Қала мен Сала

Су тасқынын бөгейді

Нұр-Сұлтан қаласында көктемгі су тасқынына байланысты кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Елорданың әр ауданында Төтенше жағдай ­департаментімен бірлескен штаб құрылып, қауіпті деген учаскелерді тексеру жүргізілуде.

[smartslider3 slider=2551]

Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты мен осы ауданның ТЖ басқармасымен бірлесіп су басу қаупі бар учаскелеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында осы санатқа жататын бірнеше учаске бар екені белгілі болды. Қазіргі шақта барлық учаскелерде су тасқынына қарсы шаралар қабылдануда. Ақпан айынан бастап көктемгі кезеңде еріген қар суын жүргізу үшін арық-­науа желілерін қар мен мұздан тазарту жұмыстары жүруде.

Бүгіннің өзінде арық-­науа желісінің 17000 метрі тазартылған. Сол секілді 500 текше метр ұсақ қиыршық тас пен 1000 қап құм дайындалған. Аудан аумағындағы 30 ­ассенизаторлық көліктер су тасқынының алдын алуға жұмылдырылған.

Сол сияқты Сарыарқа ауданында аудан әкімі Ж.Жұмағұлов бастаған әкімдік өкілдері мен «Elorda Eco System» мекемесі су тасқыны ықтимал аумақтарды аралап шыққан.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл су басу мүмкіндігі бар негізгі 3 аймақ белгіленген. Олар: «Агрогородок» т/а, Жүнісов және Павлов көшелері, Қарауыл мен Мыңарал көшелеріндегі жеке секторлар. Онымен қоса, ауданда көктемнің басында су деңгейі көтерілетін 4 орын бар. Аталмыш ауданда жыл басынан бері ұзындығы 16730 метр (35 көше) болатын арық-науа желісі тазартылып, қар шығару жұмысы қарқынды жүруде.

Мұндай шаралар Алматы ауданында да өткен. Әкімдіктің айтуынша, су жайылу қаупі бар 7 учаске белгіленіп отыр. Ұзындығы 8 шақырымға созылған арық-науа желісі артық заттардан арылған. Қар үйінділерін шығару ісі бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Ал Есіл ауданы әкімдігінің мердігерлік ұйымдары тәулік бойы еріген суды сорумен айналысуда. Соңғы күннің өзінде 4 мың текше метр су сорылған. Сонымен бірге әкімдік қар жауған кезде әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдарына ерекше көңіл бөліп, ұзатпай қарды шығарып отырған.

Байжан Емберді

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button