Басты ақпарат

Суреткердің сеңгірі

Жазушы, драматург Төлен Әбдікті таныстырып жатудың қажеті жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне келген үлкен лектің белортасынан ойып орын алған көрнекті қаламгердің проза мен драмадағы дара қолтаңбасы бар. Талай оқырманын жазған шығармаларымен тамсандырып, ойландырған қазіргі көзі тірі классик сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Бұл – суреткердің сеңгірі.

[smartslider3 slider=3865]

Жиырма екі жасында «Райхан» атты тұңғыш әңгімесі жас жазушылардың «Таңғы шық» атты жинағында жарияланып, тұсауы кесілді. Ал осыдан елу бес жыл бұрын «Біз үшеу едік» пьесасын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрында Райымбек Сейітметов сахналады. Жазушының «Көкжиек» атты алғашқы кітабы 1969 жылы жарық көрді.

Жастық шағында жазған шығармаларының арасында «Оң қол» әңгімесі сол кездің өзінде оқырманын елең еткізді. Төлен Әбдіктің шығармашылығын мақалаларында тарқатқан жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бұл туынды мектеп жасында өздеріне ерекше әсер еткенін жазды. «Оң қол» жазушының атын аңызға айналдырған әңгіме болғанына жетпісінші жылдардың ортасынан бергі бірнеше буын оқырманның бәрі куә» дейді Жүсіпбек Қорғасбек. Ал Амангелді Кеңшілікұлы «Әдебиет табалдырығын аттауға мүмкіндік берген «Оң қол» әңгімесі Төлен Әбдікұлының өнердегі ұстанымының беташарын жасап берген алғашқы туындысы болды» деген тұжырым жасайды. Осы «Оң қол» әңгімесі желісімен көркем фильм де түсірілді.

Жазушының қаламынан повесть те, роман да туып, ла­йықты бағасын алды. Жаңа ғасыр туғанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы алтын медаль мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Жүсіпбек Қорғасбекке берген сұхбатында қаламгер: «Мен негізінен екі бағытта жазамын. Бірі – реалистік бағыт: «Әке», «Қайырсыз жұма», «Өлара» романы, тағы да басқа біраз шығармаларым осы бағытта. Екіншісі – философиялық бағыт: «Ақиқат», «Оң қол», «Парасат майданы», бәлкім «Тозақ оттары жымыңдайды» деген.

Қаламгердің күйшілік, домбырашылық қырын да ел біледі. «Домбыраға бала кезден әуес болдым. Мектепте жүргенде Қапанов Ағыбай, Қапақов Әмірбек деген мұғалімдерімізден күй үйрендік. Алматыға келгеннен кейін Құрманғазы оркестрінің домбырашысы Мұхитов Сапардан көп күй үйрендім. Нұрғиса Тілендиевтің соңынан ерген кездеріміз болды. Ол кісі 200 адамнан тұратын оркестр ұйымдастырып, соның құрамында Опера және балет театрында концерт бердік. Жалпы, домбыраның менің өмірімнен алатын орны үлкен деп айтуыма болады. Жан дүниеме қатты әсер ететін оқиғалар тұсында өзім де күй шығаратын бір әдет тауып алғам. Үш күйімді («Жарық дүние», «Төрт түтін», «Қосбасар») радиоға жазып алған болатын. Күй тақырыбына жазған «Көрші» атты әңгімем 2018 жылдың көктем-жаз айларының бірінде болар, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды» деп жауап берді жазушы сол сұхбатында.

