Сұхбат

Сүйіндік ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары: ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ДА ТІРКЕЛУГЕ БОЛАДЫ

Сәлеметсіздер ме? Менің атым Мөлдір. Өзім шығарған өлең жолдарын және осы мәтінге жазылған әнді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінде тіркедім. Осыған орай, авторлық құқығымның әрекет ету мерзімін білгім келеді.

– Мөлдір, авторлық құқық туындыгердің бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiн сақтайды. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi орындаушыға қатысты құқықтар алғашқы орын­далудан немесе қойылымнан кейiн жетпіс жыл бойы күшiн сақтайды. Авторлық құқығын, оның есiмінiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

Сүйіндік Сабырұлы, маған мынаны айтыңызшы, мемле­кет тарапынан заңды тұлғаны тіркеу үшін бізде қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Қазіргі таңда өзінің жекеменшік кәсіпорнын ашып, коммерциялық қызметпен айна­лысамын, өз қызметімнен пай­да табамын деген азаматтар аз мерзімнің ішінде кәсіпорындарын ашып, жұмыстарын бастай алады. Бүгінде заңды тұлғаларды тіркеу процесі жеңілденді, құжаттарды қабылдау және беру бір жер­ден жүргізіледі. Тіркеу үшін ұсынылатын құжаттар саны да азайтылды.

2010 жылдың 20 қаңтарында Мемлекет басшысы «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді жеңілдету сұрақтары бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, ол 12 ақпаннан бастап өз күшіне енді.

Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу мерзімдері азай­тылды, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершіліктері бар серіктестіктер туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, шағын кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі бар заңды тұлғалардың жарғылық капиталының мөлшері ең аз мөлшерге дейін, яғни 100 теңгеге дейін азайтылды. Бұған дейін жарғылық капиталдың мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіш болатын.

Бұдан басқа, алғашқы тіркеуден өтетін, шағын кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі бар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарын (жарғы, құрылтай шарты) нотариалды түрде куәландыру міндеті алынып та­сталды.

Ұзақ жылдар Көне түркі мәдениетін зерттеп, осы тақырыпта кітап жазған едім. Сол кітабыма авторлық құқық алу үшін не істеуім қажет? Қолжазба күйіндегі кітапқа авторлық құқық алу үшін қанша ақша төлеуім керек?

– Сіз өз туындыңызды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы Комитетінде тіркей аласыз. Ол үшін Сізге келесі құжаттар тізімін ұсыну қажет:

1) өтініш;

2) туындының данасы;

3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

4) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат.

Өтініш бланкісі, алым көлемі мен төленетін реквизиттерді http://gr.gosreestr.kz/index.php/kz сайтынан таба аласыз. Тіркеуге ұсынылатын материалдар нөмірленуі, тігілуі және әр бетіне автордың (құқық иеленушінің) қолы қойылуы қажет.

Комитеттің мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Сол жағалау, Орынбор көшесі 8, «Министрліктер үйі», Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті. Ресми сайты: http://gr.gosreestr.kz/index.php/kz

Шағын кәсіпкерлік бизнесін тіркеу үшін қандай құжаттар жинау қажет, тіркеу мерзімі, төлем мөлшері қандай?

– Заңды тұлғаны тіркеу үшін белгіленген түрдегі арыз, заңды тұлғаның жарғысын, мекен-жайын анықтайтын құжат және тіркеу үшін төленген алым түбіртегін (квитанция) ұсынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Үкіметтің қаулысымен бекітілген, типтік жарғы негізінде өз қызметтерін жүзеге асыра алады, бұл жағдайда, тіркеу органына жарғы ұсынылмайды. Жарғының орнына типтік жарғы негізінде өз қызметін жүзеге асыратын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу ту­ралы арызы 3 данада ұсыналады. Сонымен қатар, типтік жарғы негізінде өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаны тіркеу мерзімі 3 жұмыс күнін, ал шағын кәсіпкерлік субъектісін тіркеу мерзімі – 7 жұмыс күнін құрайды. Тіркеу төлемінің сомасы 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3236 теңге.

Әділет органы қызметінің бір саласы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тура­лы білсем деймін. Жалпы, Астанада қанша заңды тұлға тіркелген?

– Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңына сәйкес, Астана қаласы Әділет Департаментінің қызметінің бір саласы – заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу болып табылады.

