Басты ақпарат

Су тегін су енді жоқ

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия өңірінде су мәселесі қашан да өте өзекті екенін айрықша атап өтті. «Колумбия климаттық мектебіне қарасты Жер институтының зерттеуі бойынша Тянь-Шань тауларында жауын-шашынның азаю қаупі бар. Ал бұл – суармалы егістіктер мен жайы­лымдарға қажетті тұщы судың тапшылығын тудырады деген сөз. Тау басындағы жыл бойы жататын қардың көлемі азайып барады. Ғалымдар алдағы жиырма жылда қар бұдан да тез еруі мүмкін деген болжам жасап отыр» деді Президент.

[smartslider3 slider=3018]

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында да, БҰҰ-ның Азық-түлік жү­йе­лері жөніндегі саммитінде де осы мәселеге тоқталған еді. Президенттің су мәселесін қайта-қайта ауызға алуы тегін емес. Өйткені тұтас Орталық Азия, соның ішінде елімізде су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Жер шарының 74 пайызын су алып жатқанмен, адамзаттың өсуіне және өнеркәсіптің дамуына, сондай-ақ экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты жасыл шарда тұщы су тапшылығы жыл сайын ауырлап келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Әлемде жыл сайын таза судың жоғынан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – бала.

Қазақстан – жері кең, жан саны аз мемлекет болғанмен, су байлығы тапшы елдердің бірі. Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Оның үстіне соңғы кездері Қытай Ертісті бұрып, Ілені бөгеп алғалы елдегі су мәселесі де ұлғая түсті. Ала кепешті ағайындардың алқабынан ағып келетін Сырдарияның да сыры мәлім. Көктемде көбейіп, жазда азайып кетеді. Қырғызстан мен Ресейден келетін сулардың да азайып бара жатқаны ақиқат. Аталған мәселелерге байланысты еліміз жоғарғы ағыста отыр­ған көрші елдермен көп мәрте келіссөз жүргізгенмен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Ертіс суы азая беретін болса, Қарағанды, Семей, Павлодар, Екібастұз, Теміртау, Орталық Қазақстанның ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету қиынға соғады. Оның үстіне Балқаш-Алакөл су көзінің тағдыры тағы да Қытайға байланып тұр. Егер Іленің суы да кеми берсе, Балқаш та Аралдың күйін кешуі мүмкін. Қазірдің өзінде Балқаш еріген мұздықтардың арқасында тұр.

Еліміздің елордасы – Нұр-Сұлтанда да су мәселесі күн санап күшейіп келеді. Өйткені қаланың іргесі жыл сайын кеңейіп, жан саны жылдам артып барады. Су үнемдеу халықтың санасына сіңбеген. Қала тұрғындарының ауыз су мәселесі сыйымдылығы 450 миллион текше метрді құрайтын жалғыз су қоймасы – Арнасай бөгені арқылы шешіліп отыр. Алайда бұл су қоймасы да болашақта елорда тұрғындарын ауыз сумен толық қамдай алмай қалуы әбден мүмкін

Әлемдік жылынуға байланысты соңғы кездері елімізде мұздықтардың да көлемі азайып, көптеген көлдер суалып, біраз өзендер тартылып қалды. Мәселен, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзені жойылып кетудің алдында тұр. Кезінде арнасынан асып жатқан өзен суы соңғы 3 жылда тартылып қалған. Оның үстіне еліміздің су үнемдеу, судан ұтымды пайдалану мәселесіне ден қоймауы бізде тұщы судың тапшылығын барған сайын ұлғайтып барады. «Біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деп Президенттің өзі нұсқау берсе де, бұл жағында қазірге атап айтарлықтай нәтиже болмай тұр.

