Басты ақпаратҰлт ұпайы

Светқали Нұржан: Уәдеден алыстасақ, сөзден кие қашады

Светқали Нұржанның ақындық болмысына өзінен бұрынғы ақын-жыраулар, би-шешендерден жеткен дәмді сөз, уытты өлеңдер мен жалынды жырлар қатты әсер еткен. Өскен, қалыптасқан ортасы тазалықты, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан өршіл рухты қас­терлейді. Қазақ руханиятына өзіндік қолтаңбасымен келіп, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген, еліміздің ең мәртебелі марапаты – «Отан» орденінің иегері ақын Светқали НҰРЖАНМЕН елордаға келген сапарында жолығып, сұхбаттас­қан едік.

– «Қазақия қағанатының іргетасы сөзден құйылған! Жай сөз емес, құсни сөз! Бұл – пафос емес, көзім әбден жеткен шындық» деп едіңіз бұдан бұрын берілген сұхбаттарыңызда. Сөзді тыңдайтын халық, халықты тыңдайтын билік бар деп санайсыз ба?

– Санаткерлер: «Ең әуелі сөз болған!..» деген Інжілдің ілкі аятын жиі мысалдап жатады. Шынында біздің болмыс ретінде қабылдап жүрген бес сезім мүшесі арқылы сезілетін, көрілетін құбылыстарымыз, яки «өмір» деп сүріп жатқан әлеміміз – шын Болмыстың көлеңкесі ғана. Біз әу бастағы қасиетті қаламмен түскен өсиетті Кәламнан (Сөзден) ажырай бастағаннан кейін ­Ғалам-сағирды танымай қалдық. Ғалам үшке бөлінеді: ­Әкбар-Ғалам (ұлық, яғни Құдайлық ғалам), Кабир-­Ғалам (бізді қоршаған әлем), Сағир-Ғалам, кіші ғалам, яки жеке өзіміз. Егер өзімізді танысақ, қалған қос ғаламның барлық құпиясы мен сыры қолымызға келіп, дүние судай тұнық қалпын танытар еді. Өкінішке қарай, озалдағы Әлмисақи Уәдеден алыстаған сайын Сөзден кие қаша бастады. Сөйтіп қағанаттарымыздың іргесі іріп, керегесі шіріп тынды. Ал енді біз Абай заманының өзінен алыс­тап кеткелі қашан? Оның өзі «түгел сөзді түсіне алмайтын» қазағына өкпелеп кетті емес пе? Демек «халық» деген шын сипатынан айрылып қалған көпшілікті «сөз тыңда» деп қинаудың өзі зорлықтай. Ал көпшілік пен билік бір-бірінен адасып кеткелі қай заман?!.

– Баяғы, қазақы, ұлы жыраулардың соңы Сүгір жырау Бегендікұлы, Ұзақбай жырау Қазжанұлы, Мұрат Өскенбаев, олардың ізін басқан Әлқуат Қожабергенұлы сияқ­ты белгілі жыршы-жыраулардың, күйшілердің алқасында бәйге бала болып, жырларын тыңдап өстіңіз. Ақын-жыраулар ортасында, қазақы ауылда өспесеңіз осындай шайыр болар ма едіңіз?

– Болмас едім. Егер менің таланыма нәсіп болған таңғажайып ортада болмасам, шамалап айтқанда, ортаңқол постмодернист ақын болып азғантай ғана есанаулау оқыр­манның басын қатырып жүретін шығармын?.. Менің санама олар, яки әлгі өзің айтқан есімдер сіңірген киелі ақпараттар мен тылсым сезімдерді һәм қастерлі ұғымдар мен тілдік құнарды әлемнің ешбір жоғары оқу орындарынан немесе элитарлық мәдени орталарынан ала алмас едім. Қайткен күнде де Құдайдан күшті емеспіз, қазақ қылып жаратқан, оның ішінде де жұтқа ұшыраған өлкенің ортасындағы ғайыптан тайып сау қалған шұрат-оазистей қоныста ғұмыр кештірген пешенемдегі тауан-тағдырыма шүкір деймін.

Мен өзім 40 жасымның жобасында іштей қиялдап: «Ұлтымның 1000 жылдық тарихына ақындық «шабуыл» жасап, түрен салсам, поэтикалық панорамасын жасасам» дегем. Тағы да шүкір деймін, діттеген мақсаттарыма біршама жеттім деп қанағатпен айта алам. 50 шақты әр көлемдегі тарихи дастан-поэмалар, хикая-дастан, әфсана-дастандар жазыппын. Осы бүгін ғана «Балладалар» атты 125 туындымның басын құраған көлемді кітабым қолыма тиді. Алайда шығармашылыққа қанағат жүрмейді. Сен өзіңнің еңбегіңе қанағаттана бастаған күнің – ақындық ажалыңнан хабар келген күн

– Ақиқаттың сыңарындай

Шежіресін тұмарындай сақтаған.