Кезінде бұл әңгімені өзіміз де оқып, ұнатып қалған едік. Күй тәңірісі Тәттімбеттің мұрасын жиырмасыншы ғасырда жаңғыртып, ұрпаққа табыстаған Әбікен Хасеновтің жалғыз ғана «Қоңыр» атты күйінің алғашқы сарындары туғанының куәгері болған көршісінің әңгімесі негізінде жазылған шығарма оқырманды бірден тартып әкетеді. Бірақ оқиғаны баяндаған адам қандай ұлы күйшімен қабырғалас көрші екенін білмеген, тіпті, танымаған да. Тек қабырғаның арғы жағынан күйді тыңдап, домбыраның әсем сазына елтіген. Мұны жазушы төмендегі жолдармен береді:

«…Сәті түсіп қаладан екі бөлмелі шағын пәтер алдық… Бір күні қабырғаның арғы жағынан домбыраның үні естілді. Мен өзім, қазақы тәрбиені аздау көрдім бе, әйтеуір, домбыра, ұлттық өнер жағына аса бір қызыққан емеспін. Бірақ мына бір әуен, сыздаған жүрегіме шипа болғандай, майдай жағып әкетіп барады. Жаңа шығып жатқан күй ме, әлде әлдекімнің жаңа табылған шығармасы ма, әйтеуір бұрын-соңды мен естімеген әуен… Содан, не керек, қабырғаның ар жағындағы домбыраны тыңдауды әдетке айналдырдым. Кейде күндіз де естіліп жатады. Әйтсе де ондай кез сирек. Негізінен түнге қарай басталады. Жұмыстан келіп, шайымды ішіп алғаннан кейін басталатын уақыты болды-ау деген кезде екі құлағымды қабырғаның аржағына түрем де отырам».

Күйдің әсері күйшінің көршісіне домбыра сатып алғызды. Күйді тыңдап-тыңдап, ақыры тартуды өзі де үйреніп алды. Сол «Қоңыр» күйі еді. Бірақ күй атауын да, авторын да күйші дүниеден өткенде ғана білді. Басқа өңірге көшіп кетіп, Алматыға іссапармен келгенде күйшімен қоштасудың үстінен түсті.

«…1958 жылдың… – деп ойланып барып әңгімесін жалғады, – ұмытпасам, күз айларының бірі ғой деймін. Алматыға командировкаға келгем… Әлдеқалай бір шаруамен Опера және балет театрының тура алдымен өтіп бара жатқанмын, байқаймын, адамдар топырлап театрдың ішіне еніп жатыр, қаралы музыкаға ұқсас бірдеңе ойналып жатқан секілді. Не екенін білгім келіп, ішке кірдім. Қоштасу рәсімі екенін білгеннен кейін, мынандай театрға тегін адамды қоймайтын шығар деп, лекке қосылып ілгері жылжи берейін. Екінші қабатқа көтерілгенде көрдім, қарамен көмкерген үлкен портрет ілулі тұр. Әйтеуір мен танитын адам емес… Бір мезгілде, Құдай сақтасын, қанша жыл бойына жанымды жұбатып, жан серік болған әлгі күйім аңырап қоя бермесі бар ма! Дыбысын тым қатты қойғандікі ме, тұла бойым қалтырап, не болғанымды білмей қалдым. Есімді жиғандай болып, жанымда тұрған, шашын шалқасынан қайырған, ұзын бойлылау әдемі жігіттен:

– Мына жатқан кісі кім болады? – дедім, ортадағы табытты иегіммен нұсқап.

Жігіт маған жақтырмағандай қарады. Онысы «бұл кісіні білмейтін өзіңіз кімсіз, көктен түстіңіз бе?» дегенді білдіргендей болды.

– Бұл кісі – Әбікен Хасенов деген белгілі актер, күйші, – деді ол маған жақындай түсіп ақырын ғана.

«Күйші» деген сөзді естіген кезде жүрегім лүпілдеп қоя берсін. Менің сүйікті күйімді шығарған адам осы емес пе екен деп ойлап үлгіргенім сол еді:

– Мына күйді естіп тұрсыз ба? – деді әлгі жігіт тағы да маған еңкейе түсіп…

– Осы «Қоңыр» деген күйдің авторы ғой, – деді ол бетіме таңырқағандай болып қарап».

