Басты ақпарат

Сүлеймен МӘМЕТ: Өзімшілдік емес, отаншылдық сезім басым болса

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Сүлеймен Мәмет Қазақ ұлттық университетін бітірген соң, бұрынғы Талдықорған облысының Киров (қазіргі Ескелді) аудандық газетінде тілші, одан кейін Алматы облысы Шелек (қазіргі Еңбекшіқазақ) ­ауданы Нұра ауылындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 1980-1995 жж. респуб­ликалық «Жалын», «Балауса» баспаларында редактор, 1995 жылдан бастап зейнет­ке шыққанға дейін «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, шолушы болған. Тәуелсіздік жылдары қазақ қоғамындағы күрделі мәселелерді көтеріп, ұлтқа қызмет етудің адалдығын көрсетті. Әлі де Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы таныстарынан әлсін-әлсін кітап жинап, туған ауылындағы мектептің кітапханасын толтыруды парыз санап отыр. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, қарапайым тірлікте ізгіліктің жолымен адами құндылықтарды дәріптеп жүрген қаламгермен жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында жолықтық.

[smartslider3 slider=3503]

– Мен де поэзияны ұнатамын. Кезінде Тұманбай Молдағалиевтің сөзін тыңдамай ақын болғаныңызда, әңгімеміз әдебиет жөнінде өрбір еді…

– «Жалын» баспасында он жыл еңбек еттім, оның кереметтігі сол, қазақтың біртуар жазушылары Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қадыр ағалардан кісілікті таныдым. Адами қасиеттерді пайымдадым. Ол кісілер ұлы болды, ұлылығы сол, бізге адам болудың жолын көрсетті.

Бірде қолыма қолжазба түсті. «Жарамайды» деп қайтарғаным аздай, «Өлең – сөздің патшасы» деп пікір жазып, «баспаға беруге болмайды» деп бір-ақ кестім. Сонда Тұмағаң мені шақырды. Шақырды да, өзім пікір жазған адамды танисың ба деді. Мен танитын едім. «Сен оның жазғанын жарамайды депсің. Кім іштен шыққан баланы жаман дейді? Ешуақытта кісінің көңіліне тиме, жаман деп айтпа, жанашырлықпен қара. Менің Тұманбай болып келе жатқаным өмірі елдің бетіне, әсіресе үлкендердің бетіне келмегендігімнен. Сол қасиетіммен Тұманбай болып жүрмін. Сондықтан қарғадай баладан ақсақалды шалға дейін ізет, ілтипат көрсет, сен сондай ізет көрсетсең, сенің де алдыңнан ешкім қиыс жүрмейді. Ол дәстүрге айналады. Ақын-жазушылардың арасында неше түрлі пікірталас болуы мүмкін, бірақ ешқашан кісілігін, адамшылығын жоғалтпайды» деді.

Бүгінде осы қасиет мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Мына заман нарықтың заманы дей ме, мен осыны түсінбеймін, біз бұған дайындықсыз келдік. Адамдар «біз» дегеннен гөрі «мен» дегенге келді. «Мен үшін», «өзім үшін», «өз күніңді өзің көр» деген нәрсе адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді азайтып жіберді ме деп ойлаймын. Қазір жасымыз жетпіске келді, Тұмағаңның сөзін бекерге айтып отырғаным жоқ. Солар сияқты артымызға үлгі сөз қалдырмасақ, ақыры не болады?

2004 жылы «Ар алдында…» деген кітап та шығарған едік. Енді қарап отырсақ, сол кездегі балдырған ұл мен қыз бірі бой жетіп, екіншісі ер жетіп, атажұртын іздей бастапты. Шынында, Бейбарыстың таза қаны мен ел деген шыбын жаны бұларда да болғаны ғой. Ендігі айтпағымыз, ес жиған сол ұрпақты біз іздесек, қай ұл қай жерде жүргенін, қай қыз қай отбасында тәрбиеленіп жатқанын зерделесек, қане?

– Демек, адамшылыққа бастар жолда қызыл сөзден гөрі әрекеттің, өнегенің өз орны бар дейсіз ғой.

