Басты ақпаратСараптама

Су – стратегиялық ресурс

оны үнемдеп отырмыз ба?

Озық елдерде адамның өмір сүру сапасы – ауызсудың сапасымен өлшеніп, керек болған жағдайда, Антарктидағы мұздықтарды ауызсу ретінде тұтынуға жағдай жасайды. Яғни бірінші кезекте халқына сапалы сумен қамтамасыз етуді басымдық етеді. Тіпті тұрмыс­тық және ауыл шаруашылығы секторына керекті суды тиімді пайдалану жолын қарастырып, қолда бар су ресурсын қорғап, оны цифр­лы технологияны қолдану арқылы өндіріп, тасымалдау тәсілін жаңғыртуды және үнемдеуді жолға қояды. Өйткені су – өмірдің өзі, экономика көзі. Біз осыны дұрыс бағалап жүрміз бе? Ауызсудың қоры қанша жылға жетеді, оның сапасы қалай?

 Су ұлт қауіпсіздігі мәселесіне айналды

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтқан сөзі.

Жер бетінің 74 пайызын су алып жатса, соның 2,5 пайызы – тұщы су қоры. Оның көп бөлігі – Гренландия мен Антарктида мұздығына тиесілі. БҰҰ мәліметіне сенсек, әлемде 2,5 миллиард адам су тапшылығын сезініп отыр. Африканың тұрғындары сапалы ауызсудың жетіспеушілігінен гастроэнтерит, холера, іш сүзегі сынды ауруға ұшырауда.

Елдегі аз ғана су ресурсын қорғап, тиімді пайдалануды жолға қоймасақ, африкалықтардың күйін кешпеуімізге ешкім кепілдік бере алмайды.

Қазірдің өзінде халықты ауызсумен қамтамасыз етуде түйткілдер аз емес. Біріншіден, инфрақұрылымның тозығы жетті. Салада автоматтандыру мен цифрландырудың деңгейі төмен. Ағын судың режимі мен су қоймаларын зерттеу үшін 800 гидрологиялық бекет керек болса, соның 310-ы ғана жұмыс істеп тұр. Бұл су ресурстарының мөлшері мен сапасын мониторингтеуге және экономиканың саласын сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты теңгерімі жоқ. Қысқасы, мемлекеттік су кадастры жоқ. Бәрінен бұрын, су шаруашылығы инфрақұрылымын түрлі мемлекеттік орган басқарады, соның салдарынан су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізілмей отыр. Бұл – Президенттің Үкіметке қарата айтқан ескерту сөзі.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың алаңдауы орынды. Еліміз барлық өзендердің төменгі сағасында орналасқан. Көрші елдер экономикалық тұрғыда қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, суға деген қажеттілік артатыны белгілі. Мәселен, 1979 жылы КСРО мен ҚХР-дың ортақ келісіміне сай Іле мен Ертістің жоғарғы ағысында 400-500 мың гектар жерден артық жер игермесе, қазір оның көлемі 2-2,5 миллион гектар жерге жетті. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан арқылы ағып өтетін Сырдария өзенінің бойындағы 30 миллионнан астам халық суды ауыз және шаруашылық суы ретінде тұтынып отыр.

Адам үшін ауадан кейін қажеттілік су десек, оның тапшылығын қатты сезінетін елдің бірі – Қазақстан болмақ. Тіпті сарапшылардың пікірінше, 1 тамшы судың бағасы 1 грамм алтыннан қымбат болып, қазба байлық ретінде бағаланады.

Сенатта Жоғарғы палата спикері Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде су қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Бұл отырыста су саясатына қатысты жаңа, заманауи тәсілдерді белгілейтін Су кодексін әзірлеудің мән-жайы айтылды. Демек, мемлекеттік деңгейде суды тиімді пайдалану және ресурс ретінде бағалау саясаты жетіліп келеді.

Кезіңде Су ресурстары жөніндегі комитетті басқарған Ислам Әбіштен мән-жайды білдік.

