Басты ақпаратЕл тынысы

Су байлығын қорғау – ұлттық қауіпсіздік кепілі

«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды».

Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Су – тіршіліктің өзегі, байлықтың бастауы. Ол – экономиканың негізгі қозғаушы күші ғана емес, халықтың әл-­ауқаты мен экологиялық тепе-­теңдікті сақтау үшін аса маңызды ресурс.

«Таза Қазақстанның» тиімділігі көп

Қазіргі таңда әлемдегі су тапшылығы мәселесі күннен-күнге өзекті болып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Ғалымдардың болжамы бо­йынша 2030 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі, бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз. Еуразия құрлығында орналасқан Қазақстанда да су тапшылығы жылдан-жылға ушығып келеді. Жақында Астанада өткен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы халықаралық конференция бұл мәселенің маңызын тағы да айқындап берді.

Жері кең, жан саны аз мемлекет болғанмен, су байлығы тапшы елдердің бірі – Қазақстан. Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз.

Еліміздегі су тапшы­лы­ғы, ластану, тиімсіз пайдалану – бұл тек экологиялық қана емес, экономикалық, әлеуметтік қауіпке айналып отырған факторлар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығында судың 40 пайызы босқа ысырап болуда.

Сонымен қатар су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозған. Суды үнемдейтін технологияларды енгізу қарқыны да жеткіліксіз. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құрайды, ал қажеттілік жылына 150 мың гектарды талап етеді. Осы мәселелерді шешудің жолдарын табу мақсатында жуырда ҚР Президенттік орталығында Дүниежүзілік су ресурстары күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференция өтті.

Конференцияда сарапшылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар суды тиімді пайдалану жолдары мен Қазақстанның осы саладағы жаһандық бастамалардағы рөлі туралы пікір алмасты.

Тапшылыққа ысырапшылық қосылды

Қазақстанда тұщы су қоры әлемдегі 179 елдің ішінде 66-орында тұр. Дегенмен су тұтыну көлемі бойынша 11-орынға ие болуы еліміздегі суды үнемдеудің өзекті мәселе екенін көрсетеді. ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболаттың айтуынша, Қазақстан су тапшылығы мәселесін шешуді күрделендіретін негізгі факторлар – елдің негізгі су артерияларының трансшекаралық сипаты, су қоймаларының ластануы және суды тиімсіз пайдаланумен қатысты екен.

– Суды пайдалану және су қауіпсіздігі мәселелері – қазіргі әлемнің күн тәртібінде тұрған өткір жаһандық проблема. Климаттың өзгеруі мен халық санының қарқынды өсуіне байланысты бұл мәселе күннен-күнге өзекті түйінге айналып барады. Жер бетіндегі су ресурстарының 96,5 пайызын мұхиттар құраса, тек 3,5 пайызы тұщы су. Оның 1,7 пайызы жерасты сулары, ал өзендер мен көлдердегі беткі тұщы су мөлшері небәрі 0,02 пайызды құрайды. Бүгінде әлемдегі жалпы су тұтыну көлемі жылына шамамен 4,3 трлн текше метрді құрайды. Құрғақ климаттық аймақта орналасқан Қазақстан үшін су тапшылығы – аса өзекті мәселе. Оны шешуді күрделендіретін негізгі факторлар – елдің негізгі су артерияларының трансшекаралық сипаты, су қоймаларының ластануы және суды тиімсіз пайдалану. Сондықтан су ресурстарын тиімді әрі ұтымды басқару – еліміз үшін өмірлік маңызы бар міндет, – деді Бақытжан Темірболат.

Дәйекті деректер еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі өзгерістер қажет екенін дәлелдейді. Сондықтан еліміздің су инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа жобаларды жүзеге асыру – аса өзекті мәселе. Конференцияда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурс­тары комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев осы түйінге айрықша тоқталды. Қазіргі таңда су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелері бұрын-соңды болмаған сын-­қатерге тап болғанын айта келіп, еліміздің су инфра­құрылымы саласын нығайтып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы су пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды да атап өтті.

«Су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелері бұрын-соңды болмаған сын-қатерге дөп келді. Оларға климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, су қоймаларының ластануы және су тапшылығы бар аймақтардағы тұрақсыздық жатады. Осы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда су шаруашылығы саласы ауқымды трансформациядан өтуде. Орта мерзімді перспективада елімізде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық нысанды қайта құру, сондай-ақ 14 мың шақырымға жуық ирригациялық каналдарды салу және жөндеу жоспарлануда» деді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова су ресурстарын тиімді басқару үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайту, жастарды тарту, білім беру бағдарламаларын кеңейту және экологиялық жобаларды қаржыландыруды арттыру маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстандағы су тапшы­лығы мәселесі экономикаға, ауыл шаруашылығына, халықтың денсаулығына және экожүйеге әсер етеді. Негізгі қиындықтарға тұщы су тап­шылығы, айдындардың лас­тануы, ресурстарды тиімсіз басқару, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы арасындағы су үшін бәсекелестік жатады. Бұл мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың – мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның белсенді қатысуы қажет. Кешенді тәсіл мен ынтымақтас­тық елімізде су ресурстарын әділ әрі тұрақты басқаруға қол жеткізуге мүмкіндік береді» деді депутат.

Көршіңе қарап көш түзе

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан өз су ресурстарының 45 пайызын трансшекаралық өзендерден алады. Бұл судың тұрақты келуін қамтамасыз етуде көрші елдермен ынтымақтастықтың маңызын арттырады. Конференцияға қатысқан Селчук университетінің профессоры Сүмер Вакур Түркияның су саясаты елдегі экономикалық, әлеуметтік теңсіздікті төмендету, ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқ­ты стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталғанын айта келіп, «Қазақстан да осындай ұстанымдарға негізделген стратегия әзірлеуі қажет. Қазіргі уақытта Түркияның тұщы су ресурстарының 30 пайызы трансшекаралық өзендерге тиесілі. Қазақстан үшін де халықаралық ынтымақтастық, суды әділ бөлу мен инновация­лық технологияларды енгізу өте маңызды» деді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Наталья Даулетьярова еліміздегі су қоймаларының ластану деңгейі жоғары екенін айтты. Бұл арада суды ластаушы негізгі факторларға өнеркәсіптік қалдықтардың суға ағызылуы; ауыл шаруашылығының химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдануы; су айдындарының тұрмыстық қалдықтармен ластануы жататынын ескерген жөн. Бұл мәселелерді шешу үшін қатаң экологиялық бақылау орнату, кәсіпорындарға суды тиімді пайдалану талаптарын қою және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру ауадай қажет.

Түркия, Қытай, Нидерланд және Израиль сынды елдер су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданып келеді. Қазақстан осы елдердің тәжірибесін зерттеп, өз еліміздің жағдайына қарай бейімдеуі керек. Конференцияда сөз алған Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілі Серік Бекмағанбетовтің айтуынша, су ресурстарын тұрақты басқару бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы Қазақстан аймақтық деңгейде көшбасшы бола алады. Бұл бағытта халықаралық серіктестік аясында заманауи технологияларды енгізу үлкен маңызға ие.

Қазақстандағы су мәселесі – экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі.

«Таза Қазақстан» бастамасы – елдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам. Мемлекеттік деңгейде кешенді реформалар, халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу арқылы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Барлық мүдделі тараптың, соның ішінде халықтың белсенді қатысуы ғана бұл күрделі мәселені шешуге үлкен мүмкіндік береді. Су – тіршілік көзі, оны қорғау – әрбір азаматтың міндеті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button