Жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

1d2adc4b73cd135041ae24cd905

«Елордада су тасқыны қаупі бар. Оның алдын алу үшін кәріздер мен жылғаларды тазартып, су қоймаларындағы су деңгейі тұрақты қадағалануда» деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

Қазір қалада  су басу қаупі төнетін 32 жер телімі бар. Олар Алматы ауданына қарасты «Оңтүстік Шығыс», «Промышленный», «Қазқалашық», «Железнодорожный», «Интернациональный» тұрғын алаптары, №2 Жылу электр орталығы мен «Қазақстан» дүкені маңындағы тұрғын секторлар. Ал, Есіл ауданында Ильинканың шығыс жағы, Үркер, Шұбар, Қорғалжын тас жолы, №62 көше, Ш. Бейсекова көшесі, Сығанақ көшесі сияқты алты учаске болса, Сарыарқа ауданында «Өндіріс», «Көктал-1», «Көктал-2», «Кирпичный», «Агро­қалашық», №1 Жылу электр орта­лығы мен салынып жатқан ЖЭО маңы сияқты жеті учаске бар.

Алдын ала атқарылған жұмыс­тардың қатарына 2014 жылдың 27 қазанынан 2015 жылдың 6 сәуіріне дейінгі мерзімде полигонға қала аумағынан 3 427 620 текше метр қар тасылып шығарылғанын айтуға болады. Сондай-ақ, су жиналатын кәріздер, арналар мен құбырлар және арықтар тексеріліп, тазаланды. Атап айтқанда, Алматы ауданында – 12 070 төсем метр, Сарыарқа ауданында – 24466 төсем метр, Есіл ауданында – 3620 төсем метр, барлығы – 40156 төсем метр арық жүйелері, 10025 дана жаңбыр қабылдағыш тор тазартылды.

Кешенді жоспарда ҚР Ауыл ша­руашылығы министрлігінің «Казводхоз» республикалық мемлекеттік мекемесі, соның ішінде Астана гидроторабы атқаратын  жұмыстар да қарастырылған. Бұл кәсіпорын Есіл өзенінде  гидрологиялық бақылау жүргізіп, түрлі ведомстволар арасында байланыс орнатады.

Қолда жүз қырық жеті су тартатын ассенизаторлық техника бар. Солардың көмегімен Алматы ауданында 185 көше, 42 мектеп пен 27 балабақшаның іргелес аумақтары,  26 денсаулық сақтау нысаны маңы, Есіл ауданында 202 көше мен 11 мектеп және 25 балабақшаға іргелес аумақтар, Сарыарқа ауданында  270 көше мен 31 мектеп және 33 балабақшаның іргелес аумақтары, 18 денсаулық сақтау нысаны тазаланды.

Елорданың әр ауданында су тасқынына қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұған Сарыарқа  ауда­нындағы Жолымбет көшесі мен Орталық базар аумағындағы магис­траль коллекторына жаңбыр суы ағатын кәріз желілері ойықтарының жасалуын айтуға болады. Наурыздың соңында Чехов көшесіндегі ұзындығы 48 метр магистралді коллектор тазаланып, жаңа жабын салынды. Ағын сулар еркін ағатындай жүлгелер тартылды.

«Аскади» ЖШС мердігерлік ұйымына Көктал кенті аумағындағы №1 жаңбыр суын тазалайтын құрыл­ғыларды қар суынан тазалау тапсырылды. Қазіргі таңда уақытша сорғы құрылғысы орнатылды, сорғы стансасы қалыпты  жұмыс істеп тұр.

Бұған қоса, Есіл ауданында Дос­памбет жырау көшесі бойына 1600 метрге созылған бөгет салынып, мердігерлік ұйымдар сорғы құрылғыларын орнатты. Оған баратын жолды қалыпқа келтірді.

«Құлагер ҚК» ЖШС жүруге қиындық келтіретін он үш көшенің онына қиыршық тас төсеп, Ой­сылқара, Шопан ата, Зеңгі баба, Сырым батыр көшелерін қалыпқа келтіруде. Жанқожа батыр көшесін қайта жөндеу жоспарланған.

Есіл ауданының әкімдігі қар суы өтіп кетпеуі үшін кабель құрыл­ғыларының үстін инертті материал­дармен жапты. Сонымен қатар, кәріз  жүйелері тексеріліп, бөгет сыртындағы бақылау құдықтары бітелді.

Кіші Талдыкөл суының деңгейін төмендету мақсатында Сығанақ көшесі бойындағы қоршау бөгетінде тәулігіне 1600 текше метр су айдайтын сорғы орнату жоспарлануда. Қазір Кіші Талдыкөл аумағына жақын Сығанақ  көшесі бойындағы қоршау бөгеті мықталып, бекітілуде. Кіші Талдыкөлден күштеп су айдау үшін полиэтилен қысымды құбыр сатып алынды. Су жүру  коллекторын жөндеу жұмыстары басталды.

Бейсекова көшесі бойында жаңбыр суы кәрізін салу жұмысын мердігерлік ұйым ағымдағы жылдың 20 сәуірінде аяқтауды жоспарлауда.

«Западный» бау-бақшасы және басқа да серіктестіктерді су басу қау­пінен сақтау үшін Есіл өзенінің сол жағалауын биіктету жұмыстары қолға алынып, бөгеттер тұрғызу қажет. Қазір жағалаудың жүз метр жерінің топырағы биіктетілді.

– Тұтастай алғанда, осындай кешенді жүргізілген іс-шаралар  нәтижесінде қала аумағында су басу қаупі бар учаскелер қазір қатаң бақылауға алынды. Бұл көктемгі  қар суы мен тасыған өзен суынан келетін қауіпті сейілтуге толық мүмкіндік береді, – деді Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Павел Кулагин.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button