Қала тіршілігі

Студенттер жұмыс істеп жүр

Оқу жылы аяқталып, бой жазып, ой сергітіп, көңіл көтеретін каникул да келіп жетті. Алайда, бүгінгі жастар босқа демалып жата беруден аулақ. Керісінше, ақша тауып, еңбек етіп, өзін-өзі қамтудың қамын қылмақ. Осы орайда, біз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ала жаздай еңбек ететін студенттерін әңгімеге тартқан едік.

Мысалы, Журналистика және саясаттану факультетінің сту­денті Жұмабек Серікбек тойға шығып, асабалықпен айналысады. Каникул емес, сабақ арасында да шығып жүрген кездері болыпты.

«Тойға шығу оқуыма еш кедергі келтірмейді. Есесіне, той барын ескеріп, сабақты алдын-ала оқып қоятын жайымыз бар. Стипендия алғанымызбен, ол Астанадай қымбат қалада ай түгілі, екі аптаға да жетпейді.

Журналистика саласында оқып жатқандықтан, сөз өне­рінен алыс кетпеген Серікбекке құп делік. Ал енді, болашақ сая­­саттанушының даяшы боп жүр­геніне не дейсіз?

Жандарбек Жолдас – саясаттану мамандығының студенті. Қазір ол «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығындағы кофеханада даяшы боп жүр.

«Жұмыс істеуіме бірінші себеп, ата-анамнан қаржылық тәуелсіздікте болу. Екіншіден, өзіңмен-өзің өмір сүруді үй­реніп, өзіңді-өзің асырай білуге дағдылануың керек» дейді Жандарбек.

Өз бетінше жұмыс істеп, айына 80 мың жалақы тауып жүргенін ата-анасына әлі күнге айтпаған екен. Себебін сұрағанымызда, «оларды әуреге салып, мен үшін алаң­дағандарын қала­маймын» деп ақталды.

Болашақ журналист Мөлдір Молдағалиеваның да бала күту­шісі болып жүргеніне 2-3 ай болып қалыпты.

«Стипендиямнан бөлек, үй іші де ай сайын ақша жіберіп тұрды. Енді әке-шешеме сал­мақ салғым келмеді. Оның үстіне, бұл бос уақытты тиімді өткізудің амалы ғой» дейді Мөлдірдің өзі. Бірақ, оның «няня» болып жүргенін ата-ана­сы кейін біліпті. Сабағына кедергі етпейтіндігін естіген соң, ол кісілер де қыздарына қарсылық білдірмеген екен.

Сондай-ақ, Мөлдір айлы­ғы­ның 30 мың теңге екенін де жасырмады. Ол ақшаны қайда жарататынын сұрағанымызда, «Қыздың қырық түрлі керек-жарағы бар ғой. Жалпы, табысым өз басыма жетіп жатыр» деп ағынан жарылды.

Келесі кейіпкеріміз – Ба­қыт­жан Оразбеков физика-­-техникалық факуль­тетінде оқиды. Оның Мем­ле­кеттік санитарлық-эпиде­миоло­гия­лық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша де­пар­таментінде IT-маман болып қызмет етіп жүргеніне екі жылдай уақыт болыпты. Ай сайын шәкіртақысына қоса, 25 мың теңге тауып жүрген Бақытжанды ата-анасы қол­дайтын көрінеді.

«Жиған-тергенімнің басым бөлігін тіл курстарына жұм­саймын. Қалғанын достарыммен көңіл көтеруге жаратамын. Бұрын сүйген қызыма сыйлық әперіп, серуендеуге де біршама шығындалатынмын…» деп күледі Бақытжан. Жазғы каникулда осы жұмысымен бірге, тағы бір жерге орналаспақ ойы бар екен.
Барлығының жұмыс істеуіне ортақ бір себеп – ата-анасына ауырт­палық артпау. Демек, студенттер еңбегінің еш жамандығы жоқ. Қашан да жақсылыққа жұм­салған жігер-күштің қайыры болады ғой. Бастысы, олар сабақтарын ұмыт қалдырған емес. Барлық респонденттің оқу үлгерімдері жақсы. Қаласа, бәріне де үлгеруге болатындығын дәлелдеп жүргендей.

Әл-Фараби бабамыз: «Кез келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара!» деген екен. Біздің бүгінгі ел жастарының әлеуметтік бет-бейнесіне қарап, болашағымызды әртүрлі болжауға болады. Біреу айтар: «Жастары­мыз жалқаулықтан ада, өз кү­нін көре алады. Үйде компьютер құ­шақ­тап жатқандарынан, еңбек­тен­гендері дұрыс. Келешекте де кез келген қиындыққа төтеп бере алатын болады» деп. Ал, екінші жақтағылар: «Жастар білім емес, ақша іздеп жүр. Күнделікті күйбең тіршілікке бойұсынған олардың санасын тұрмыс билеп тұр. Бола­шағымыз бұлыңғыр» дейтін болар. Кім не десе де, ең бастысы, елі­міздің ертеңгі болашағы бүгінгі жастардың біліктілігі мен саналы әрекеттеріне байланысты. Кезінде АҚШ президенті Дж.Кеннеди «Бізге өзімізде ешқашан болмаған дүниелер жайлы армандайтын жастар керек» деген. Ал, біздің жас­тар Қазақстанның дамуы жолына өз мақсат-міндеттерін ұштастыра отырып, оған жастайынан бар қарым-қабілеттерін жұмсай­тын­дықтарына сенімдімін.

Данияр ҚАЙЫРТАЕВ,
ЕҰУ студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button