Жаңалықтар

СУ ҚАУПІН СПУТНИКТЕН ҚАДАҒАЛАЙДЫ

СУ1

Елорданы су алып кетпес үшін оның маңайы ғарыштан тәулік бойы бақыланып отыр. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы мамандары жерді қашықтықтан бақылайтын қазақ­стандық спутниктің соңғы мәліметтерін ұдайы жариялап келеді.

Мамандар Астананың маңа­йындағы елді мекендерде еріген қар суының деңгейін, көлемін күндіз-түні қадағалап отыр. Бұл су басу қаупі туындағанда алдын алу шараларын ұйымдастырып, тұр­ғындарды қауіпсіз жерге көшіріп үлгеруге үлкен мүмкіндік екені сөзсіз. Айталық, Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің та­ратқан мәліметі бойынша, Ағанас ауы­лындағы 147 адам қарғын қаупіне байланысты басқа жерге көшірілген. Бүгінде бұл аумақта тәулік бойы арнайы штаб жұмыс істеп, арнайы техникалар жұмылдырылды.

Ал ғарыштан түсірілген суреттерге бақылау жүргізген мамандар Тайтөбе ауылына да су жүру ықтималдылығын анықтаған.  Осы­ған байланысты тілсіз жауға қарсы жедел шаралар қолға алынып, бірден 8 мың текше метр еріген су сорғызылған. Бұған қоса, ауылдың судан қорғап тұрған бөгетке 830 қап топырақ төгіліп, 4 мың қап құм құйылған.

Спутниктен түсірілген сурет­терден Қосшы ауылының оңтүс­тігінде қар суын бөгет ұстап тұрғанын көруге болады. Егер су оның ернеуінен асып кететін болса, тасқын су бірден Астанаға ағылады. Бірақ бұл жағдай да жіті ба­қылауда тұр. Қосшының оңтүстік тұсына суды ұстап тұратын қондыр­ғылардың  іргесін  бекіту  жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл маңайға ұзындығы 600 метрлік 1050 қап төселді.

Астананың іргесіндегі Қызылжар ауылының бөгеті де бекемделіп, онда 950 қап инерттік материал төгілді.

Ақмола облысы әкімдігінің бас­пасөз қызметінің  мәліметі бойынша, Целиноград ауданына қарасты 11 елді мекеннің бәрінде тасқынға тосқын қою шаралары жедел жүр­гізіліп жатыр. Мұның барлығы – Астананың аумағындағы мекендер. Кейбір ауылдардың бөгетіне қосымша құрылыстар жүргізіліп, жылға, арық қазылыпты. Аудан бойынша барлығы 523 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

 Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button