Бүгінгі күні Астана қаласының Әділет департаментіне 40 мыңнан астам заңды тұлғалар, 3500-ден астам заңды тұлға фили­алдары мен өкілдіктері тіркелген.

Әділет департаментіне күн сай­ын түсіп жатқан заңды тұлғалар құжаттарына қарап, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жа­татын, заңды тұлғалардың көп ашылатынын байқауға бола­ды. Себебі, шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың тіркеу мерзімі, төленетін алым ставкасы төмен, сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, салық төлеу, кедендік рәсімдеу бойынша да біраз жеңілдіктер берілген. Бұл жеңілдіктер, 2006 жылдың 31 қаңтарында қабылданған «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен қаралған.

Мен кәсіпкермін. Кеше 1 дана лицензиялық қамтамасыз ету программасын сатып ал­дым. Осы программаны сатып алынған 2 немесе одан да көп компьютерге көшіруге бола ма?

– Құқық иеленушілермен белгіленген ережелерге сәйкес, 1 компьютерге тек 1 программаның орнатылуы мүмкін.

Неке туралы жаңа кодекс бойынша балаға қосарланған ат беруге болады екен. Жаңа кодекстегі басқа да өзгерістер жөнінде толығырақ айтсаңыз.

– Иә, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы ту­ралы» жаңа кодекс бойынша балаға қосарланған есім беруге рұқсат етіледі, бірақ ол бөлек жазылуы керек. Сондай-ақ, жаңа кодекске сәйкес, некеге отыру үшін азаматтар кез келген АХАТ органдарына барып өтініш бере алады, бұрын олардан мекен-жай анықтамасын сұрайтынбыз. Со­нымен бірге ата-ана ажырасқан кезде бұрын бала көбіне анасы­мен бірге, қалып, баланың тегін әкесінің рұқсатынсыз өзгерте алмайтын болсақ, енді баланың мүддесін қорғау үшін және ол анасымен бірге бір текте болуы үшін әкесінің рұқсаты болмаған жағдайда да тегін өзгерте аламыз.

«Электрондық үкiмет» порталында заңды тұлғаларды интернет арқылы тiркеуге болады дегенді естідім. Осы төңірегінде білсек дейміз.

– «Электрондық үкiмет» пор­талында заңды тұлғаларды ин­тернет арқылы тiркеу, куәлiктiң түпнұсқасын және заңды тұлғалар бойынша электронды анықтамаларды алу мүмкiндiгi жүзеге асырылады. Яғни, бұрын заңды тұлғалар және олардың филиалдары мен өкiлдiктерi ту­ралы анықтамаларды ғана алу мүмкiндiгi болса, ендiгi жер­де кәсiпкерлер өз бизнестерiн «электрондық үкiмет» порталы арқылы ала алады.

Заңды тұлға ретiнде интернет арқылы тiркеуге өтiнiш беру негiзiнде кәсiпкерлер 15 минутта кәсіпорынды тіркеп, құжаттарын ала алады. Бүгінгі күні Астана қаласы Әділет департаментіне осындай «Онлайн» үлгiлiк жарғысы бойынша iс-әрекет жасайтын 20 заңды тұлғаға мемлекеттік тіркеу жүргізіліп, қажетті құжаттар берілді.

Бизнес сәйкестендіру нөмірі дегеніміз не? Оны алу тәртібі қалай, қандай құжаттар тізімі ұсынылады, қандай орган арқылы құжаттарды қабылдау жүргізіледі?

– 2007 жылғы 12 қаңтарында «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» Қазақстан Республикасының № 223 Заңы қабылданды.

Осы Заңның 1-бабына сәйкес, «бизнес-сәйкестендiру нөмiрi – заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiкке) және бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр».

Бизнес сәйкестендіру нөмірін алу үшін, тіркеу ор­ганына белгіленген түрдегі арыз, құрылтай құжаттарының телнұсқасы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігі ұсынылады. Бизнес сәйкестендіру нөмірін алу тіркеу органдарының кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

Сүйіндік Сабырұлы, айтыңызшы, нотариус болуға кімдердің құқығы бар?

– Егер «Нотариат туралы» Заңда өзгеше көзделмесе, жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясын­да аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айна­лысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.

Қандай негіздер бойынша азамат нотариус бола ал­майды?

– Заңда белгiленген тәртiппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртiппен iс-әрекет жасауға қабiлетсiз не iс-әрекет жасауға қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған адам но­тариус бола алмайды.

