Басты ақпарат

Стратегиялық серіктес­тіктің жарқын үлгісі

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастардың перспективаларын және аймақтық деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей көшбасшысына ризашылығын білдірді.

[smartslider3 slider=2095]

– Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Шын мәнінде, бұл – Жаңа жылдан ке­йінгі, өкінішке қарай, елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі Ресейге жасаған алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыс­тарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты өзінің пікірін білдірді.

– Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды десек, артық айтқандық емес. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда, – деді Ресей Президенті.

Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас­тарды тереңдетуге екі тараптың да мүдделі екенін айтты.

– Алдағы келіссөз барысында ­Қазақстанның және екі елдің де стратегиялық мүдделерін қамтитын бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасуды жоспарлап отырмыз. Маңызды келісімге қол қойылды. Жалпы, саяси ерік-жігер бар, өзара стратегиялық, одақтастық қарым-қатынастар бойынша нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұдан бұрын да Қазақстан мен Ресейдің Құдай қосқан көрші екенін айтқанбыз. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара да бізге тиесілі. Елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа қарым-қатынас болуы мүмкін емес, – деді Қазақстан Президенті.

Ресей басшысы екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

– Ресей Қазақстанның ірі сауда-­экономикалық серіктесі екеніне қуаныш­тымын. Халықаралық алаңдарда да тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз, бұрынғы кеңестік кеңістіктен тыс ірі халықаралық ұйымдарда да ықпалдас­тығымыз бар. Биыл – дипломатиялық қатынастарды орнатқанымызға 30 жыл. Бірқатар көлемді іс-шара өткізу көзделіп отыр. Олар біздің іскерлік, гуманитарлық байланыстарымызға пайдалы болатынына сенімдімін. Ғарыш, энергетика, машина жасау салаларындағы ірі жобалар бойынша бірлесіп атқаратын жұмыс көп, – деді Владимир Путин.

Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуі барысында білім беру саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Инженерлік-техникалық саладағы жоғары білікті мамандардың тапшылығына байланысты ­Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде мамандар әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.

Бірлескен брифингте не айтылды?

Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Келіссөз өте мазмұнды және тиімді болды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінгі келіссөзге көңілім толатынын айтқым келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін атаулы жыл болмақ. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынас­тардың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде достыққа, ортақ тарихқа және халықтарымыздың ментальдық тұрғыдан жақындығына сүйене отырып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастырдық. Тиімді саяси диалогтың арқасында барлық бағыт бойынша зор жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің құрлықтағы шекарамыз – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл бүкіл халықаралық қоғамдастыққа нағыз тату көршіліктің, сенімді одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді. Екі ел басшылары қазіргі қазақ-орыс мәселелерін ашық әрі өзара сенім негізінде талқылады.

– Елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстардың жоғары деңгейдегі табысты дамуына көңіліміз толатынын атап өттік. Өзара тиімді ынтымақтас­тықтың зор әлеуетін ескере отырып, саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге ниетті екенімізді нақтыладық. Біз өзара сауда-саттықтың оң қарқынын сақтауға уағдаластық. Пандемия шараларына қарамастан, жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Былтыр тауар айналымы 21 миллиард доллардан асты, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді және олардың салған қаржыларының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асады. Елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвестициялық портфелі барлық саланы қамтыды.

– Біз өндіріс кооперациясын кеңейтудің перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны іске асырды. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзірленуде. Келіссөз кезінде құрметті Владимир Владимировичке бұл жобалардың бәрі менің жеке бақылауымда екенін айттым. Олардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, елдеріміздің өнеркәсіп және технология­лық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Өңіраралық ынтымақтастықтың да пайдасы зор. Екі ел арасындағы сауда айналымының шамамен 70 пайызын өңірлеріміз арасындағы өзара тиімді сауда-саттықтың үлесі құрайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы табысты серіктестіктің жаңа инновациялық өсім нүктелері есебінен кеңейіп отырғанын атап өтті. Бүгін цифрландыру, ғарышты игеру сияқты өзекті мәселелер мен атом энергетикасы саласында мамандар даярлау бойынша елдеріміздің ілгерілеуіне мүмкіндік беретін бірқатар құжатқа қол қойылды.

