Шаһар шаруашылығы

Су тасқынынан сақтануға сақадай сай

Нұр-Сұлтан қаласында соңғы уақытта күннің күрт жылынуынан сірескен қар суға айналып, кейбір көшелерде көлшіктер пайда болуда. Қаланың коммуналдық қызметтері қарды дамылсыз шығарып жатқанымен, айналамыз әлі ақ киіз құрсауында. Әр мезгіл мінезіне қарай әрекет күтеді. Сондықтан көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысы елорда тұрғындарын толғандырары сөзсіз.

[smartslider3 slider=2242]

Бейсенбі күні елорда әкімдігінің баспасөз қызметі алаңында Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Б.Бейсенқановтың қатысуымен брифинг өтіп, қала аумағындағы көктемгі тасқын суларды өткізуге қызметтердің дайындық барысы туралы баяндалды.

Бауыржан Бейсенқановтың айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде және көктем мезгіліндегі төтенше жағдайлар жедел ден қою үшін Нұр-Сұлтан қаласында құрамында 2987 адамы бар жеке құрам мен 578 бірлік техника тосын жағдайға сақадай сай. Су тасқыны қаупін болдырмау мақсатында аталған департамент 2022 жылғы көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Әрбір қадам қала әкімінің орынбасары бекіткен жоспарға сай жасалмақ.

Жоғарыда айтқан 25 су тасқыны қаупі бар учаскеде инженерлік және су сору техникалары бекітілген. Жеке құрамнан 149 адам, 99 бірлік техника, 34
мотопомпа мен 2 қайық тас­қынға қарсы шараларға дайын

Бұл жоспарда қаладағы мемлекеттік органдары мен ұйымдарының бөгеттерді, көпірлер мен өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстардың дайындықтарын тексеруін, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізіп, арық-науа желісі мен нөсер-кәріз жүйесін тазарту, қала аумағындағы қарды уақытылы тысқа шығару секілді шараларды қабылдау қамтылған.

Қазіргі ахуалға байланысты шаһар әкімдігі мен департамент уақытылы қар тазалауды ерекше бақылауға алып отыр. Әсіресе су тасқыны туындау қаупі бар 25 орында осы жұмыстар жіті назарға алынған. Биыл қала сыртындағы 7 қар полигонына 3,5 миллион текше метр қар шығарылған. Ол үшін 1000-нан астам арнайы техника, 1800-ден астам жұмысшы жұмылдырылып, тәулік бойы тынымсыз еңбек етті.

Бұл бағыттағы шаруалар жалғаса бермек. Жеке секторларда тұратындар үшін ерікті жастардың көмегімен ескертпе қағаздар таратылып, олардан ауладағы және шатырдағы қарды күреп, көшеге шығару сұралды. Онымен қоса су басудың алдын алу шараларының бірі арық-науа жүйелерін тазалау және булау бойынша жұмыстар жүргізу керек. Департамент ұсынған соңғы деректер бойынша, астанада жалпы ұзындығы 53,7 шақырымды құрайтын 16 мың метрге жуық арық-науа желісі тазартылған.

Қажетті кезде қарекет жасау мақсатында «Астана Тазалық» ЖШС базасында 10 мың текше метрден көп құм және 2 мың текше метр ұсақ тас инертті материалдармен даярланған. Жоғарыда айтқан 25 су тасқыны қаупі бар учаскеде инженерлік және су сору техникалары бекітілген. Жеке құрамнан 149 адам, 99 бірлік техника, 34 мотопомпа мен 2 қайық тасқынға қарсы шараларға дайын.

Қар көп еріген кезде бірнеше ережелерді есте сақтаған жөн. Үй аумағындағы қарды көшеге дейін шығару, үйден ағынды арықтарға немесе су өткізу құбырларына су бұруды ұйымдастыру, алдын ала су айдайтын құралдарды, тұрмыстық электр сорғыларды, шелектерді, күректерді қарастырып қойған жөн. Тұрғындардан су басу жағдайларында «112» нөмірі бойынша құтқару қызметіне хабарлауын сұраймыз, – дейді азаматтық қорғау подполковнигі Б.Бейсенқанов.

Байжан ЕМБЕРДІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button