Студенттің құқығы мен мүддесі маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары үнемі студенттердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталып келеді. Сөзсіз, білім алушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруда әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызы айрықша. Себебі, бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман.
Студенттерді әлеуметтік қолдау бағытында республика көлемінде қоғамдық ұйымдардың тарапынан түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақстан студенттері Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының бірігіп жасаған жобасы – Студенттік омбудсмендер институтын ерекше атап өтуге болады. Бұл қозғалыс шетелдерде жақсы дамып, іргелі жобалардың қатарында аталады. Ал ТМД елдері арасында ең алғашқы студенттер арасындағы омбудсмендер институты 2022 жылы Қазақстанда құрылды. Келесі жылы бастама жалғасын тауып, еліміздің барлық өңірінде студенттік омбудсмендер бекітілді. Ал былтырдан бастап әр университеттің өзінде студенттік омбудсмендер жұмысын бастады.
Студенттік омбудсмен – студенттердің құқықтары мен мүдделерін үнемі қорғайтын институттық құрылым. Жоғары білім алған әрбір студент өзінің әлеуетін іске асыра алуы тиіс, осы орайда білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде институттың орны ерекше. Мәселен, оқу жылы басталар алдында жатақханаларға арнайы мониторинг жүргізіледі. Тексеріс барысында орындарды бөлу критерийлері мен тұру жағдайлары бағаланады. Сондай-ақ жеке жатақханалардың жаңа оқу жылында жастарды қабылдауға дайындығы мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған университеттермен жасалған шарттар тексеріледі. Мұндай мониторинг жұмыстары жылына төрт-бес мәрте өткізіледі.
Атап өтерлігі, 2024 жылы Астана қаласы бойынша 4200 орындық 7 жатақхана тапсырылды. Олар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Тұран-Астана» университеті, Астана Медицина Университеті, Аstana IT University, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде ашылды.
Студенттік омбудсмендер «Таза сессия» жобасын да қолға алған. Онда білім алушыларды емтихан кезінде құқық бұзушылыққа бармауға шақырады. Студенттердің тамақтануы мен логистика, яғни жол жүруі мәселесін де реттеуге әсер етеді. Ваканттық грант пен арнайы шәкіртақының әділ бөлінуі үшін мониторинг тобында жұмыс істейді.
Білім алушылар тарапынан келіп түскен өтініштерді барынша жедел шешуге мән беріледі. Бакалавриат студенттеріне ғана емес, магистрант және докторанттардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріледі. Яғни, омбудсмендер студент пен билік арасында сындарлы диалог құруға жәрдемдеседі.
Биыл «Қазақстан студенттері Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында студенттерді әлеуметтік тұрғыда қолдап қана қоймай, шығармашылық бастамаларын жетілдіру бағытында да бірқатар жобалар өз нәтижесін көрсетті. Студенттер қозғалысы – әр өңірден келген жастарды бір шаңырақ астында біріктірген ұйым. Білім алушылар арасында бұл ұйым ретінде ғана емес, үлкен отбасы тұрғысынан ерекше аталады. Себебі, студенттер қозғалысының көздегені – жастардың мүдделері мен қажеттіліктері.
Ұлан НАУКЕН,
«Қазақстан студенттері Альянсы»
республикалық студенттер қозғалысының төрағасы