– Ілияс Есенберлиннің «Маңғыстау майданы» деген кітабына редактор болғаным бар. Марқұм Қалдарбек Найманбаев баспаның директоры болатын, қолжазбаны оқығаннан кейінгі менің пікірімді алып кетті. Қалекеңе «ол жігіттің пікірін алдым, енді үйге барып танысайын» деп жауабын береді. Бір күннен кейін маған хабарласты. «Қалқам, сенің айтқандарыңның бәрі дұрыс. Маған 20 күн уақыт бересің бе?» деді. Қандай керемет кісілік!

Ол кезде талап күшті, тек шынайы таланттардың ғана туындылары басылып шығатын. Бүгінгідей жаппай кітап басу деген жоқ. Кез келген кітап редактордан бастап үш басшының сүзгісінен өтетін. Терілім де солай, үш адамның оқылымынан соң ба, бірде-бір қате болмайтын. Онда Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Өтежан Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Сейдахмет Бердіқұлов сынды қазақтың мықты қаламгерлерінен тәлім алдым.

– Сол жазушылардың ізіне еріп, қадірлі іні де бола білдіңіз ғой.

– Мен «Жалын» баспасына келгенімде жиырманың ішінде едім. Ол кезде ұлттық мәселелер, оның ішінде қазақ мектебі төңірегінде алдыңғы ояу ағаларға еріп қызу пікір айтып жүретінмін. Жазушы Шона Смаханұлы «Жазушы» баспасында әдебиетті насихаттау бөлімін басқаратын. Бір күні «Әй, бала, бері кел» деп шақырып алды да:

– Сендер осы кітап шығарып жатсыңдар, ә, оны кім оқиды? – деді.

– Ел оқиды, – дедім.

– Балаң орысша оқыса, ертең ол кітабыңды кім оқиды? – деді де: «Сен маған «кадр» боласың ба? Сағат 6-ға дейін өз жұмысыңды істейсің, 6-дан кейін менің тапсырмамды орындайсың!» деп кесіп айтты. Келістім. Шона ағаның тапсырмасын ізбасар інілері Орысбай Әбділдаев, Нұртан Төлепбергенұлы, Жақсылық Түменбаев, Марат Тоқашбаев, Рахымжан Өтегенов деген ағаларымыз бастап бұлжытпай орындаймыз. Барлық жоспар-жобаны Шона ағамыз жасайды. Қай жылы, қай ауданнан қазақ мектебі қажеттігі айқын. Көше аралап, қол жинаймыз. Кеңестік кезеңнің өзінде осындай жанкештілікке бардық. Сол жылдары ғалым Мүсілім Базарбаев атындағы №136 мектептің ғимараты салынып жатқан болатын. Соны қазақ мектебі етіп ашу жоспарланған еді. Қонаев кетіп, Колбин келгеннен кейін билік қазақ мектебіне бермеуге көшті. Бірақ қайтсек те қазақ мектебін ашамыз деп табандап жүріп, дегенімізге жеттік. Өз жерімізде, елімізде жүріп, өгейдің күйін кешкен заман болды. Алматыдағы қазақ мектептерінің көбеюіне осылайша батыл қадам жасалды. Көшбасшымыз болған, сол заманда ұлтшыл Смаханұлы атанған тұлға туралы кейін «Шоң Шона» деген көлемді мақала жаздым. Ол тұстағы отаншылдық сезім бөлек еді, өзімшілдік кем еді. Мұның барлығы бас газетке келгенімде басты тақырыпқа айналды.

– Қазақ мектебін ашудағы белсенділігіңізді Астанаға келген соң да жалғастырдыңыз ба?

