Әлеумет

Судағы қауіпсіздік сақтала ма?

Күн ысып, су жағасына сая іздеушілердің саны артты. Шілденің шіліңгір ыстығында көпшілік өзен-көлді жағалайтыны анық. Алайда шомылу орындарының барлығы қауіпсіз деуге болмайды. Қауіпсіздік ережелерін қаперіне ілмейтіндер де бар. Қала, ауданды алмағанда, сырт жақта суға түсіп, демалып жүргендерді қадағалап жүрген құтқарушыларды да көре бермейміз.

[smartslider3 slider=3593]

Статистикаға көз жүгіртсек, әлемде жыл сайын 250-300 мың адам судан ажал құшады. Елімізде де суға батып кеткендер аз емес. Мәселен, шомылу маусымы басталғаннан бері Қазақстанның су айдындарында 36 адам суға батып кетті, оның 19-ы балалар. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 10 адам тілсіз жаудан көз жұмды. Оның үшеуі – балалар.

Әрине, оқыс оқиғалардың барлығы қарапайым ережелерді сақтамағандықтан туындайды. Немқұрайлылық пен салғыр­т­­­­тықтың салдары қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратыны анық. Елордадағы орталық жағажайдың құтқарушылары да жағажайға келген қала тұрғындары тиісті белгілерге құлақ аса бермейтінін, белгіленген аймақтан асып шомылатынын, қауіпті орындарда шомылуға әуес екенін баса айтады. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың қайталануына жағажайларда алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады.

Нұр-Сұлтан қаласы жедел-­құтқару жасағы басшысының орынбасары  Жанат Камерденов бас қалада суға шомылуға рұқсат етілген үш аумақ бар екенін айтады. Олар: «Сарыарқа» ауданы бойынша «Үш мөңке» демалыс аймағы, «Алматы» ауданы бойынша Күйгенжар тұрғын алабындағы «Астаналық аула» демалыс аймағы және «Есіл» ауданындағы «Астаналық» саябағындағы орталық жағажай.

Жанат Камерденовтің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы бері түсіндіру жұмыстары мен арнайы іс-шаралар өткізіліп келеді. «Суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде тиісті белгілер және ақпараттық стендтер қойылған. Одан бөлек департаменттің күш құралдарымен күн сайын патрульдік жұмыстар жүргізіледі. Жұмыс барысында сол жерлерде халыққа қауіпсіздік ережелері таныстырылады. Сол учаскелерде суға шомылуға рұқсат етілмейтіні жөнінде барлық ақпарат беріледі. Мұндай жұмыстар жаз маусымы аяқталғанша жалғасады. Сонымен қатар, «Балалар жылында» балаларға ерекше назар аудару керек. Қауіптің алдын алу мақсатында қазіргі таңда біз «Құтқарушы» спорт кешенінде әр сенбі сайын жүзу сабақтарын өткіземіз», – деді
Ж. Камерденов. Сондай-ақ, төтенше жағ дайлар кезінде жедел көмек көрсету үшін сүңгуір топтың бір уақытта әрекет етуіне ыңғайластырылған автомобиль, жеке құрамның бөлімшесі, құтқару шлюпкалары, үрлемелі моторлы құтқару қайықтары, құтқару катерлері мен мотоқайықтар, резервтік бөлімше күн сайын сақадай сай тұрады.

Бұдан бөлек, қазір Төтенше жағдайлар департаменті әкімдікпен бірлесіп, суға шомылуға рұқсат етілетін 20 аймақты айқындау мәселесін талқылауда.

Дегенмен, елордалықтардың орталық жағажайда қарасы сирек. Оның себебі де айқын. Қала тұрғыны Эльмира Жүністің айтуынша, қаладағы орталық жағажай тиімсіз орын. «Өз басым қалада шомыла бермеймін. Есіл өзені суының жағдайы айтпаса да белгілі. Отбасымызбен әдетте Алакөл, Балқаш сияқты тазалау, әрі қауіпсіз жерлерге барғанды жөн санаймыз» – дейді ол.

Есілдің суы жиі жаңартылмайтынын ескерген жөн. Осыған байланысты вирустық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ, қала сыртындағы су айдындарында қаңғыбас иттер мен құстар шомылады, олар өз кезегінде әртүрлі инфекциялардың қоздырғышы болуы мүмкін. Оның үстіне, жоғары ауа температурасында судағы микроорганизмдер тез көбейеді. Сондықтан лас суда шомылу өткір ішек инфекция­сына не конъюнктивитке де әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қауіпсіздік ережелері  демекші, әрбіріміз қауіпті жағдайларда не істеу керектігін білгеніміз абзал. Атап айтқанда, ең әуелі суға шомылатын жерді, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз. Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып, қалтырауға дейін жеткізбеңіз. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз. Келе жатқан катерлерге жақындап жүзбеңіз. Оларда ескіш винтіне тартып әкететін ағыс бар. Онымен қоса, суда аяқ-қолды ұстап, қимылды тежейтін ойындар ойнауға болмайды

Қауіп қашан да аяқ астында. Ал кез келген апатты жағдайдың алдын сақтық шараларын қатаң түрде ескеру арқылы алуға болады. Сондықтан суға барсақ, сақ болайық. Сақтанғанды құдай да сақтайды.

 Индира Бержанова Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студент

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button