БілімМәдениет

Сұлулық сыйлайтын сымбатты өнер

Театр – синкретті де сымбатты өнер. Жаныңызды рухани ләззатқа бөлейтін, ішкі дүниеңіздің қандай да бірқатпар, қалтарысында сүреңсіз сурет, яки келеңсіз бейне, жағымсыз күйе бар болса, сол қоқыс пен кірді тазартуға септесетін бекзада орын. Театрды түсінуге ұмтылсаңыз, ол сіздің ақылыңызға сәулелі ой түсіреді.

[smartslider3 slider=672]

Күйкі тірлік деп материалдық дүниенің соңында сандалтып қойған қу қарынның қамы, тажал нәпсісінің құлқы аз уақыт тізгінін тартады, тыйылады. Тән азығын тәулігіне неше мәрте қайғыратыныңызды еске түсіріп, жан азығына тойғаныңызға қуантады.  Жалған дүние­нің тылсым философия­сын түсінуге шақырып, өткен өміріңіздің парқын пайымдайсыз, бүгінгі болмысыңызды бағамдайсыз, болшақ күніңізді айқындайсыз. Соның бәріне екі сағаттық бекзада өнер себеп болады. Сіздің жан дүниеңіз бір тазарып, оның ішінде ұйықтап жатқан сезім пернелерінде тәтті әуен ойнайды. Соңғы бір апта ішінде Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына екі мәрте бару сәті бұйырды. Елорда төріндегі жаңа зәулім ғимаратқа көшкелі бері сүйікті театрға бару мүмкіндігі түспей жүрген еді.

Киелі сахнадан баяғыдай эстетикалық ләззат алайық, асқақ өнерге жастарды баулиық деген мақсатпен алдымен Қазақ әдебиеті кафедрасының ұжымы болып, кейін биыл бірінші курс­қа қабылданған шәкірттерімізді ертіп театрға барып қайттық. Бірінші тамашалағанымыз – Олжас Жанайдаровтың «Жұт» пьесасы, екінші көргеніміз – «Күн сәулесі түспеген» атты испандық қаламгер А.Вальехоның психология­лық драмасы. Екі сағатта алған тәлім-тәрбие мен толағай әсер жан дүниені жылытып, шығармашылық шабытты оятты, қиялға қанат бітірді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ халқының басынан кешкен зұлматты трагедия­сы, аштық шындығы көрсетілген «Жұт» пьесасынан көрермен егіліп шықты. «Күн сәулесі түспеген» драмасының да айтары тереңде, берері мол. Тамаша ойын көрсеткен әртістерге және театрға шақырған көрермен мен жұмыс бөлімінің менеджері Айнұр Серікбайқызына шексіз ризалығымызды білдіреміз. «Театр – жанды кітап, театрда оқудың орнына адам естіп, көреді. Кітаптан театрдың өрісі кең… Теа­тр – көңіл көтеретін ойын үйі ғана емес, ол өз алдына мәдениеттің бір мектебі» деп жазды ұлт театрының негізін қалаған қайраткер Смағұл Садуақасұлы. Біз де адами қадір-қасиетімізді арттыратын, кісілік келбетімізді асқақтататын, жан дүниені тазартып, оны рухани катарсиске бөлейтін осынау киелі өнер ошағына, мәртебелі мәдениет үйіне барынша жиі соғып отырайық демекпіз.

 

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л.Н.Гумилев  атындағы

Еуразия ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының

меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button