Абыл-жырды ұранындай,

Құлшар-күйді Құранындай  жаттаған, – деп жырлағаныңыздай, Светқали аға, өзіңізге дейінгі өткен жырау­лардың жыр-дастандарын түгел жаттап алған құйма құлақ өнер иесісіз, оның үстіне сол тарихи оқиғалар өткен, тұлғалар өмір сүрген киелі жерлерге барып, жиhанкез қалам иесі ретінде өте танымалсыз. Өңірлерді аралап жүріп, өлкелерге сапар шегу арқылы не нәрсеге көз жеткіздіңіз, қастерлейтін дүниеңіз қайсы?

– Өзіме дейінгі жыраулар мұраларында маған ғана емес, күллі адамзатқа ауадай қажет рухани код сақталған. Ол код ашылмағасын да адамзат қоғамы бұлыңғыр тұманға еніп, буалдыр күмәнға жем болуда. Өкінішке қарай, оны жапан даладағы қаңғыған жалқы пәруана болмаса, «жапон-қаладағы» бәңгіген жалпы қаймана ұғынбайды. Олар түгілі, сол мұраларды зерттеп нан тауып жүргендердің өзі түбейлеп танып, түбіжіктеп түсініп алған деп айта алмаймын.

Ал өңірлерді аралауға келсем, мен әр өлкеге қадам басқан сайын жаңа кітап оқығандай сезімде болам. Жаңа әрі көне кітап… Ең басты көз жеткізген шындығым – әулие бабалардың Құдайдың пәрменімен жасап кеткен ұшан-мұхиттай мәңгілік еңбегі! Төбеңнен қанша өңі жаман жат дауылдар өтсе де топырағынан тамыры ажырамай қалған ұлы бірлік, ұлы руханият, ұлы мәдениет, ұлы тарихты көрем. Сол ескі де жаңа кітаптарды оқып алам да жаңа сапарларға аттанам. Ал әлгі кітаптардың тылсым әсерлері менің жүрегімде бүршік жарып, ұзамай жеміс­терін бере бастайды. Ол жеміс­тер менің дастандарым мен балладаларымда, жырларым мен эсселерімде, басқа да еңбектерімде тап салған. Пейілі жеткен алады, зейіні жеткен ұғады…

– «Қазағым!» деп туды алғашқы ғазалым,

Сол халыққа бардай әлі жазарым.

Тілек айтам мінәжатты түндерде:

«Қазағымның алдында ал, – деп ажалым!..» деп, не болса да шындықты, ақиқатты жазатыныңыз, еліңіздің өткені мен бүгінін зор сүйіспеншілікпен жыр­лайтыныңыз жырсүйер қауым үшін қадірлі. Нені жазып, нені жаза алмадыңыз, өкінішіңіз бар ма?

– Құдайға шүкір, тілден кісен, ділден шідер алынғалы талай болды. Тіпті, еркіндіктің пайдасымен бірге залалын да көре бастағандаймыз. Өйткені иманы тұтаспаған ұлттың қазанынан қақпақ кетіп еді, иттерінен ұят та безді. Небір жалған кітаптар жарияланып, тынбай насихатталып, олар тіпті, оқулықтарға еніп кетіп ұрпақ санасын атала қылуда. Тәуелсіздік алғанда бізде рухани тоған болмады. Соның кесірінен не түрлі кірлі топан ұлт санасын былғап өтті. Осынау «әділетті Қазақстаныңыздың» өзі бұл аса шетін мәселеге назар аударар түрлері байқалмайды. Осының бәріне мынау «әлем-жәлем» әлем де, ақпараттық құралдар да, ақысын берсе, боқысын, бәлкім, қоқысын шығаратын баспалар да қосаметкей болған түрі бар. Әрине, адамзат өміріне енген әрбір өзгеріс пен жаңалық өзінің игілігімен бірге кесапатын да қоса әкелетіні заңдылықтай…

Мен өзім 40 жасымның жобасында іштей қиялдап: «Ұлтымның 1000 жылдық тарихына ақындық «шабуыл» жасап, түрен салсам, поэтикалық панорамасын жасасам» дегем. Тағы да шүкір деймін, діттеген мақсаттарыма біршама жеттім деп қанағатпен айта алам. 50 шақты әр көлемдегі тарихи дастан-поэмалар, хикая-дастан, әфсана-дастандар жазыппын. Осы бүгін ғана «Балладалар» атты 125 туындымның басын құраған көлемді кітабым қолыма тиді. Алайда шығармашылыққа қанағат жүрмейді. Сен өзіңнің еңбегіңе қанағаттана бастаған күнің – ақындық ажалыңнан хабар келген күн.

