Денсаулық

Сүйек кемігі доноры болу – өзгеге өмір сыйлау

Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры  және  «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының қолдауымен Астана қаласының №11 қалалық емханасында сүйек кемігінің донорлығына арналған таныстыру дәрісі өтті.

Қазақстанда жыл сайын 300-ге жуық адам сүйек кемігін трансплантациялауды қажет етеді. Олардың басым бөлігі – балалар.

– Қазір елде 11 700-ге жуық сүйек кемігі доноры бар, бірақ бұл әлі де аз. Қазақстандағы әрбір екі мыңыншы адам донор, ал Германияда әрбір 64-ші, Израильде – әрбір тоғызыншы тұрғын. Қазақстанда донорлар санының аз болуының басты себебі – ақпараттың аздығы. Көптеген адамдар өздерінің мүмкіндіктері туралы біле бермейді. Қазақстанда медицинада ғана емес, білім беруде де проблемалар бар, – дейді қор өкілі Темірлан Бейсембаев.

Жалпы, сүйек кемігі донорлар тізіліміне 18 жастан 45 жасқа дейінгі, салмағы 50 еліден асатын кез келген сау адам кіре алады. Әрине, онкология, В және С гепатиттері, стенокардия, миокард инфарктісі, туберкулез, аутоиммунды аурулары болмауы керек.

Қазіргі таңда уақыт пен технология бір орында тұрмайды. Бұл процедураны донордың қаны арқылы жасау­ға болады. Кез келген адам сүйек кемігінің доноры бола алады, бірақ туыс емес адам үшін қолайлы донор болу ықтималдығы 10 мыңнан 1 адамды құрайды. Көбіне бауырлар мен жақын туыс­тар арасында үйлесімділік байқалады.

Елордалық қан орталығының сүйек кемігі донорларының тіркелімі және трансплантацияны дамыту бөлімінің меңгерушісі Анар Байсмакова дің жасушаларын алу және трансплантациялау процесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Рәсім алдында донор медициналық тексеруден өтеді. Бір аптаға ауруханаға жатқызылғаннан кейін, дің жасушалары перифериялық қанға түсуі үшін оны препараттармен ынталандырады. Бесінші-алтыншы күні жасушалар арнайы аппараттың көмегімен жиналады: қан бір тамырдан алынады, сепаратор арқылы өтеді және дің жасушалары жоқ басқа тамырға оралады. Донордың толық қалпына келуі үшін шамамен екі апта қажет. Алынған қанның мөлшері донор мен науқастың дене салмағына байланысты. Балаларға жасушалар аз, ересектерге көбірек қажет. Біз сондай-ақ пациент­тің ықтимал асқынулары үшін қордағы жасушаларды аламыз. Донорлыққа қарсы көрсетілімдерге созылмалы аурулар, жүктілік, лактация және 18 жасқа дейінгі жас жатады» дейді Анар Байсмакова.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button