– Қазақстанда инженерлік-техникалық сала бойынша жоғары білікті мамандардың қажеттігін ескере отырып, білім беру саласындағы ынтымақтас­тыққа ерекше мән берілді. Келіссөз барысында Владимир Владимировичке Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға келіскені үшін ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам еліміздің білім беру саласын дамытуға сүбелі үлес қосады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі тараптың да халықаралық бастамаларды ілгерілетуге өзара қолдау көрсететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халықаралық ЭКСПО көрмесін 2030 жылы Мәскеуде өткізу бастамасын қолдайды.

Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі рөлін жоғары бағалады. ­Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздіктің тұтастығына қатысты Ресейдің ұстанымын қолдады. Аталған құжат 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумында қол қойылған декларацияда бекітілгенін еске салды.

– Қазіргі әлемде басқа мемлекеттердің қауіпсіздігіне залал келтіре отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес және тиімсіз екенімен келісеміз. Сондықтан халықаралық ауқымдағы қауіпсіздікке қатысты Ресей Федерациясының ұсыныстары табыс­ты дипломатиялық келіссөз өткізуге жақсы негіз болады. Келіссөздердің тек сөз үшін емес, нәтижеге қол жеткізу үшін жүргізілгенін қалаймыз. Түптеп келгенде, «жақсы жанжалдан, жаман болса да бітім артық» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген келіссөзге көңілі толатынын атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді.

Ресей Үкіметі басшысымен кездесті

 Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

– Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен шынайы одақтастық қатынастарды ілгерілету үшін көп жұмыс істеу керек. Бар күш-жігерді күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмсау қажет. Мен жаңа ғана Владимир Владимировичпен ұзақ әрі тиімді келіссөз жүргіздім. Біз ынтымақтастығымызды нығайтуға, халықаралық және өңірлік жағдайға қатысты барлық мәселе бойынша сөйлестік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Үкіметімен жүйелі жұмыс істеудің маңызды екенін атап өтті.

– Сіздердің өкілдеріңіз бен ­Қазақстанның жаңа Үкіметі арасындағы байланыстарға тың серпін бергім келеді. Қарым-қатынастар Ресей Үкіметімен арадағы іскерлік, белсенділік және өте тығыз байланыстарды жалғастыруға бағытталуы керек, – деді Президент.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің «Камаз», «Сибур» және басқа да жетекші компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық сипаты зор маңызды бірлескен жобалары бар. Бұл жобалар өндірістік кооперацияны кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, екі елдің өнеркәсіптік және технология­лық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық одақ аясында тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті.

– Ресей Федерациясының Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеймін, – деді Михаил Мишустин.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті экономикалық кооперацияның мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мақсатына сай келетініне сенім білдірді.

Қазан Кремлін көрді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарының екінші күні Қазан қаласына барды. Татарстан астанасының халықаралық әуежайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика басшысы Рустам Минниханов қарсы алды.

Жұмыс сапары барысында ­Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанның көрікті жерлерін аралап көреді және Татарстан Президентімен кездесу өткізеді. Сонымен қатар республиканың өзге қалаларында орналасқан «Камаз» және «Танеко» сияқты ірі кәсіпорындарының жұмысымен танысады.

Мемлекет басшысының Татарстан Республикасына сапары «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-архитектуралық және көркем музей-қорығына барудан басталды. Ондағы көрікті жерлерді Қасым-Жомарт Тоқаевқа Татарстан Президенті Рустам Минниханов таныстырды.

Рустам Минниханов ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген осы бірегей тарихи кешен туралы әңгімелеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан Кремлі аумағындағы «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді. Мешітте Татарстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Камиль Самигуллин Құран оқыды. Благовещенский соборында Қазақстан Президенті Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді биыл елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.

«Құл Шариф» мешіті Қазан хандығының әйгілі ескерткіші – XVI ғасырдың екінші жартысына дейін бұзылмай тұрған көне соборлы мешітті еске алу мақсатымен 2005 жылы Татарстанның Тұңғыш Президенті Минтимер Шаймиевтің Жарлығына сәйкес салынған және оның атауы имам Құл Шарифтің құрметіне қойылған.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button