Өзiне қатысты ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған, лицензиясы­нан айырылғандықтан не нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергенi үшiн мемлекеттiк нотари­ус қызметiнен босатылғандықтан нотариаттық қызметтi тоқтатқан адам да осындай оқиға болғаннан кейiн бес жыл бойы нотариус бола алмайды.

Ақкөл ауылынан хабар­ласып тұрмын, есімім Жан­дос. Сұрайын дегенім: Егер қамтамасыз ету программасы тегін таратылатын болса, бұл авторлық құқықты бұзу әрекеті болып табыла ма?

– Жандос, Қазақстан Респу­бликасы Азаматтық кодексінің 964-бабына сәйкес, айрықша құқық объектiсiн басқа тұлғалардың пайдалануына тек құқық иесiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Азаматтық кодекстің 978-бабының 5-тармағы бойынша, туын­ды кiрiс келтiру мақсатымен сатылғандығына не оны сату бұған бағытталмағандығына қарамастан, пайдаланылған деп саналады. Осыған сәйкес, қамтамасыз ету программаларын қандай да бір түрде пайдалану, тегін таратылу жолымен бол­сын, тек автор немесе құқық иеленушінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Сенімхаттың мерзімі қандай?

– Сенімхат 3 жыл мерзімге берілуі мүмкін. Егер мерзім көрсетілмесе, сенімхат берілген күннен бастап 1 жыл мерзімге беріледі.Егер берілген күн көрсетілмеген жағдайда, сенімхат жарамсыз болып танылады.

Мен мемлекеттік білім мекемесінде институтта «Оқулықтар мен ОӘК әзірлеу зертханасында» жұмыс істеймін. Әрине, ғылыми жұмыстардан тыс оқулықтар жаздым. Келісімшарт бойынша осы мекеме аясында жазылған материалдарды толықтай мекемеге тапсырып, сол оқулықтар бойынша экс­перимент жүргізілді. 2010 жыл­дан бастап оқулықтарымыз үздіксіз білім жүйесінің инва­риантты бөлігі енгізілді. Енді жаппай қолданысқа енгеннен кейін авторлық құқығымызды сұрадық. Мекемеден ешқандай жауап жоқ. Бұрын эксперимент аясында қолданғаннан кейін авторлық құқық туралы сөз болмады. Енді мемлекеттік деңгейде қолданылып жатқаннан кейін, баспа бізбен келісімге отырып, қаламақы төлеуі керек пе?

– «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес, қызмет бабында мiндеттердi не­месе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авто­ры иеленедi. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады. Осыған орай, автор мен жұмыс беруші арасындағы шарт­та өзге жағдайлар көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік құқықтарға жұмыс беруші ие болады.

Қарағанды қаласынанмын, есімім Әлішер Әділбеков. Жақында туындыма авторлық құқықты тіркеу үшін төленетін ақыны тіркеу органның реквизиттерін дұрыс көрсетпеген едім. Ақшамды қайтару мүмкін бе?

– Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 458 бабының 2 тармағына сәйкес, Алымдар­ды төлеген тұлғалар тіркеуші органға тиісті құжаттарды бер­генге дейін тіркеу жасаудан (есепке қоюдан) бас тартқан жағдайларды қоспағанда, төленген алымдардың сомалары қайтарылмайды.

Бұл ретте бюджетке төленген алымдардың сомала­рын қайтаруды төлеушілердің салықтық өтініші бойынша олардың төленген жері бойын­ша аталған тұлғалардың тіркеу іс-әрекеттерін жасауға арналған құжаттарды табыс етпегенін растайтын тиісті тіркеу органы берген құжаттарды олар табыс еткеннен кейін салық органдары жүргізеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

  1. Сәлеметсіздерме?! Мен авторлық құқық алу үшін өтініш берсем деп едім. Бірақ, өтініш хатымен бірге төлем алынғандығы туралы түбіртек болуы керек екен. Төлем жасауға арналған реквизитті таба алар емеспін. intellkaz.kz сайтынан алуға болады деп көрсетілген екен, бірақ, сайт жұмыс жасап тұрған жоқ. Сондықтан, көмектеріңіз қажет, төлем туралы анықтамаларын көрсетіп жіберсеңіздер? Рахмет!

Пікір үстеу

Back to top button