Руханият

Суретшінің «Ойтолғауы»

Елбасы кітапханасының көркемсурет галереясында суретші Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

[smartslider3 slider=2248]

 

Гүлмарал Тәтібаева – ­Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Қазақстан Суретшілер одағы мен Еуразия дизайнерлер одағының және Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі. Автордың жұмыстары Қазақстан, Түркия, Голландия, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай және басқа елдердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.

Шығармашылық жолының басында суретші түпнұсқа графика техникасында жұмыс істеген. Суреттің әсемдігімен, композициялық үйлесімімен ерекшеленетін бұл туындылар шығармашылық шабыттың шарықтау шегін көрсетеді. Гүлмарал сурет шеберлігін шыңдап, түс пен фактураға бет бұрады.

– Гүлмарал Тәтібаеваның еңбектерінің басым бөлігі көшпенділер өркениетінің мұрасы ретінде Қазақстанның тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін суреттейді. Алапат ашаршылықтан, тоталитарлық режимнен, төңкерістер мен соғыстардан аман қалған қазақ халқының қасіретіне үңілген автор зұлматты еске түсіріп қана қоймай, тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыздың алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырады, – деді көрменің ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Суретшінің назарын аударған және оның шығармашылығының жеке бағытын қалыптастырған алғашқы маңызды тақырыптардың бірі «әскери коммунизм» саясаты, ұжымдастыру салдарынан болған 1919-1922 және 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтың қасіретті кезеңі болатын. Сол қайғылы жылдардағы оқиғалар автордың ойтолғауын қалыптастырып, жұмыстарында тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына жауапты екендігін көрсете білді.

Кейіннен Гүлмарал халықтың тарихына, мәдениеті мен рухани құндылықтарына, ана мен бала әлеміне, отбасы институтына назар аударды.

«Бүгінгі көрме мен үшін өте маңызды. Ол 2002 жылдан бастап жарық көрген 90-нан аса жұмысты қамтиды. Суреттердің басым көпшілігі 5 жылдан артық уақыт бойы салынған. Олардың арасында қапшыққа, қайың қабығына бейнеленген туындылар да бар. Бұл жұмыстардың арқасында мен халқымыздың тарихы мен мәдениетін суреттеуге тырыстым. Мәселен, қол ұстасқандай бірінен соң бірі тізілген шапандар арқылы мен қазақ елінің бірлігі мен қонақжайлығын жеткізбек болдым. Байқасаңыздар, көрмеде ұлттық нақыш өте көп. Оларды қалың жұрттың назарына ұсынуға көмектесіп, көрмені ұйымдас­тыруда атсалысқан Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғысым шексіз» деді суретші Гүлмарал Тәтібаева.

«Ойтолғау» көрмесі Елбасы кітапханасының 1-2 қабатта орналасқан көркемсурет галереясында 2022 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады.

Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button