– «Әдебиет – ардың ісі» деуден жалықпай келеміз. Әдебиетке адалдық, өткендерді қадірлеу кемшін тұста жас қаламгерлердің қадамы туралы не айтар едіңіз?

– Жақында ғана сыйлас қарындастарымның бірі Гүлбиғаш Омар маған «Дауыс» атты жас прозашылардың кітабын берді. ЖазОдақтың қатысынсыз, белгілі меценат Исламбек Салжановтың демеу­шілігімен жарыққа шыққан «әңгімелер антологиясы» екен. Алғысөзін М.Мағауин жазғанынан үміттенсем де көңілімде қобалжу болғаны рас. Бірақ кітап ілкі бетінен-ақ мені иіріміне тарта жөнелді. Мұндағы Б.Қадыр, Д.Жылқыбай, А.Әділбек, Е.Нұрахмет, Ә.Рахат, Т.Қылышбек, С.Ақтай, Ж.Нартай, С.Бекжанов, ­Б.Батан сынды жас қаламгерлердің қадамдары көңілімді сергітті. Нысанасы айқын, әдебиетке дайындықпен және жауапкершілікпен келгендері байқалады. Тілдік құнар бар. Байқауымша, дені арғы беттен келген балалар көрінеді. Шеберліктері мен тәжірибелері жетпей қалған жерлерінің өзінен ізденіс іздері байқалып тұрады. Демек, бұл он жастың аяқ алысының өзі-ақ проза жанры бойынша қазақ әдебиетінде ілгерілеу барын зайыр байқатады.

Ал поэзиядағы, басқа жанр­лардағы ізденістер де мігірсіз жылжуда. Тек ол «жылжулардың» ішінде Ұлық Қазақтың санасына ергізде сіңбес әдеби ібілістердің ағымдары бар екенін де айтқым келеді.

Жаңа «арғы беттен» деп қалдым ғой, Қытайдан 90-жылдардан кейін келген рухани лектің біздің көкжиегімізді орасан кеңіткенін айта кеткенді жөн санадым осы ретте. Рухы таза елдің ғана ұландарының сүйегінде құсни сөздің мөрі болады. Ал қазір ол жақтағы саяси сойқандардың талқысына түсіп жатқан қандастарымыздың тағдырына жүрегіміз қан жылайды. Ендігі келгендер кім болып келер екен деген де үрейлі сауал оянады санаңда…

– Ел руханиятын төрге оздыру үшін білімге ұмытылуы қажет пе, ілімге бас қойғаны дұрыс па, қалай ойлайсыз?

– Шіркін, жүректі төл Руханиятыңа (ілімге) байлап, адамзат қол жеткізген білімге қол созсаң, кәні?!.

– Өлеңдеріңізде саясатты бағамдай білу, елдіктің болашағын баянды ету үшін, қазақтың қазақтан өзге досы жоқ екендігін айта түсесіз. Тәуелсіздікті баянды ету жолында қандай іс-шараларды қолға алған жөн, әдебиет – халықтың рухын көтере алатын алып күшке айнала ала ма?

– Әйгілі Макиавелли өзінің әлемге мәшһүр «Государь» еңбегінде: «Пешенесіне мәңгі қозғалыс енші етілген адамзат тіршілігі не шығандайды, не құрдымға құлайды» деген. Ол одан ары мемлекет азғындаса, заң тезге сала алмайтын азғындарды патшаның қаһарымен тізгіндеуді ұсынады. Біздің де «адамзат сапарының мейманы» (Қасым) екеніміз рас болса, осынау ғасырлар тезінен өткен қорытындыларға бір кезек құлақ қойсақ керек еді. Ел билеу негіздерін түбіжіктеп түсіндіретін сонау селжұқ сұлтандары Алып Арсылан мен Мәлік шахтың дана уәзірі Низам әл-Мүліктің «Сиясат-нәме» еңбегін оқыған патша пешенеміз бен көсегемізге бұйырған емес. Ал біздің қоғам қазіргі күллі адамзатқа тән азғындаудың соңғы сатыларына көтеріліп болды. Бүгінгі таңда барша адамзатқа өтімді философ Ф.Фукуяма «Адамдардың өзара және мемлекетке сенімі – қоғам дамуының басты кілті» деген ой айтады. Ал өзің айтқан «әдебиет ұлт рухын көтерер алып күшке айналар-ақ» еді, егер ол өзінің Бастапқы Мақсатын тауып, ұлы мұратына жегілсе. Бірақ ол жақсы нышан некен-нұқан болмаса, арна тартып кетер түрі байқалмайды.

