбiн қозғалта алмайтын Стивен дауыстап сөйлей де алмайды. Ғұмырының үлкен бөлiгiн орындыққа таңылумен өткерiп келе жатқан данышпан физик «Менiң қысқа тарихым», «Уақыттың қысқаша тарихы» атты кiтаптарын семiп қалған саусақтарына қарындаш қыстырып, жазып шыққан. Ол бұл кiтаптарында ғаламшар ғұламаларын ғасырлар бойына толғантып келе жатқан және адамның ақылы жете бермейтiн астрофизика тылсымдары жайында бұрын-соңды еш пенде айтпаған, бiрде бiр ғалым ашпаған жаңалықтар берген.
Адамзат баласының болашағын орындыққа таңылып отырып, дауыстап сөйлей де алмай ғұмыр кешiп, ойлап келе жатқан ғалым астрофизикамен, ядролық физика iлiмдерiмен, бұларға қоса фило-софиямен өз бетiнше оқудың күшiмен терең танысып, кереметтей игерген. Стивен аз ғана жылдың мөлшерiнде әлемнiң iрi университеттерiнiң оқу бағдарламаларын үйiнде отырып-ақ зердесiне сiңiре бiлген. Биыл жетпiс жасқа келген Стивен Хокинг ғарыш ғаламына үйiнде отырып шолу жасайды. Өз бөлмесiне орнатылған аспан әлемiн зерттеу құралдары арқылы алыс ғарыштарға көз салып, дауыс синтезаторларының жәрдемiмен сөздерiн таспаларға жазумен айналысады. Данышпан физиктiң ең басты зерттеу нысаны – адамзат баласы үшiн жұмбақ күйiнде қалып келе жатқан бiздiң Күн жүйесiнен және жақын галактикалардан да тыс жатқан қара тереңдер (черная дыра) және адамзаттың өзге ғаламшарларға болашақта қоныс аудару мүмкiндiктерi.
Жер бетiне сыймай, өзара қырқысулардан көз ашпай, тiршiлiктегi аз ғана өлшеулi ғұмырларын айтыс, тартыстармен өткiзiп жүрген адамдарға ұлы данышпан физиктiң таң қалатын жөнi бар.
– Адамзаттың Жаратушы сый еткен ғаламшары – жер бетiндегi ғұмыр сүруiнiң қалпына қарап қарыным ашады. Олар жеранасын сыйламайды. Түтiнге ыстап, қоқысқа тұншықтырып, қоршаған ортасын ластап, қойынын кеулей тесiп, қазынасын тауысып, аспанының азон қабаттарын жыртып болды. Адамның ашкөздiгi мен дүниеқоңыздығы жердiң жан иелерiне берерiн түгесе бастады. Адам тойымсыз пиғылдан туған әрекеттерiмен ендi өзiнiң ғана емес, планетадағы тiршiлiк түрлерiне, жан иелерiне де қатер төндiре бастады. Сондықтан, жасыл планетамыз ендi он ғасырдан соң ресурстарын тауысады. Содан соң, алыс болашақтағы ұрпақтарымыз басқа планеталарға қоныс аударуға мәжбүр болады. Адам баласы ендi ғылым мен оның жетiстiктерiн қазiрден бастап Ай секiлдi жерге жақын, әрi мұзы бар көршi ғаламшарларға көшiп барудың қамына арнауы керек. Әйтпесе, келер замандарда адам уақыт кеңiстiгiндегi ғұмыр сүруiн тоқтатады, – дейдi ғасырымыздың данышпаны.
Адамзаттың кемелiне келе бастаған өркениетi Ай секiлдi шағын плане-таны негiзiнен болашақтағы энергетика көзi ретiнде пайдалану үшiн және оны осы тұрғыдан өнеркәсiптiк бағытта игеру мақсатында бүгiннен қамдануда. Ғаламдық бұл жобаның авторлары алдымен, әрине – америка ғалымдары. Хьюстондағы ғарыш жүйесi институты Ай бетiн күн қуатын өндiретiн батареялармен торлап тастау технологияларын ойластыруда.
«Бiр жылдарда Ай жер бетi тұрғындарын энергия қуатымен үздiксiз қамтамасыз ететiн таусылмас әлеует қайнарына айналады», – дейдi Стивен өз кiтабында. Айдан электр қуаты жерге ерекше ғарыштық радардың күшiмен ұзын толқынды электромагниттi сәулелер түрiнде жеткiзiлiп тұрмақшы. Стивеннiң айтуынша, Ай экваторы бойында мұндай қондырғының бесеуiн орнатуға болады. Олардың кем дегенде екеуi бiздiң аталған жерсерiгiмiздiң күнгей жағында үнемi бола алады. Жақын жүз жыл бойына жер тұрғындарын осылайша электр қуатымен жабдықтап тұрар бұндай қондырғының құны алпыс миллиард американ долларын құрамақшы. Адамзат баласының жер асты қазыналары – мұнай, көмiр, газ секiлдi қуат көздерiн кеулей қазып, та-биғатты бүлдiрiп, аспанның азон қабатын тесiп, экологиялық дағдарыстарға қарай беттеп бара жатқан мына заманда Стивеннiң пiкiрлерi орынды. Қуат көзi ретiнде жер бетiнде атом энергиясын пай-даланудың да қауiпсiз еместiгiн Фукусима көрсеттi. Оның үстiне Айда гелий-3 изотопының мол екенi мәлiм. Бұл отын қазiргi термоядролық реакторларға аса қажет. Жер қойнауында гелий-3 изотопы түгесiлудiң алдында тұр. Стивеннiң болжамынша америкалық ғалымдар Ай бетiн игерудiң сынақ реакторын жасауды Висконсин университетiнiң базасында 2023 жылға дейiн аяқтамақшы.