– Кеңес үкіметі тұсында Қазақстандағы жер астындағы су көздерінің координаты, көлемі, сапасы толық зерттеліп, су қоры 15 миллиард текше метр деп есептелді. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген жоба. Осы координаттар бойынша қайта мониторинг жүргізу маңызды. Жобада ел бойынша 90-95 миллиард текше метр жерасты су қоры бар десек, оның 55-60 пайызы өзен-көлдермен тікелей байланысты. Бұл – біздің стратегиялық қорымыз. Келешек ұрпаққа аманаттайтын байлығымыз, – деді білікті су маманы Ислам Әбіш.

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

Халық санының өсуі, экономиканың су тұтынатын секторлары дамуына және Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне теріс әсер етіп, жыл сайын су тапшылығын тудыруда. Қазақстандағы судың 42 пайызы трансшекаралық өзендер – Жайық, Ертіс, Іле, Талас, Сырдария өзеніне тиесілі. Олар басын Ресей, Қытай және Орта Азия елдерінен алады. Бір ғана Қытайдан 34 өзен ағып келсе, оның 7-уі қара Ертістің сағасы екен.

Кейінгі жылдары Ертістің суына алаңдайтын адамдар қатары көбейді. Алайда Ислам Әбіш бұған ешқандай негіз жоқ екенін алға тартты. Қайта Ертіс өзенінің Павлодар, Абай облысы аймағында 1 миллион гектар суармалы егіс алқабын ашуға болатынын дәйектеді.

– 1886 жылдан бері Ертіс өзенінен ағатын су мөлшерін арнайы жазып отырған гидробекеттер болды. Статистикалық мәліметтер «Қазгидрометтің» РМК Шығыс Қазақстан облысындағы филиа­лының архивіндегі құжаттарда сақтаулы. Әлгі құжаттардан Қытай елі Қара Ертіске қол салмаған кездің өзінде кей жылдары өзеннің суы мол немесе аз болғанын көруге болады. Енді 7, 10, 12 жылдық циклмен саралайтын болсақ, 1901 жылдан 2022 жылға дейінгі уақыт аралығында өзеннің орташа су ағыны деңгейлес болғанын байқауға болады. Бір жылдары Ертіс өзенінде су азайса, дабыл қағудың реті жоқ. Өйткені табиғи құбылыстарға байланысты (қардың қалың түсуі, жауынның мол болуына байланысты) біресе азайып, біресе көбейіп отыруы – заңдылық. Жалпы Ертіс өзенінің 70-75 пайыз суы Қазақстанда құрылады, – деді су маманы.

Іле өзенінің жайы бөлек. Бұл жерде мемлекет аралық су бөлісу маңызды рөл атқарады. Өйткені Іле өзені суының 80 пайызы көрші елдің аумағында жиналып келеді.

– Халықаралық тәжірибеде суды бөлісудің екі жолы бар. Біріншісі – тарихи негіз бойынша, яғни ертеректе өзен немесе көлдің ағыны қалай болды, соны негізге алу. Екіншісі – қазіргі уақытта кім қанша пайдаланып отыр, сол бойынша бөлісу. Бұл дегеніміз – кімде қанша халық бар, сол бойынша есептеу. Қытай тарапы екіншісін ұсынатыны анық. Әрине, бұл біздің ел үшін тиімсіз. Біздің су тұтыну деңгейіміз көрші елдермен салыстырғанда төмен. Мейлі, өндірістік, мейлі, ауылшаруашылығы бағытында болсын, – деді И.Әбіш.

Өзен суының көп мөлшері ауыл шаруашылығы саласында қолданылатыны белгілі. Статис­тика мәліметі бойынша, 1991 жылы 2 миллион 485 мың гектар суармалы жер болса, 2019 жылы оның көлемі 1 миллион 435 мың гектарды құрады. Яғни суармалы егістіктің көлемі екі есеге қысқарды. Бұл суды тұтыну деңгейіне теріс әсер еткені сөзсіз. Міне, Қытай елі Іле өзенінің суын бөлісуде нақты фактіге сүйенуге шақыратыны сондықтан. Қытай Іле мен Ертіс өзені бойындағы жердің 70 пайызын игеру мақсатында 30 миллиард шаршы метр суды туннель арқылы бұрып алу бағдарламасын дайындады. Сондай-ақ Шыңжаң өлкесін игеруге бағытталған «635» бағдарламасын түзді. Дерек көздерінен бұл бағдарлама белгілі бір деңгейде іске асқанын білуге болады.

