Басты ақпарат

Судағы саяхат пен сейіл қандай?

Жаз келісімен ерке Есілдегі кеме саяхаты жанданып, қала тұрғындары мен қонақтарының жиі келетін демалыс орнына айналады. Әсіресе, екі жыл пандемиядан кейін биыл су үстінде сейіл құрушылар тым көп.

Теплоходтармен қатар катамаран, түссіз байдарка қайық, пираттар кемесімен де серуендеу қызметін ұсынатындар шығыпты. Одан бөлек, жаз қызығын балық аулаумен немесе суға шомылып өткізетін астаналықтар үшін дәл қазіргі шілденің шіліңгір ыстығы майдай жағып тұр.

[smartslider3 slider=3492]

Ақ кемелер…

Елорданың Орталық астаналық паркіндегі өзенде кеме саяхатына жауапты «Есіл-Астана» ЖШС қала әкімдігінің қолдауымен 2008 жылы құрылған еді. Содан бері 14 жыл бойына аталған мекеме жолаушыларға судағы саяхатты жылда мамыр-қазан айлары аралығында ұйымдастырып келеді, тек пандемия кезінде жұмысын тоқтатқан. Жолаушылар мінгізілген теплоход судағы саяхатын ескі жолаушылар көпірі жанынан бастап өзеннің Ақорда ғимараты тұсына дейін жалғас­тыра отырып, кері қайтады. Осы аралықтағы серуендеу бағдарының ұзындығы – 18,8 шақырым, ұзақтығы 40-50 минутқа созылады, кемелер арасындағы жиілік – 15 минут. Барлығы осындай 7 кеме, яғни 5 жолаушылар теплоходы, 1 жолаушылар катері және 1 буксир катері күндізгі 12.00-ден бастап кешкі 23.00-ге дейін халыққа қызмет етеді. Билет құны пандемияға дейінгі кезге қарағанда мың теңгеге қымбаттаған. Қазір ересектерге арналған билет құны 2500 теңге болса, 2-14 жас аралығындағы балалар билеті 1500 теңге тұрады. Оған дейінгі сәбилерге тегін. Көпбалалыға да, мүмкіндігі шектеулі жандарға да, басқа да жеңілдіктер қарастырылмаған. Келген халық билеттің қымбаттағанын айтып, бір сөйлеп қалса да, алмай кетпейді, Есілді бір жағалап келуге қаржы шығарудан қашпайды. 30, 45, 65 орындық теплоходтармен сағатына топ немесе ұжым болып саяхаттау құны түске дейін 50000, 100000, 120000 теңге болса, түстен кейін бұлардың бағасы 20 мыңға қымбаттайды. Билет кассасының сыртында теплоходтарды 20 адамдық ересектер тобының гидпен саяхаттауы адам басына – 3500 теңге, балалар топтарына адам басына 2500 теңге деп жазылып тұрғанмен, кассир қыз гидпен бірге кемеде серуендеу қызметінің бар екенін жоққа шығарды.

[smartslider3 slider=3497]

Кемедегі саяхаттың кезекті маусымын жыл сайын жазда қаланың үлкені де, кішісі де асыға күтеді. Тіпті ғашығына сезімін білдіретіндер, жаңадан отау құрып жатқан жұптар, ауылдан астананы көруге келетін туыстар, бала-шағасын ерткен отбасылар да кемемен саяхат қызметін пайдаланады. Көбіне кешке және мереке күндері мұнда келетін адам аяғы толастамайды. Солардың бірі, елордалық Жұлдыз Үкібаева ауылдан келген туыстарын теплоходтардың бірімен саяхатқа алып шығып, алайда бұл қызметтің кемшін тұстары көп екенін байқағанын айтты.

– Мінгісі келетін адам көп болса да, сервис бәрібір ақсап тұр. Өзен үстінде самал желмен тербеліп бара жатқан кезде бір әдемі әуен қосып қойса болар еді, ол жоқ. Ана жерді бір айналдырып келіп, кіргізіп, шығарғандарына мәз. Балалар да көп, үсті жабық болғасын, олар жарты жолға келгенде шаршап, жылап, улап шулап кетті. Қызметкерлері де дөрекі, «отыр, тұр, әрі тұр, бері тұр» деп дүңкілдейді. Капитаны да фуражка киіп, формамен отырса қандай жарасымды болар еді. кемедегі саяхатты толық сезіне түсер едік, шетелдік туристер мінсе де ұялмай қызмет көрсетер еді, бірге суретке түсер еді. Гид те жоқ. Адамдарды қызықтырып, қаланы таныстыратын бір адам қойса көңілдірек болар еді, ал біз улап-шулап, қаланы бір айналып келдік, болды. Ақшасын қымбаттатқан екен, соған сай сервис неге болмайды? – дейді ол.