Қазақстанның су ресурстары өңірлер бойынша әркелкі орналасқан. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында су мол болса, Маңғыстауда су тапшы. Оның үстіне ел территориясының үштен екісін шөл және шөлейтті аймақтар құрайды. Судың аздығы, жердің шөлейттігі ауыл шаруашылығын өркендетуге де салқынын тигізіп отыр. Еліміздегі 22,7 млн гектар егістік жердің 2,224 миллион гектары ғана суармалы жер. Басым санды егіс алқаптары қар мен жаңбыр суына ғана таянатындықтан, астықтың шығымы да төмен. Мәселен, Еуропа елдері әр гектардан 60-70 центнерге дейін астық алса, Қазақстанда керіп созғанда, әр гектардың түсімі 15-16 центнерден аспайды. Шетелде қолданылып жатқан бүркіп, жаңбырлатып, тамшылатып суару сынды осы заманғы суару техникалары елімізде жаппай қолданысқа енген жоқ. Былайша айтқанда, Қазақстанның егін шаруашылығының түсімі әлі күнге дейін қар мен жаңбырға тәуелді.

Еліміздің елордасы – Нұр-Сұлтанда да су мәселесі күн санап күшейіп келеді. Өйткені қаланың іргесі жыл сайын кеңейіп, жан саны жылдам артып барады. Су үнемдеу халықтың санасына сіңбеген. Қала тұрғындарының ауыз су мәселесі сыйымдылығы 450 миллион текше метрді құрайтын жалғыз су қоймасы – Арнасай бөгені арқылы шешіліп отыр. Алайда бұл су қоймасы да болашақта елорда тұрғындарын ауыз сумен толық қамдай алмай қалуы әбден мүмкін. Өйт­кені қоймаға құятын су көздерінің тағдыры да қар мен жаңбырдың аз-көптігіне байланған. Тек 1 пайыз су ғана жерасты суларынан келеді. Қуаңшылық қатты қысса, суы азайып кетеді. Демек, бас қаланың да су мәселесі өте өзекті. Бұл су қоймасының суын молайтудың бірден-бір жолы – тағы бір су көзін ашу. Сарапшы мамандар Ертіс-Қарағанды каналынан елорда су қоймасына су тартқан жөн деп есептейді. «Бірақ бұл жоба экономикалық жағынан аса тиімді емес» деген пікір де айтылады. Депутаттар болашақта бас шаһар ауыз судан қиналмас үшін қазірден бастап екінші су қоймасын салу мәселесін қарастыру қажет деп отыр. Бірақ ол қашан жүзеге асады? Ол жағы әзірге беймәлім.

Қысқасы, Қазақстанда су үнемдеуге және судан өнімді пайдалануға ден қоятын мезгіл келді. Ол үшін шетелден келетін өзендердің жоғарғы ағысын азайтпау үшін Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерімен тең тұрғыдан өнімді келіссөз жүргізудің мәні зор. Өйткені Ертіс, Іле, Сырдария сияқты өзендердің ағысы азайса, оның дертін ертеңгі ұрпақ тартады. Оның үстіне іргеңе салған су қоймасының елдің қауіпсіздігіне де қатер екенін Сардоба су қоймасының ағытылып кеткені анық аңғартты. Демек, шекаралық өзендердің бойына салынған бөгеулер су тапшылығына ғана емес, халықтың бас амандығына да қатысты іс болғандықтан, бұл мәселеге әсте жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ірі қалаларда лас суды тазартып, қайта пайдалану мәселесіне де осы бастан кіріскен абзал. Құдықты беталды әрі таяз қазып, өсімдік суын сарқып пайдаланудың да жердің су қабатын төмендете беретінін ерте ескерген жөн. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, қаланың бір тұрғыны жылына 20 мың литр суды ысырап қылады екен. Енді есептей беріңіз, бір миллионнан астам тұрғыны бар бас қалада жылына қанша су ысырап болады? Ойланатын мәселе. Сондықтан бүкіл ел халқына су үнемдеу жөніндегі үгіт-насихатты осы бастан күшейткен абзал. Өйткені су тамшыдан құралады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button