Әңгіме желісі өткен ғасыр­дың орта тұсына жетелейді. Алдымен қала тұрғындарының көршілерімен араласпау, бірін-бірін танымау проблемасын қозғайды. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, содан бері жағдай өзгермеді десе де болады. Қазір де көппәтерлі үйдің тұрғындарының араласып кеткені шамалы. Көршілерімізді күнде көріп жүргенімізбен, біразының аттарын білмейміз. Сосын жазушы өмірде болған нақты тарихи тұлғаны келтіре отырып, күй құдіретін паш етеді. Оның орыстанған санаға әсерін әдемі суреттейді.

«Көрші» әңгімесі жазушы, драматург Жолтай-Жұмат Әлмашұлын да оқыған бойда баураған. «Әңгіме оқып отырмын. «Қазақ әдебиетіне» шығыпты! Кәдімгі көркем әңгіме! Аты – «Көрші». Басталуы бірсарынды, қарапайым ғана баян. Алып-жұлып бара жатқан асқақтау да, ерсілі-қарсылы есіп кету де, тіл безеп текетіреске түсу де, тіпті толқынданып-тулап жату да байқалмайды. Жайбарақат, асып-таспай, өзімен-өзі арна салып аққан момақан өзен суы сияқты. Апырмай, біз ғой, бір әңгіме бастасақ, салғаннан мінезімізді көрсетіп, тілін төрт құбылтып, сөздерін сазды әуенге бөлеп әуреге түсіп кететін едік қой. Мына кісі… қалай жазады?…  Әуелде «осындай әңгімені мен де әп-сәтте жазып тастай алам ғой» деп пенделікке салынасың. Тіпті… асқақтаңқырап, бұдан да асырып жіберем деп іштей күпінесің… Ой сан-саққа бастап, қияға жетелеп кете берген соң, әңгімеге қайталап бас қоясың. О-о, бұны жай оқымау керек, жүрекке салып әлдилеп алып шығу керек мұндай туындыны!..  Ал оны кім жазыпты? Әлбетте, жазуы бөлек, төгілісі тың, шабысы өзге, айтары астарлы қазақ қаламгері Төлен Әбдік қана жасай алыпты!..» деп жазды қаламгер ілгеріде «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген бір мақаласында.

Арманы – асқақ,

Өзі – аласа еді.

Қанында –

Қасиетті қараша елі.

Миында –

Күлтегіннің Жазуы бар,

Аспанда – Алла!

Жерде – Алаш еді!..

Бұл – көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының Төлен Әбдікке арнаған өлеңінің алғашқы шумағы. Алаш қайраткерлері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлымен бір топырақта туған қаламгер – Алашшыл азамат.

«…Бізде қазір тәуелсіздік жылдарында билік құрған авторитарлы режімнің дәуірі аяқталды дегенді жұрттың бәрі айтып жүр. Ол дәуірге қайтып орала алмайтынымыз белгілі. Егер біз шын мәнінде жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, ұлттық идеяны айқындап алуымыз керек.

Ол идея – Алаш идеясы. Республика нышанындағы жаңа заманғы жаңа мемлекетті жасақтаған Алаш көсемдеріне – Қазақ Республикасының негізін қалаушылар (Отцы-основатели) деген мәртебе берген жөн…» деп жазған еді жазушы биылғы көктемде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Алаш ұранды ел болайық» атты мақаласында. Бір жиында қаламгердің Алаш ардақтыларына арнаған «Жеңіс пен жеңіліс» өлеңін де өз аузынан естіген едік.

Жеңістер бар даңқы басым,

адам айтса сенгісіз,

Заман өте ұмытылатын,

аты-заты белгісіз.

Қасіреті көп болса да,

қасиеті өшпейтін,

Тарихта жеңіліс бар –

жеңістерге бергісіз – деп түйін­дейді сол өлеңін жазушы.

«Өз қатарынан жеке дара интеллектуал жазушы» дейді Төлен Әбдік туралы Жүсіпбек Қорғасбек. Суреткер, оның шығармашылығы жайында алдыңғы буын, өзінің замандастары және кейінгі буын қаламгерлері аз айтпады. Әлі де талай айтылады деп ойлаймыз. Сеңгірі құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button