– Жұмыс бабымен Астанаға 1999 жылы қоныс аудардық. Онда №4 жалғыз қазақ мектебі бар екен. Жанға бататын жайт. Мырзатай аға (Жолдасбеков) «шенеуніктер қаласын рухани астанаға айналдыру керек» деп жүрді. Оның іргетасы қазақ мектебі болуы тиіс. Қазақ мектебін ашуда Шона Смаханұлының дәстүрін жалғастырдық. Бұл орайда «Егеменнің» бас редакторы Ержұман Смайыл ағамыз көп үлес қосты, сірескен мұзды мұзжарғыштай бұзатын. Аралас мектептерді аралаймыз, қаны бар қазақтар қосылады. Ата-аналармен, ұстаздармен кездесіп, таза қазақ мектебін ашу керектігін түсіндіреміз. «Аралас мектеп керек» деп қарсылық білдірген қандастарымыз да болды. Ондайларға 1943 жылы Бауыржан Момышұлының Орталық Комитеттің хатшысы Әбдіхалықовқа жазған хатын көлденең тартып, ұлт зиялыларының балалары түгел орысша оқитындығы айтыла кеп: «мына түрімізбен қазақ тілі мен қазақ ұлты көркеймейді. Алматыдан қазақтың болашағын көріп тұрғам жоқ» деген сөзін тілге тиек ететін едік. Сонымен 1999 жылы Астанадан №22 және №38 орта мектептің ашылуына себепкер болдық. Бұған жету жолында ел Президентінен бастап, Үкіметке, депутаттарға сан мәрте хат жазып, жолдадық. Аралас мектеп болсын дегендер 700 қол жинаса, біз қазақ мектебін ашуға 1500 қол жинап бардық. Содан бір аптадан соң Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовке қазақ мектебі болатындығы турасында хат келіпті. Тағдыры тартысқа түскен мектептің тұсауын ­Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесті.

– Әлі де орта мектептің түйінді мәселелері ортаймай тұр. Өзіңіз де құлағдар болып жүрген боларсыз.

– Алып Ахаң (Байтұрсынұлы) «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген ғой. Шынында, қалай оқытып, қалай тәрбиелеп жүрміз деген сауал – болашақты ойлаған азаматтардың алтын қазығы. Жүйедегі «жүйесіздікке» енді бір тыйым болатын шығар.

Бұл арадағы біздің айтпағымыз мынау еді: мемлекеттік орта білім мен жоғары білімді былай қойғанда, ақылы мектеп деген шықты. Оған мың емес, бірнеше миллиондап ақша төлейді. Шыдағандар ұл-қызын оқытып жатыр. Ондай білім беретін мекемелерде дайындық сыныбына – 5,6 млн теңге, 3-5-сынып оқушылары үшін – 9,7 млн теңге, 10-11-сынып үшін 12,6 млн теңге төлейді екен. Әрине, осынша қаржы төлеген жерде білім сапасы да, оқушыларға жасайтын жағдай да ерекше болатыны мәлім. Сондай ақша жұмсаған оқушылардың бәрі шетінен жүзден жүйрік пе екен?

Қазір бай мен кедей дегендей, аз қазақты одан да басқа топтарға бөліп жүргеніміз де ақиқат. Иә, бай-бағылан балалары қысылмай оқиды, ал қалтасы тесік, айлығы шайлығына жетпей жатқан кедей топ жәудір көздері қайтпек? Олардың ішінде де таланттар, топты жарған мықтылар жоқ дей аламыз ба? Әрине, бар. Қияндағы ауылдарда да. Ұмтылады. Ата-анасының қолы қысқа, содан шетке шығып қала береді. Жалпы, нарықтың заманы осылай екен деп ұрпақты бұлай бөлу түптің-түбінде қиындық туғызуы мүмкін. Бай баласы мен кедей баласы алакөздеспей тұра ма? Бұл да ойланатын сұрақ. Ұлт ұрпағын жұрт кісісі дәрежесіне көтеретін – ата-ана, мұғалім, билік. Осы үш тірек намыс найзасын мұқалтпай, жігерін жанып, үміт отын үрлесе, жалғандыққа бармаса, сапалы білімді санасына күңгірттендірмей сіңірсе, таңғы шықтай мөлдір, күн сәулесіндей тұнық тәрбие берсе, жаратылысында кемдік болмаса, бала теріс кетпейді.

– Өмір бойы газет бетінде толғақты дүниелердің тиегін ағытуға түрткі болдыңыз, жүрегіңіз ауырып, шарасыз күйде болған кезіңіз көп пе еді?

