ЖаңалықтарМәдениет

СҮЙІКТІ ӘНДЕРДІҢ БЕЙМӘЛІМ СЫРЫ

Әнім сен едің

Ұлтымыздың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 300-ге жуық әні бар деп есептеледі. Баласы Мұхтардың айтуынша, Шәмші осыншама ән жазбаған. «2010 жылы әнжинағын шығардық. Оған 55 ән енгізілді. Көзі тірісінде әкем «Жақсы композитор болу үшін көп ән білу керек» деп айтып отыратын. Өзі де 300-ге жуық әнді жатқа білді. Сондықтан, 300-дей ән жазды деп айтуға келмейді, ол осыншама әнді білген» деді Мұхтар Қалдаяқов Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген «Әнім сен едің» концертінің алдындағы баспасөз мәслихатында.

Концертте Шәмшінің елге сүйікті әндерімен қатар жарыққа шыға қоймаған әндері де айтылады делінді. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы осыдан бірнеше жыл бұрын вальс королінің «Арқалықтың ақ таңы» және «Сүймегендер сағынбайды» әндерін жаңғыртқан еді.

Сол секілді Шәмшінің «Жарқырайды Жезқазған» аталатын халыққа жетпей жүрген тағы бір әні бар екен. Бұл туындыны Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театрының актері Дүйсен Кенжеев 1992 жылы Шымкентте өткен Шәмші Қалдаяқов әндерінің алғашқы фестивалінде орындап, «Шәмші Қалдаяқовтың жаңа әні» номинация­сында жеңімпаз атанды. Актердің осы әнді дүйім жұрттың алдына шығаруына өндеуге кететін қаржы қолбайлау болып тұр. Жұбанышқа «Жарқырайды Жезқазған» әнінің бағын жандыруға ұсыныс тастағанымызда: «Ән ұнаса, орындауға дайынмын» деген жауабын естідік.

Тағы бір тың шығарма жайлы халық әртісі Роза Рымбаева айтты. «Ол – жалғыз, біз – екеуміз» деген Шәмші ағамыздың орындалмай кеткен әнін концертте айтамын. Сөзін Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған. Бұл әнді тыңдаушылар ұмытып та кеткен шығар. Бала кезімде тыңдаған әнім еді. Мұны енді бірінші рет орындамақпын» деді ол. Сонымен қатар, даңқты әнші 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған Жас орындаушылар байқауына қатысып, бірінші орын алғанын, сол кезде қазылар алқасының төрағасы Шәмші Қалдаяқов болғанын еске алды. Шәмші Қалдаяқовтың ата-бабалары Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданын мекендеген деген деректі белгілі өнер зерттеушісі, композитор Ілия Жақановтан естіген едік. Осы сөзге өнертанушы Ерлан Төлеутай да қосылып жүр. Мұхтар Қалдаяқов ол жөнінен хабарсыз болып шықты. «Біздің руымыз – Жағалбайлы, атамекеніміз – Батыс Қазақстанда деп есептеймін» деді ол. Қай жақтан болса да, Шәмші Қалдаяқов қазақтың дарынды ұлы, халқымыздың сүйікті композиторы.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button