Катамаран және басқалар…

Кемелерге мінетін тұста, оң жақ бұрышта қаз-қатар тізілген қызыл, сары катамарандарға көзіміз түсті. Өзен шетіндегі шағын будкада кассирі де, катамарандарды берушілер де отыр. Сыртына үлкен әріптермен жарты сағатқа 4000 теңге деп жазып қойыпты. Мұнда билет берілмейді, ақшаны каспий голдпен төлей бересіз. Кассир келіншекті сөзге тартсам, бұлар «Есіл-Астана» ЖШС қарамағына қарайтын жеке кәсіпкерліктер екен. Кеме саяхаттайтын тұстан бастап Рэддисон қонақ үйіне дейін 2-4 адамдық 5-6 катамаранмен тек өзенді жағалай саяхаттауға болады, жасы 18-ден асқан жолаушы катамаранды тізгіндеп, артына туыстарын мінгестіріп, жарты сағат серуендеп келеді. Әр жолаушыға міндетті түрде сақтық үшін сары жилет кигізіледі. Бұл қызмет те түскі 12.00-ден түнге дейін көрсетіле береді, күніне көп дегенде 50-ден астам катамаранды мінетіндер табылады.

Тура осыған ұқсас, бірақ автомобиль түріндегі катамарандарды жалдайтын тағы бір кәсіпкер жігіт тура Кенесары хан ескерткіші тұсында қызмет көрсетіп отыр. Шымкенттен келген жас кәсіпкер Бегалы Сапаров 8 катамаран, 3 түссіз байдарка қайық және 3 сапбордпен кәсібін жүргізеді.

Қазір қала тұрғындары арасында танымал болып қалған пираттар кемесі осы Бегалының жабдығы, 15 орындық кемеге отыру құны ересектер үшін адам басына – 1500 теңге, 10 жасқа дейінгі балаларға – 1000 теңге, оның сапары Еуразия университеті тұсынан басталады. Ал екі адамдық түссіз байдаркамен серуендеу сағатына 3 мың теңге, оны тұрып та, отырып та, жатып та жүргізуге болады. Барлық көлік түрлеріне жилет пен арнайы жабдықтар міндетті түрде беріледі.

Одан бөлек, SUP bord мініп, суда жүзу үшін енді Гавай аралдарына барудың қажеті жоқ. Түрегеп тұрып ескек есетін тақтайды биыл жазда өз бетіңше немесе инструктормен бірге пайдалану мүмкіндігін бірнеше кәсіпкерлер ұсынады. Оның құны бір сағатқа бір адамға 5000 теңге болады.

Жанға жайлы жағажай…

Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Азамат Жұмекешовтің айтуынша, елордада ресми түрде суға түсуге рұқсат етілген үш орын бар: біріншісі, орталық қалалық жағажай, келесілері – «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс орындары. Бұлар – биыл қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген жағажайлар. Әрине, мегаполис үшін бұл тым аз. Сондықтан тұрғындар рұқсат етілмеген жабайы жағажайларға баруға мәжбүр болады. Ал ондай жағажайлар саны жеті есе көп. Қауіпсіздік тұрғысынан қиындық тудырып отырған мәселелердің бірі – осы.

Орталық қалалық жағажайға да келушілер қатары көп. Мұнда Есілдің суына түсу құны ересектерге сағатына 700 теңге болса, балаларға – соның жартысы. Ішінде әрине, душ қабылдау, киім ауыстыру, тамақтану орындары бар. Бірақ келетін халықтың көптігінен кассалар санын көбейту, душтың суын жылыту және Есілдің суындағы тазалыққа қатысты сын тағатын тұрғындар да жоқ емес.

Суреттерді түсірген Сұлтан СЕЙІТ

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button