Мәдениет

Сүйек пен мүйізден – кәдесый

Ұлттық құндылықтарды насихаттаған қазақтың қолөнері қазір мектептердегі технология сабағында сәтті оқытылып жүр. Қанша техника дамыса да, қолдан жасалған бұйым­дарға деген сұраныс барлық кезде де жоғары болған, бола береді де. Осы ретте биылғы жаңа оқу жылында ғана ашылған жайлы мектеп – Астана қаласындағы №105 орта мектебінің 8-9-сыныбының оқушылары малдың сүйектерінен әртүрлі туындылар жасайтынын барғанда білдік.

Оқушылар көркем еңбек пәнінде малдың сүйектерін тазартып, ерекше бағалы заттар жасады. Олар сиыр және қойдың жамбас сүйектерін пайдалану арқылы сақина, тарақ және ер қанаты – аттың үстінде отырған батыр бейнеленген портрет пен жіліктен білезік жасап шығарды.

Көркем еңбек пәнінде балалар халықтың өнер мен көркем еңбекте көрсетілген адамның ойын, сезімін, құндылықтарын, өмірге деген көзқарасын түсініп сіңіре алатыны қуантты.

Көшпелі өркениет тарихындағы ата-бабаларымыздың кәсібін бүгінгі заманда қайта өңдеп, құнды заттарды жасауды оқушыларға үйретіп жүрген – осы мектептегі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Серік Кеңшілік.

Елордаға өткен жылы ғана қоныс аударып келген мұғалім бұл туындыны туған атасынан үйренгенін, ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыздың қолөнер заттарын жас ұрпаққа көрсетіп, таныстырып, оларды еңбекке баулуды мақсат етеді.

– Қазіргі таңда мұғалім ретінде байқағаным, балалардың барлығының оқу деңгейі бірдей емес. Бұл жерде айтайын дегенім, үлгерімі төмен балаларға да көркем еңбек пәні болашақта өз жолын табуға,бағыт-бағдар беруге өте үлкен көмегін тигізеді және де бұл пәнде балалар ерекше болуға, өнер тапқыш болуға талпынады. Бұл пәнде тоқу, байлау, бояу, тігу, кесу, бұрау және тағы басқа дәстүрлі өнер түрлері және де ежелгі уақытта ойлап табылған халықтың сәндік қолданбалы өнері де үйретіледі. Сонымен бірге құрал-саймандарды игереді. Әртүрлі материалдардан көркем туындылар жасап үйренеді. Түрлі тапсырмалар орындау барысында салыстыру, талдау, қорытынды жасау өз пікірін дәлелдеу дағдысын үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, көркем еңбек пәні сабағының кілтті сөзі – еңбек. Балаларымызды жастайынан еңбекке баулуымыз керек. Көркем еңбек пәні – жаңалықтар мен шығармашылық шабыттың қайнар көзі, – дейді ұстаз Серік Кеңшілікұлы.

Мына сүйектен, мүйізден кәдесыйлар, түрлі сый бұйымдарды 9-сынып оқушылары Ибрахым Серікұлы мен Сәкен Батырхан жасады.

Балалардың қолымен жасалған дүниелер өте құнды, көрнекті, бағалы көрінеді. Қойдың жауырын сүйегінен сақ жауынгері, шаңырақ, күн астындағы қыран бүркіт бейнесі көркем жасалған. Сиырдың жілік сүйегінен сия сауыт, қанатты барыс жүзік, мүйізден тарақ, білезік жасаса, тайдың тұяғынан тайтұяқ музыкалық аспабы шебер бейнеленіп, жасалды.

– Өзім сүйектен бұйым жасауды алғаш бала кезімде атамның өз қолымен жасағанынан көрдім. Атам ауылға белгілі зергер, ұста адам еді. Сүйектен әртүрлі бұйымдар жасайтын атамның жасаған дүниесін адамдар аттай қалап сұрап алатын. Кейін өзім еңбек сабағынан мұғалім болған соң, атамнан көргенімді жасай бастадым, қазіргі таңда өз білгенімді, көргенімді оқушыларға үйретіп жүрмін. Оқушылардың да сүйектен, мүйізден әртүрлі бұйым жасауға деген қызығушылығы жоғары. Сүйекпен жұмыс шеберлікті, шыдамдылықты қажет етеді. Бір жақсысы – сүйек пен мүйіз бәріне де қолжетімді материал. Сүйекті өңдеудің әдістері, жолдары бар. Қажетті сүйекті 3-4 сағат қайнатып, әбден тазартып аламыз, тазарған сүйекті ас содасына салып, 2-3 сағат қайнатамыз. Судан алып, жақсылап кептіріп, кепкен сүйекке сурет-сызба жұмысын жүргіземіз. Сол арнайы сызылған сызба бойынша кесіп-тесіп өңдеу жұмысы атқарылады. Жалпы сүйекті өңдеуге (бор машина) арнайы аспап қолданылады, – дейді Серік Кеңшілікұлы.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button