Елорда тынысы

Су басу қаупін азайтады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына нөсер және тазарту құрылыстары салынып жатқаны туралы жазды.

«Елорданың қарқынды дамып келе жатқанын ескерер болсақ, нөсер және тазарту құрылыстарын салу – маңыз­ды бағыт. Елордада бірқатар инженерлік инфрақұрылымның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, Е32 (Нұра ауданы) көшесінде кәріз сорғы станциясын (КСС) салып жатырмыз. Ғимарат қуаты тәулігіне 290 мың м3 болатын қаладағы ең өнімді станция­лардың бірі болады. Оны іске қосу қаланың сол жағалау бөлігін су тарту жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал бұл тұрмыстық кәріз коллекторларының су басу және толып кету қаупін азайтады. Нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз» деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін Абай даңғылында кәріз сорғы станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 80-жылдардағы тозығы жеткен желілер мен құрылыс­тарды қолданыстан шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаланың оң жағалауындағы тұрмыстық кәріз жү­йесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

«Сондай-ақ нөсерлі кәріз жүйесін дамыту мәселесімен жүйелі түрде айналысамыз. Біз жауын-шашын кезінде ағын су жиналатын қаланың жекелеген учаскелеріндегі нөсерлі кәріз желілері мен құрылыстарының жарамдылығына байланысты нақты қиындықтарды шешеміз.

Биыл Ақбұлақ шағын ауданында нөсер кәрізінің тазарту құрылысын реконструкциялау жұмысын аяқтаймыз. Жоба аясында тазарту құрылыс­тарының өнімділігін тәулігіне 21 мың м3 дейін арттыру, сорғы жабдығын ауыс­тыру, жаңбыр суы ағынының тазарту жүйесін тиісті жағдайға келтіру жұмысы орындалады. Жобаны іске асыру Б.Момышұлы даңғылында және т. б. орындарда су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді» деп жазды қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, жалпы қала бойынша 2024 жылы 24 км сумен жабдықтау желісі, 11 км тұрмыс­тық кәріз желісі салынды. Сол сияқты 8,1 км сумен жабдықтау желісі, 2,1 км тұрмыстық кәріз желісі ауыстырылды және реконструкциялаудан өтті. Бұған қоса, 3 кәріз сорғы станциясы және 7,3 км нөсер кәрізінің магистральды коллекторы салынды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button