– Қазір жер бетінде күллі адами құндылықтар аяқасты болып, инсаниятты ізгілік емес, обырлану мен тобырлану үдерісі құрдымға сүйреуде. Табиғи тепе-теңдіктің талқаны шықты. Отбасы құндылықтары күйреді, бір жыныстылар құқын даулай бастады… Қазақ тілінің жағдайы да аса жақсара қоймады. Не істеу керек?

– Күні кеше Америка президенті Байден шал «Біржынысты некеге рұқсат беретін» «Заңға» қол қойды! Менің есіме осындай азғындыққа салынған Лут қауымы туралы діни хикая түсті. Ал «ерсекілік» атты бұл құбыжық індет кешегі «ғұсылсыз қадам баспаған, дәретсіз кәлам ашпаған» біздің қастерлі топыраққа да келіп жетті. Мен осы мәселеде қазақтың классик жазушысымен сөзге келіп те қалған жерім бар. «Біз олардың құқын қорғауымыз керек, өйткені табиғат 10 пайыз қателеседі» деп өзін «дәлелдемек» болды әлгі 80-ге келген «ақсақал»… Кезінде министрдің қолымен Қазақстан заңдарына «жыныс ауыстыру еркіндігін» кіргізудің өзі бұл құбыжықтың біздің де қолқамызға қол салғанының айқын дәлелі! Міне, бұрынғылар айтып кеткен Тажал (Дәджал-жалғаншы) таққа мінген заманның қазіргі кеспірі осындай. Демек Жаратушы Иенің иә адамзатты Қаһар сипатымен жазалайтын немесе Құдірет сипатымен тазалайтын кезеңіне тірелдік… Ал осындай кесіреңкі кезеңнің әсіреңкі саясаткерлеріне сенің тіліңнің қарабақыр құны жоқ! Өздері жат ділмен тәрбиеленген, безінен жаралған шадырқайларын жат тілде өсірген саясаткерсымақтарда Отан, Туған жер, Қасиет, Кие, Тіл, Діл, Дін деген елді ел қылатын негізгі Ұстын-Ұғымдар қарастырылмаған.

– «Дүние өзгерерде бұғып жатқан жанартаулар бұлқынады. Ал рухтың жанартауы атылмасын, ол атылса, жолына ештеңе бөгет бола алмайды» дедіңіз. Жұтуға ауа, ішуге сусын қалай керек болса, руханиятқа қызмет ететін кемел дүниелер қашанда керек. Қазақтың рухын көтеретін қандай әрекеттер жасаған дұрыс?

– Әңгіменің ашығы, есі дұрыс азаматтың бәрі сол «Рух жанартауы атылатын» сәтті күтіп отыр. Әулиелерден қалған көне кітаптарда баяндалатын ол кәделі күнге, менің шамалауымша, аса көп қалған жоқ. Сондықтан мен дүниеде жасалып жатқан барша жамандық атаулы белең алған сайын сол күннің хабары шығар деп қабылдаймын. Құдайдың жақсылығынан үміт еткендіктен де ертеңге деген сенімім нығая түседі. Ал «қазақтың рухын көтеретін әрекеттерге» сол кезде көшетін шығармыз. Оған дейін біз өзімізде бар мүмкіншілікті пайдалана алмайтынымыз аян болды…

– Алда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы келе жатыр. Еліміз жаңа саяси-экономикалық өзгерістер алдында тұр. Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар, білікті мамандар, зиялы орта ғана құра алады. Ұсыныс түссе Маңғыстау жұрты атынан Парламентке депутат болуға қалай қарайсыз?

– Жаңа да айттым, жақсылықтан, ізгіліктен үміт еткенге не жетсін, бірақ күллі инсаниятқа нәр, тыныс, қуат беретін тамырлардың бәрін жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасудың, жымдасқан қылмыскерлердің, арам діндердің, ерсекіліктің, арсыздықтың іріңдері жайлап алған. Сондықтан аса зор қаржылық ресурстарға, сыртқы-ішкі айлапат қолдауларға ие ол жойдасыз күш сен айтып отыр­ған саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани өзгерістерді оңайлықпен жасатпайды. Ол күштің алдында өзің айтқан «озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар, білікті мамандар, зиялы ортаның» өзі дәрменсіз.

Қатты айтты деп ренжіме, менің өзім ендігі қалған ғұмырымда саясаттың сойыл соғарына айналып жүре алмаймын. Бұрынғы өмірімді де Құдайдан басқа ешкімге тәуелді болмай өткізгенмін. Мен Маңғыстаудай мұңқиянымның қиян түкпірлеріндегі тауасты мешіттерінде майшамның түбінде немесе Ай-шамның астында Алладан «Алтын заманның» таңының атуын тілеп отырған жанмын. Демек Парламент мені күтпей-ақ қойсын…

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button