Денсаулық

Стоматологияға МӘМС аясында 34 млрд теңге жұмсалады

Қазақстан азаматтарының жекелеген санаттары үшін шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті қаржыландыру 6%-ға артты, яғни қаржы көлемі 2023 жылғы 32,1 млрд-тан 2024 жылы 34 млрд-қа көбейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.  

 МӘМС қаражаты есебінен стоматологиялық көмек жоспарлы түрде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл тәртіпте азаматтардың жекелеген санаттарына, атап айтқанда: ҰОС ардагерлеріне; 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарға; атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

Жоспарлы стоматологиялық көмек – ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің саулығын сақтау үшін операциялық емдеу. Атап айтсақ: тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, тісжегіні емдеу, тіс өңезін және тіс тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.

Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Бұған күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің ауыр түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу, абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті (жергілікті тітіркендіргіш факторлардың әсерінен пайда болатын ісік тәрізді өсінді) алып тастау. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деген объективті шешім қабылдаса, ол науқасқа  бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы. Жедел госпитализация көрсеткіштері – созылмалы одонтогенді және одонтогенді емес қабыну ауруларының жедел немесе асқынуы, жақ-бет аймағының жарақаты, қан кету және шұғыл емдеуді қажет ететін шұғыл жағдайлар.

1 ақпандағы жағдай бойынша МӘМС аясында стоматологиялық көмек көрсететін 838 медициналық ұйыммен шарт жасалды. Оның ішінде 519-ы – жекеменшік, 319-ы – мемлекеттік меншік нысаны, яғни емханалар мен ауруханалар.

Егер рентгенография өту қажет болса, тістерді емдеуден бұрын дәрілік аллергияны немесе анестезияны болдырмау үшін аллергиялық сынама жасау керек болса, ол медициналық көрсеткіш болса ол үшін МӘМС-тен төленеді.

Тісжегінің көптеген асқынулары бар 4 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің функционалды және органикалық зақымданулары, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (белгіленген мүгедектік) және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы, асқынулар мен ауырсыну қаупі бар медициналық көрсеткіштер бойынша санация жалпы ауырсынуды басу және седациямен «анестезиология және реаниматология» кіші түрі бойынша медициналық қызметке лицензияға қосымшасы және реанимациялық іс-шараларға арналған жағдайлар қарастырылған стоматологиялық ұйымдарда жасалатынын білу маңызды.

фото: Ашық дереккөзден

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button