«Алдымен, Ай бетiнiң құрылыс алаңына лайықты жерлерiн табу үшiн оған бiрнеше лунаходттар жiберу керек. Олардың соңынан роботтар басқаратын зертханалар қондырылуы қажет», – дейдi ғұлама. Ай бетiнiң шұғыл ауысып тұратын аса жоғары ыстық және суықтық температурасы тек роботтардың ғана үздiксiз жұмыс iстеуiне қолайлы. Бұл, әрине, Ай бетiне адамның өмiр сүруiне қолайлы тиiстi станциялар орнатылғанша ғана атқарылар шаралар.
Сөз жоқ, Айға ұшудың негiзгi таған технологиялары баяғыда жасалды. Кеңестiң ғарыш мамандары да, Америка ғалымдары да Айға жер серiктерi мен астронавтарын қондырған. Стивеннiң пайымынша, аме-риканың «НАСА» ұжымы «Апполон» секiлдi бағдарламасындағы жұмыстарын ендi Ай бетiне өз базаларын орнатудан бастауы керек. Олары Ай бетiнiң үнемi жарық болып тұратын жағына және шамалы болса да су қоры бар полюстерiне салынуы тиiс. Ұлы физиктiң пiкiрiнше судан ауа және зымырандар отыны мен гелий алуға керектi қышқылдатқышты өндiруге болады. Ай бетiне орнатылатын арнайы зертханаларда мұзды радиациясынан арылтып, тұщы суға айналдыруды iске асыру қажет.
– Егер, бiздер ғаламдар галактикасында адамзат ретiнде тiршiлiк ете берудi жалғастырып, ұрпақтар өсiрiп, одан арғы ғасырларда да дами түскiмiз келсе, болашақта жерден тысқары планеталарға қоныс аудару мүмкiндiктерiн ойластыруымыз қажет. Бұған ГЛОНАСС үлгiсiндегi технологияларды қолдану жеткiлiксiз. Жердiң алдағы ғасырларда Нибиру секiлдi әзiрге жұмбақ ғаламшармен соқтығысуы, оның аяғы ғаламшарымызды аса қуатты гравитациялық соққыға душар етуi мүмкiн. Бұның соңы ядролық қысқа әкелуi, тiршiлiк атаулының жойы-луына себеп болуы талассыз, – дейдi Стивен. Осы ойларына қоса, ғалым адамзаттың «Үлкен ғарышқа» шығатын уақыты болды деп есептейдi. Ол үшiн қазiргi жер тұрғындарының арасындағы келiспеушiлiктерге, соғыстар мен түрлi қақтығыстарға жұмсалып жатқан триллиондаған евро мен долларларды космосты зерттеуге, өзге ғаламшарларда адамзатты қабылдай алардай, өмiр сүруiне қолайлы жасанды орта жасардай технологиялар ойлап табуға жұмсауды ұсынады Стивен Хокинг.
– Адамның ғұмыры тым қысқа. Оны өзара қырқысқа қор еткенше, болашақ адамзат ұрпағының қамы үшiн жасампаздыққа арнайық, – дейдi ұлы физик. Бүгiнде жасы жетпiске келген данышпан орындыққа таңылып, айналысына тiл қату мүмкiндiгiнен айырылса да, тағдыр сыйлаған ұлы қабiлеттерiн баршамыздың, тiптi адамзаттың болашақтағы ұрпақта-рының қамына арнауда.
Стивен Хокинг – әлемнiң Иоффе, Резерфорд, Курчатов, Ландау, Ирен және Фредерик Кюри, Нильс Бор, Гейзенберг, Петр Капица, Эйнштейн, Томсон, Марғұлан, Сатпаев және тағы да басқа данышпандары секiлдi адамзаттың ұлы перзенттерiнiң бiрi.
Бұл ғажайып жанның керемет қабiлеттерiне, тағдыры басына салған ауыртпашылықтарына өзi қарсы қоя бiлген қайыспас, мұқалмас алмастай күрескерлiк қайратына кiтаптарын оқи отырып, сан мәрте басымды июден жалығар емеспiн…
Жасай бер, Стивен Хокинг!

Смағұл Рахымбек,
жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button