Қала мен Сала

Су басу қаупі байқалмайды

Бас қалада қар тазалау және су сору жұмыстары уақытылы жүргізіліп, су тасқынының алдын алуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Бейсенқанов «Елорда аумағындағы су тасқынының жағдайы» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында мәлім етті.

[smartslider3 slider=2617]

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап елордадағы төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында құрылған қалалық штабтың аудандық комиссиялары бекітілген жоспарға сәйкес кешенді жұмыс істеп жатқанын айта келе, басқарма бастығы бүгінгі таңда осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.

– Бүгінгі таңда елордада су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда. Су тасқыны жағдайы жөнінде үйлестіруді жүзеге асыру үшін осы жылдың 1 сәуірінен бастап қалалық жедел штаб құрылды, аудандық әкімдіктерде су тасқынына қарсы комиссиялар жұмыс істейді. Бас қалада су тасқыны қаупі бар 25 учаскеге ерекше назар аударылып отыр. Атап айтсақ, Алматы ауданы бойынша – 7, Байқоңырда – 5, Есілде – 9 және Сарыарқа ауданында 4 орынжайды су басу қаупі бар. Дегенмен су тасқынының алдын алу шаралары дер кезінде жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 169 адам мен 99 техника, 34 мотопомпа және 2 қайық бекітілді, – деді Б.Бейсенқанов.

Соңғы екі күннен бері Алматы ауданындағы «Достық» шағын ауданында гольф клуб бағытына қарай еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесе отырып, елорда аумағынан қар шығару жұмысын тоқтатар емес. Атап айтсақ, бүгінгі таңда шаһар шетінде белгіленген 7 қар полигонына 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылды. Қала аумағында 53700 арық-науа жүйесі болса, қазіргі күні 41 мың метрге жуық арық-науа жүйесі тазартылды.

«Астана тазалық» ЖШС базасында 7300-ден астам қап дайын тұр. 10 мың тоннадан астам инерттік заттар, оның ішінде 9300-ден астам ұсақ тас, 155 тонна құм және 500 тонна құм-тас араласқан материалдар бар. Олардың бәрі су тасқынына қарсы шараларды жүргізу үшін пайдаланылмақ

«Қала бойынша су басқан үйлер немесе аулалар тіркелген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменттері арасындағы бірлескен кешенді жоспарға сәйкес, біздің департамент қызметкерлері қала аумағынан радиусы 50 шақырым жерде Ақмола облысындағы елді мекендерге кез келген төтенше жағдай болған кезде көмек көрсетуге барады. Қаладан сыртқары орналасқан тұрғын алаптарда да су басу қаупі жоқ. Соңғы үш күн бойы Ақмола облысындағы Қоянды елді мекенінде біздің 8 қызметкер мен 3 техника су сору насосымен су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде тек сол ауылдың өзінен 12 мың текше метрге жуық су сорылды» деді басқарма басшысы.

Сонымен бірге «Астана тазалық» ЖШС базасында 7300-ден астам қап дайын тұр. 10 мың тоннадан астам инерттік заттар, оның ішінде 9300-ден астам ұсақ тас, 155 тонна құм және 500 тонна құм-тас араласқан материалдар бар. Олардың бәрі су тасқынына қарсы шараларды жүргізу үшін пайдаланылмақ.

7 ақпаннан бастап бүгінге дейін ТЖД қызметкерлері тұрғындарды үй маңындағы қарды көшеге уақытылы шығару қажеттілігі туралы ақпараттандыру үшін қаланың тұрғын үй секторларын аралап, оларға жадынамалар таратты. Онда жекеменшік секторды су басқан жағдайдағы іс-әрекеттер туралы және әр тұрғын жекеменшік үйінің ауласындағы қарды дер кезінде жолдың бойына шығаруы керек екендігі ескертілген. Бүгінге дейін осы мақсатта 115 рейд өткізіліп, 10500 аула қамтылды және 13000 дана үгіт материалдары таратылды.

Жекеменшік тұрғын үй аумағындағы қарды уақытылы шығару жауапкершілігі үй иесіне жүктелетінін тілге тиек еткен басқарма басшысы азаматтардың тарапынан келіп түскен барлық өтінішті тәулік бойы 112 құтқару қызметі мен iKomek қызметі қабылдайтынын, «109» нөмірі бойынша хабарлассаңыз, аталмыш орталық қызметі су сору техникасын тиісті орынға жедел жіберетінін жеткізді.

Жалпы қала бойынша 69 мың текше метрден астам аумақтан қар шығарылып, арық және нөсер желілері тазартылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button