Құқық

Судьяны іріктеуде не өзгеріс бар?

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа судьяларды іріктеу процесін жария және  әрі ашық етуді тапсырды. Бүгінде судьялар корпусын қалыптастыру рәсіміне азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылғанын көпшілік қауым біле бермейді.

[smartslider3 slider=3887]

 

Судьяларды іріктеудің негізгі кезеңдерінің бірі әрбір облыстық және оған теңестірілген сот жанында жұмыс істейтін Кеңестің оң қорытындысын алу болып табылады.

Соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңеске отставкадағы судьялар, заң қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, кәсіподақтардың, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ардагерлер мен қоғам қайраткерлері кіреді.

Кандидат конкурсқа қатысуға арыз бергеннен кейін Кеңес кандидаттың жеке басын зерделеу жөніндегі өз жұмысын бастайды. Бұл үшін құзыретті органдар мен ұйымдардан кандидатты сипаттайтын тиісті материалдар және оның моральдық-адамгершілік бейнесін айқындауға мүмкіндік беретін өзге де ақпараттар сұратылады. Бұдан басқа, Кеңес отырысында үміткерге қатысты арыздар, шағымдар қаралады.

Материалдарды зерделеу және оларды отырыста қарау қорытындылары бойынша Кеңес дауыс беру арқылы кандидаттың моральдық-­адамгершілік қасиеттерін оң немесе теріс бағалау туралы дәлелді қорытынды шығарады.

Бүгінгі күні тәжірибе көрсеткендей, елордалық сот судьясының бос лауазымына орналасуға үміткерлер жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының соты жанындағы Соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңеске үлкен жүктеме түсетіні айдан анық.  Кеңестің қорытындысы конкурс кезеңдерінен өту кезінде ескерілетіндіктен, Кеңес әрбір кандидатқа қатысты материалдарды мұқият зерделейді.

Кеңес жұмысы судьялар корпусының сапалы қалыптасуына ықпал етеді. Статистикаға көз жүгіртсек, 2021 жылы Кеңестің 7 отырысы өткізілді. 118 үміткерге қатысты материалдар қаралды. 110 кандидат оң, 8 адам теріс қорытынды алды.

2022 жылдың басынан бері өткізілген 5 отырыстың қорытындысы бойынша судьялыққа арыз тапсырған 76 кандидатқа қатысты материалдар қаралды. Оның 64-і оң, 12-сі теріс қорытынды  алғанын айтуымыз қажет.

          Ботагоз БАЯНОВА,

Нұр-Сұлтан қаласы сотының

 баспасөз хатшысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button