Ресмиет

СТУДЕНТТЕР ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ СЕНЕДІ

SAM_2341

Бас қаладағы Д.Қонаев атындағы университет колледжінің ұжымы ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын кеңінен талқылады.

Шараға білім ордасының ұстаздары мен студенттері қатысып, пікір білдірді. Алдымен сөз алған аталмыш оқу орнының Бас директоры Сейілхан Толқымбеков Мемлекет басшысының өзі айтқандай, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі 30 дамыған елдің қатарына ену жолдары осы құжатта қамтылып, бағыттары айқындалып отырғанын жеткізді.

«Жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдағы өзекті мәселелерге, әсіресе, білім және ғылым саласындағы жаңғыртуларға көбірек көңіл бөліп келеді. Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Дегенмен, қазіргідей нарықтық жағдайда әркім ауыз ашып, аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектенуге тиіс. Осыны, әсіресе жастар жағы дұрыс түсінулері керек» дей келе, С.Толқымбеков бұл ретте мемлекет үлкен мүмкіндіктер жасап отырғанын, тек оны тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.

Жолдауда айтылған мәселелер бойынша колледж мұғалімдері баяндама жасады. Онда Елбасы Жолдауындағы басым бағыттар, дамыған 30 елдің қатарына қосылудың жолдары, «Мәңгілік Ел» идеясы туралы баса айтылды.

Студенттер де қалыс қалмады. Мінберге шығып сөйлеген жастар ісі жөніндегі комитеттің президенті Бибінұр Камешова биылғы Жолдау біздің болашағымызға арналып отырғанын, алайда, оған бей-жай қарауға болмайтынын, болашақтың іргесі бүгіннен қаланатынын ескере отырып, бұл бағытта барлығымыз бірге, жұмыла жұмыс істеуіміз керектігін алға тартты. «Елдің болашағы жарқын болуы бізге байланысты. Біз қоғамда болып жатқан құбылыстарға немқұрайлы қарай алмаймыз. Ендеше, еліміздегі барлық жастарды белсенділік танытуға шақырамын. Өйткені, білім қай кезде де жоғары құндылықтардың бірі болып қала береді. Демек, білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады» деді ол.

Баяндамадан соң ұстаздар Жолдау­да қарастырылған басымдықтарға жеке-жеке тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Ал, студент жастар болса жаңа стратегияның жаңа бастамаларға жол бастайтынына зор сенім білдірді.

Найля ТАҚАНОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button