Басты ақпаратҚоғам

Студент қаржысын қалай жаратады?

Елорда тұрғындарының басым көпшілігін студент жастар құрайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатқан жастар төрт жылдай астаналық атанып, туып-өскен жеріне кетіп жатады. Олардың орны мектеп түлектерімен толығып, студенттер өмірінің қызығы бір сәтке де толастамайды. Олардың да ішкі тірлігі өз алдына. Сол себепті студент өмірінің бір қырына тоқталуды ұйғардым. Қазіргі кезде студенттердің көпшілігі күн тәртібін бұзу, дұрыс тамақтанбау, жұмысбасты болуы, қаржылық сауаттың жоғынан ысырапшылдыққа жол беру деген секілді қателіктерге жиі бой алдырып жатады. Ондай қателіктерді өзімнің де басымнан кештім.

Қаржылық сауат қандай?

Мен 2018 жылы ЕҰУ-де 1 жыл дайындық бөлімін оқыдым. Кейін көктемде ҰБТ тапсырып, ЕҰУ-дің студенті атандым. Әдетте, көп студенттің қызықты сәті бірінші жылы басталатын болса, менде дайындық бөлімін оқып жүрген кезімде басталды. Автобусқа төлейтін ақша жоқ, сағаттық жерге жаяу бару, аудитория таба алмай университеттің бұрыш-бұрышын шарлау, сабаққа бармай, ұйықтап қалу деген секілді қызықты сәттердің бәрі осы кезде болыпты. Есімнен кетпейтін ең қызық сәтім – жейтін ештеңе қалмай, жатақханада пияз қуырып жегеніміз. Қазір ойласам, сол кезде бізде ақша жоқ емес, қаржылық сауат жоқ екен. Ол кезде дайындық бөлімінің тыңдаушыларына жатақхана тегін еді. Оның үстіне, ай сайын 21000 теңге стипендия және ата-анамыз да ақша жіберіп тұратын еді. Шәкіртақымыздың жартысын азық-түлікке жұмсасақ, жүріп-тұруымызға кеңінен жетер еді. Біз 10 күндік азығымызды алған екенбіз. Қалған күні жейтін ештеңе қалмағанда, сұйық майға пияз қуырып жеуге мәжбүр болдық. Қалаға алғаш келуіміз. Ата-анамыздың жанынан шығып көрмегендігімізден болса керек, «дүние көпке тұрмайды, епке тұрады» деген сөздің мағынасын осы жерде ұққандай болдық. Адам айына миллион таба алады. Бірақ қанша көп қаражат тапсаң да, қаржылық сауатың кем болса, бәрі де бекер. Сондықтан ақшаны үнемдеп ұстауды осы кезден бастап әдет қылған дұрыс.

Қосымша жұмыс қажет пе?