2017 жылы Астана су арнасына (сыйымдылығы – 445 миллион текше метр) көп мөлшерде су келіп, одан артылғанды мегаполисті қарқын судан қорғайтын қорғаныс дамбасына қарай жіберілді. Онда 350 миллион текше метрге дейін су жайылды. Сол кезде 1 миллиард су келсе не істейміз деген сұрақ туындады. Су мамандары көп мөлшердегі су келген жағдайда айналып өтетін канал арқылы қарқын суды өткізуді ұсынды. Бұл канал Нұра өзеніне құйып, әрі қарай далаға кететіні есептелді. Яғни Астана қаласына қарқын судан қауіп жоқ

 Сырдария және Жайық өзенінің мәселесі мүлде күрделі. Неге десеңіз, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан аумағынан өтетін Сырдария өзені 30 миллионнан астам халықты әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Қырғыздар мен тәжіктер электр ресурсын өндірсе, өзбектерде дария суы – өмір мен өлім мәселесіне тең, өйткені ауылшаруашылығы бағытында тұтынады. Ал Жайық өзеніне келетін болсақ, басын Ресейден алып, Челябинск, Омбы губерниясы және Башқұртстан аумағынан өтеді. Бұл өзеннің бойында мыңнан астам бөген бар. Оның үстіне, Солтүстік Оралда химия, металлургия сынды ірі зауыттар Жайықтың суын қолданады.

Суды бөлісуді реттейтін мемлекет аралық комиссия транс­шекаралық өзендерді өз мүддемізге бұрып, Қазақстанның көліктік-логистикалық кешені және тағы басқа табиғи қазба байлықты алға тартып, ықпал ететін «көзір» ретінде пайдаланып, суды тең бөлуге мүмкіндік тудыруы керек. Олай болмаса, өзен жағалаған жұрттың өзегі талғалы тұр.

Елордада су сапасы қалай, мөлшері жеткілікті ме?

Астана – ел экономикасының драйвері, ірі мегаполис екенін ескерсек, ең бірінші, судың қауіп­сіздігі мен қолжетімділігін ойлауымыз маңызды. Бұл – мемлекет деңгейіндегі аса маңызды іс.

Ең бірінші, бас қала қарқын суға төтеп бере ала ма? Дәл қазір осы сұрақ өзекті.

Есіл өзені қар мен жауын-­шашын суынан жиналады. «Астана су арнасы» осы өзеннен толады, мұны елордалықтар тұтынып отыр. Қала тұрғындарының арасында ауызсудың сапасына қанағаттанбайтындар аз емес. Елорданың ауызсуы сапасыз дегенге «Астана су арнасының» мамандары келіспейді.

– Жыл сайын сынақ зертханасы 70000 бақылау пунктінде, оның ішінде су көзін, ауызсуды сумен жабдықтау желісіне кірер алдында және тұтынушыдағы тарату желісінде 236800-ден астам талдау жүргізеді. Астана су құбырларының ауызсуы барлық көрсеткіші санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес келеді. Эпидемиологиялық тұрғыдан ауызсудың қауіпсіздігіне және химиялық құрамы бойынша зиянсыздығына кепілдік береміз. Судың сапасын бақылау саласындағы заманауи жетістіктер: атомдық абсорбциялық спектрометрия, газ хроматография­сы, иондық хроматография қолданылады. Бүгінде ИЛ-ді аккредиттеу саласында 100-ге жуық көрсеткіш бар. Тұрақты өндірістік бақылау 52 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Судың құрамындағы 20 органикалық қосылыс және 16 металл құрамы және 6 микробиологиялық көрсеткіш анықталып, ұдайы бақыланады, – деп жауап берді «Астана су арнасының» баспасөз хатшысы Назгүл Талипова.