– Әлеумет мәселесі журналистің назарында, қаламының ұшында болады. Осыдан аттай 12 жыл бұрын, «бала саудасына» қарсы шығып, істің ақ-қарасын анықтап, отбасылық заңдарға өзгеріс әкелуіне әсер еттік. Қаракөздерімізді көгендеп шетелдіктердің қолына ұстатып жіберіп жатқанда қалай шыдарсың? Іштегі бітеу жара америкалық азаматтың баланы қорлағаны туралы ақпараттан кейін жарылды.

Құйқа шымырлататын тақырыпты ашуда халықаралық агенттіктермен байланысқа шығып, жат елге кеткен қаракөздеріміздің тыныс-тіршілігін зерттеп, зерделедім. Осы мақсатта АҚШ-қа екі айға жоспарланған іс-сапарымды екі аптада аяқтадым. Сапар барысында қазақтың «қан тартады» деген аталы сөзінің растығына сан мәрте көзім жетіп, соңына дейін жүруге дәтім шыдамады. Шетке кеткен жәудіркөз балалардың бірі мойныңа асылса, енді бірі етегіңе оралып, бізбен бірге кеткісі келіп көлікке отырып алған жайттары жүрегімізді шымырлатты.

Тіпті Алекс-Әлібек деген алты жасар бала бізді апарған көліктің ішіне отырып алып, бірге кетемін деп әлек салғанына да куә болдық. Отанымызға оралған соң ол балалардың бәрі мына заманда Бейбарыстай болар ма екен деген күдікті алға тартып, мақала жаздық. Тіпті ұл-қыздың алдында адалмыз ба деген ойды өрістете келіп, сапардағы көрген-түйгендерді арқау ете отырып, 2004 жылы «Ар алдында…» деген кітап та шығарған едік. Енді қарап отырсақ, сол кездегі балдыр­ған ұл мен қыз бірі бой жетіп, екіншісі ер жетіп, атажұртын іздей бастапты. Шынында, Бейбарыстың таза қаны мен ел деген шыбын жаны бұларда да болғаны ғой. Ендігі айтпағымыз, ес жиған сол ұрпақты біз іздесек, қай ұл қай жерде жүргенін, қай қыз қай отбасында тәрбиеленіп жатқанын зерделесек, қане? Тіпті келем дегендерін, оралуға ұмтылғандарын бауырға тартсақ та артық болмас еді. Оны тиісті орындар қазірден бастап ұйымдастырып жатса, еш артықтығы жоқ. Атажұртқа оралып жатқан бүгінгі қандастар қызыл империяның кесірінен жер ауып кетсе, мына ұрпақ біздің ыждағатсыздығымыздан шетел асқанын мойындауымыз керек секілді.

– Әрине, «қайнайды қаның, ашиды жаның» деп Абайша айтқанымыз болмаса, журналистердің де қаламы матаулы.

– Жазайын деп жазбайсың, айтайын деп айтпайсың, көзің көріп, құлағың естіген соң, амалың таусылып, діңкең құрыған соң қолға қалам ұстайсың. Біз баяғы Амандосов, Қожекеевтің мектебінен өтіп, солардың сабағын алып, көзін көргендерміз. Ол кезде баспасөздің беделі қандай еді! «Социалистік Қазақстанның» есігінен қарай алмайтынбыз. Жасыратыны жоқ, қазір журналистикаға таланттылар емес, кездейсоқ адамдар келеді. Оқиды, бітіреді, сосын жұмыс істемейді. Себебі қызықпайды. Әртүрлі мәселелер барын жоққа шығармаймын. Алайда қаладың ба, журналистикаға өміріңді арнауың керек. «Жыр бесік», «Ана суреті», «Перзент парызы», «Абай бол, қазақ!», «Көңіл көзі» деп аталатын оннан аса кітап шығардым. Өзге тілге аударылғаны да бар. «Құрмет», «Парасат» ордендері мен біраз сыйлықтың иегері, мәдениет қайраткері атандым. Алматы облысының, бірнеше ауданның құрметті азаматымын. Бұл тұрғыдан келгенде, ел-жұртыма алғысым шексіз, басымды иемін. Әлихан Бөкей­ханов сөзіне ден қойсақ, ұлттан асқан ұлы, жұрттан асқан кие бар ма?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button