Қоғам

«Стоп, ночь» киномюзиклінің премьерасы өтті

Астанада «Стоп, ночь» толықметражды киномюзиклінің көрсетілімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, режиссер Фархат Шәріпов, продюсер Байғали Серкебаев, фильм актерлері, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Сюжет желісі арманы асқақ жас музыкант Бейбіттің айналасында өрбиді. Бейбіт өз мұраты мен әкесінің алдындағы жауапкершіліктің ортасында тепе-теңдік табуға тырысады. Бірақ өзіне ессіз ғашық биші қыз Джулияны кездестіргеннен кейін барлығы өзгереді. Оқиға махаббат, достық, шығармашылықты баяндайды, арман қала – Алматы да фильмнің мәнін аша түседі.

Кинокартинада «A’Studio» тобының 17 әні шырқалады. Мюзиклде тыңдармандардың сүйікті хитіне айналған «Стоп, ночь!», «Солдат любви», «Тик-так» сияқты басқа да әндер орындалады. Көрерменге тосын сый ретінде топтың алғашқы альбомындағы «Алмата» әні қазақша шырқалады. Фильмдегі әндерді «A’Studio» тобының негізін қалаушы, продюсер Байғали Серкебаев өңдеген.

«Алғашқы мюзикл – режиссер Шәкен Аймановтың 1958 жылы жарық көрген «Біздің сүйікті дәрігер» картинасы. Онда басты рөлді әкем Ермек Серкебаев сомдаған. Мюзиклдің композиторы – әйгілі Александр Зацепин. Екеуінің орындауындағы, «Надо мной небо синее» әні мега-хитқа айналып, миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған. Жарты ғасыр өткен соң, 2024 жылдың 5 қыркүйегінде «Стоп, ночь» фильмінің премьерасы болады. Мен осы картина Қазақстандағы киномюзиклдер эстафетасын жалғастырады деп сенемін», – деді Байғали Серкебаев.

Фильмнің режиссері «Қызғылт қоян туралы ертегі», «Тұлғалық өсу тренингі», «18 килогерц» және т.б. сияқты жұмыстарымен танымал Фархат Шарипов болды. Музыкалық сахналарды қоюға қазақстандық хореограф Арсен Именов пен Ұлыбританиядан шақырылған Сапла Наманың жетекшілігімен 500-ден аса биші  қатысқан.

Фильмді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Medeor» ЖШС түсірді. Фильм 5 қыркүйектен бастап көрермен назарына ұсынылады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button