Ақиқатында сапасыз су адам денсаулығына зияны мол. Мамандар су құрамындағы карбонатты кермектік (кальций, магний тұздары) бүйрек, несеп жолдарына тас байлайды дейді. Көп мөлшердегі темір өңештің, асқазанның, шектердің функциясына зақым келтіріп, ақырында ағзаны улануға соқтырады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы, негізінен, сапасыз судың салдарынан нашарлайды.

Судың сапасы түсінікті. Енді мөлшері жеткілікті ме?

– Астана су арнасына 450 миллион текше метр жинай алады. Елордаға бір жылға 95-110 миллион текше метр су шығындалады десек, 3 жылға керекті су қоры жиналады. Егер су қозғалыссыз тұра берсе, балдыр шығып, сапасы төмендейді. Аумақта қуаңшылық болып, Есіл өзені суалған жағдайда не істейміз? Осының алдын алу мақсатында Сәтбаев каналынан Есіл өзеніне су әкелу жобасы әзірленді. 12 шақырым жерден труба арқылы әкеп, Есілге қою қаралды. Бұл жоба өте қымбатқа түсті. Себебі Есіл өзенінің арнасы кең болғандықтан трубамен келген су жайылып, ағысы азаяды, сосын буланып, су көп мөлшерде шығындалады. Яғни 100 текше метр су айдалса, су қоймасына 20-25 текше метр су келіп, пайдалы әсер коэффициенті 25-30 пайыз ғана құрайды. Әртүрлі ұсыныс болды. Астана қаласына дейін трубамен әкелуді ұсынғандар болды. Бұл жоба өте қымбатқа түсті. Өзен арнасын тарылтып, оны бетондауды ұсындық. Бұл бірнеше есеге арзан түсті. Осылайша суды қосымша жинаудың жолы қарастырылды, – деді ­Ислам Әбіш.

Бұл – су арнасына қосымша суды жанау тетігі болса, осы суды өндіріп, қала тұрғындарына жеткізу екінші мәселе. 2013 жылғы жоспарлау бойынша 2025 жылы қала тұрғындары 1 миллион 200 мың болатыны есептелсе, қазірдің өзі бұл көрсеткіш 89 мың адамға асты. Оған биік-биік тұрғын үйлердің тығыз салынуы су қысымына теріс әсерін тигізіп, су өндіру қуатының тапшылығына әкелді.

– Жоспар бойынша Астана қаласы бойынша тәулігіне 305 мың текше метр су тазарту қаралса, қазіргі көрсеткіш 318 мың текше метрге жетті. Қала тұрғындары, әлеуметтік және кәсіпкерлік субъектілерін үздіксіз сумен қамтамасыз етуде 20 мың текше метр болатын 4 су қоймасы бар. Бұл су құбыры желісіндегі су қысымының төмендеуіне әкеледі. Әсіресе сенбі, жексенбі және мереке күндері, ауа температурасы күрт төмендеген кезде суды тұтыну деңгейі артып, сумен жабдықтау желілеріндегі қысымның төмендеуі байқалады. 2021 жылдың қараша айынан бастап жаңа сорғы және сүзгі стансасының құрылысы жүргізіліп, 2023 жылы аяқталуы керек. Бұл іске қосылған кезде суды өндіру деңгейі бір қалыпқа түседі, – деді су арнасының өкілі Назгүл Талипова.

P.S: Ел Үкіметі суды стратегиялық ресурс деп бағалап, оны қорғаудың концепциясын түзіп, ұзақмерзімді жоспар құруы маңызды. Өйткені ХХІ ғасырдың соғыстары алтын немесе мұнай үшін емес, су үшін болады. Байкал көлі әлемдегі ең көп тұщы су көзі болса, Солтүстік мұзды мұхитындағы су ресурсы Ресейді ең бай елге айналдырады. Сарапшылар арасында қазір Батыс пен АҚШ-тың Украинаға ұдайы көмек көрсетуінің астарында Ресейдің су қорына қол жеткізу мәселесі тұрғанын қолдайтыны бар. Олай болса, қазірдің өзінде суға күрес басталып кетті.

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button