Студенттерде кездесетін енді бір қателік – жұмысбасты болуы. Студенттердің жұмыс істеуінің себебі – айтпаса да белгілі жағдай. Оқудан басқа проблемасы жоқ студент төрт жыл ішінде біраз жетістікке қол жеткізеді. Жан-жақты тұлға болып қалыптаса алады. Мамандығын да жақсы игеріп шығады. Бірақ қазіргі студенттер уақытын тек даму мен білім алуға арнап жатқан жоқ. Оның бір себебі – сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуі. Жұмыс істегендіктен сабаққа көңіл бөлмей, жұмыстың әлегімен жүріп кетеді. Сабақты ойлауға да мұршасы келмейді. Ондай студенттердің қатарында өзім де бармын. Жұмыс істемей, мемлекеттен берілетін шәкіртақыны қанағат етіп жата беруіңе тағы келмейді. Стипендия ішіп-жейтін тамағымыз бен жолымызға ғана жетеді. Жатар орнымызға, киер киімге ақша табуымыз керек. Осындай үрдіс күнделікті қайталана берсе, студент өмірінде қандай өзгеріс болуы мүмкін? Бір кәсіппен айналысу үшін де оған махаббат пен сүйіспеншілік керек. Істеп жүрген жұмысыңа деген құрметің мен махаббатың болмаса, еңсеңді басып, өмірге деген құштарлығыңды жояды. Әлі толық тұлға болып қалыптаспаған, дипломы жоқ студент үшін барын салып істейтіндей жұмыстың жоғы белгілі. Олардың көбі даяшы, сатушы, жүк тасушы, ыдыс жуушы, бала бағушы болып істейді. Осы секілді қарапайым жұмыс істеу арқылы білім алатын уақытын ғана емес, өзін де жоғалтып алады. Қазіргідей қымбатшылық бой көтерген заманда әрбір студент үшін жағдай қиын. Мемлекеттен берілетін шәкіртақы жүріп-тұрғанынан артылмайды. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, әр адамның бо­йында қаржылық сауат болса, барлығын жеткізуге болады деп ойлаймын. Жағдайы бар студенттер де сабаққа уақытылы бармай, дамуға көңіл бөлмей жатады. Әр нәрсенің өз орны болады. Қаржылық жағынан қанша қиындық кездесіп жатса да, басты мақсатымызды ұмытпайық. Ақшаның артынан жүріп, алдағы жарқын болашағымыздың жібін үзіп алмайық. Мүмкіндік болса, студент кезімізде алаңсыз білім алайық.

Салауатты өмір салтын ұстану

Өз өмірімізге қожалық ету университетке келген сәтімізден басталады. Бостандықтың кілті өзіне тиген студенттерге не істесе де өз еркіне тиеді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоғының кесірінен күн тәртібін ауыстыру, дұрыс тамақтанбау деген секілді қателікке жиі бой алдырып жатады. Салауатты өмір салтын ұстанғысы келген студенттер үшін бұлар өте маңызды. Уақыт – өміріміздегі баға жетпес құндылықтың бірі. Сондықтан оны бекер өткізбей, пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн. Күн тәртібін ауыстыруымыздың бір жағы уақытымыз­дың бос өтуіне әкелсе, енді бір жағы денсаулығымызға да зиян. Студенттер үшін күн мен түн тәртібін ауыстыру қалыпты жағдай болып кеткен. Оған себеп – түнде достармен бірге әңгіме айту, кино көру немесе түнімен қыдыру. Осының кесірі сабаққа уақытылы бармау мен стипендиядан құр қалуға дейін алып келеді. Өзін дамытқысы, үлкен тұлға болып қалыптасқысы келетін әр студент күн тәртібін бұзбай, уақытында демалып, уақытылы тұрғанды әдетке айналдыру керек.

Студенттер сабақтан немесе жұмыстан кеш келіп тамақ іс­теуге ерінеді. Сөйтіп тез дайындалатын кеспе, сэндвич, пицца, бургер жеп жата салуды жөн көреді. Осылайша дұрыс тамақ­тану дағдысын жоғалтып алады. Емтихан жақындаған уақытта Gorilla, Dizzy секілді энергетика сусындарын көп ішеді. Иә, бұл сусындар ұйқыны ашып, адамға сергектік сыйлайтыны сөзсіз. Бірақ ол сол мезетте жақсы әсер сыйлағанмен, мөлшерден тыс қолданса, қан қысымы немесе қан құрамындағы қант деңгейі көтеріледі. Сондықтан басты байлық денсаулық екенін ескеріп, денсаулығымызға зиян келтіретін тағамдар мен сусындардан аулақ болғанымыз жөн. Денсаулық болмаса, біздің оқып, білім алғанымыздан еш пайда болмайды. Болашағым жарқын болсын дейтін әрбір студент осыны да ескеруі керек.

Болашағымыздың жарқын бейнесін жасаушы өзіміз. Қазірден қалай әрекет етсек, нәтижесін көретінімізге сенуіміз керек. Студенттік өмірде қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ барлығы уақытша екенін естен шығармауымыз қажет.

Алмагүл БЕРДІМҰРАТ,

Л.Гумилев атындағы

ЕҰУ-дің 4-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button