
Әлемде су қоры бойынша 66-орында тұрған еліміздің ішкі тұщы суының жартысы өзге елдерден ағып келетін өзендерге тәуелді. Ауызсудың тапшылығы мен сапасына қатысты қиындық енді Астананың өзінен де сезіле бастады. Мамандар 10 жылда елордада суды тұтыну көлемі екі есеге артуы мүмкін екенін ескертеді. Осы жағдайды ескеріп биыл Қ.И.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су көзі тартылып, №4 сорғы-сүзгі станциясын салу жобасы басталмақ.
Қазақстан су ресурстары жағынан бай мемлекеттер қатарында емес. Жыл сайын су тапшылығы мәселесі еліміздің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына кері әсерін тигізіп келеді. Бұл – ел аумағының табиғи ерекшелігі ғана емес, сонымен бірге су ресурстарын тиімсіз басқарудың салдары. Мәселен, Қазақстан әлемдегі 179 елдің ішінде су қоры бойынша 66-орында тұр. Жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша 11-орында. Тұтынатын судың жалпы көлемінің 4%-ы шаруашылық пен ауыз су қажеттілігіне, 26%-ы өнеркәсіп қажеттілігіне, 70%-ы ауыл шаруашылығына арналған.
Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Оның үстіне соңғы кездері Қытай елі Ертісті бұрып, Ілені бөгеп алғалы елдегі су мәселесі арта түсті. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдері де әр жылы суды қысып беріп, төменгі ағарда отырған біздің елдің дихандары ұдайы зиян тартып келе жатқаны жасырын емес.
2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесіне арнайы тоқталып: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда» деп атап өтті.
Президент судың 40 пайызының құмға сіңіп, ысырап болатынын, инфрақұрылымның ескіргенін, цифрландырудың төмендігін, сала мамандарының тапшылығын ерекше атап, осы саланы реформалауға Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген еді. Жолдауда айтылғандай, су тапшылығы ендігі жерде табиғи апат немесе кездейсоқтық емес, ұлттық қауіпсіздіктің басты факторына айналды.
Ертеректе жазылған деректерде «Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар, олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 шақырымнан асады, еліміздегі үлкенді-кішілі көлдердің саны да 40 мыңнан асады» деген мәлімет бар. Осыдан 5 жыл бұрын Үкімет мүшелері «бүгінде ауданы бір шаршы шақырымнан асатын 2328 көл бар, сондай-ақ 2552 өзен жайлы ақпарат бар» деген мәлімет таратқан еді. Одан бері де бұл көлдердің қаншасының суы азайып, қанша өзен тартылып қалды? Бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ. Мейлі, қалай айтсақ та, еліміздің қай өңірінде болсын су тапшылығы мәселесі барған сайын күрделеніп, судың тартылып бара жатқаны шындық. Бұл жайт соңғы кездері Арқа алқабында да айқындала түсті.
Астананың шетін мәселесі
Су тапшылығы бүгінде Астанада да өткір сезіле бастады. Бас қаланың жылдам өсу қарқыны инженерлік инфрақұрылымның үлгеру мүмкіндігінен асып түсті. Қалада алғашқы су сүзу станциясы 60-жылдары іске қосылса, екіншісі араға жарты ғасырдай уақыт салып, 2011 жылы пайдалануға берілді. Бірақ олардың қуаты халық саны мен құрылыстың қарқынды өсуіне сай келмей қалды.
2021 жылдан бастап «Астана» су қоймасынан су тартатын жаңа құбыр желісі мен №3 сорғы-сүзгі станциясының (3-ССС) құрылысы басталды. Қуаты тәулігіне 105 мың текше метр болатын бұл станция 2024 жылы іске қосылды. Қазір Астанадағы осы №3 сорғы-сүзгі станциясы (қуаты – 410 мың текше метр/тәу.) қала тұрғындарының су тұтыну қажеттілігінен толық шығып тұр. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елорда тәулігіне 330 мың текше метрге дейін су тұтынады.
Алаңдаушылық тудыратын жайт – болашақта суды тұтыну көрсеткіші күрт өседі. Бас жоспарға сәйкес, Астананың суға деген тәуліктік сұранысы алдағы 10 жылда 700 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл – қазіргі деңгейден екі есе көп. Мысалы, 2007 жылы Астанада су тұтыну мөлшері 43,5 млн м³ болса, 2012 жылы – 60 млн м³, 2020 жылы – 105 млн м³, 2023 жылы 122 млн м³-ге дейін артқан. Яғни соңғы 15 жылда тұтыну шамамен үш есеге өскенін ескерсек, алдағы уақытта бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймайтыны анық.
Құрылыстан туған тапшылық
Астананың бас ауруына айналған тағы бір мәселе – құрылыс қарқынының шектен тыс үдеуі. Елде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі бойынша Астана бірінші орында. Жылына 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және коммерциялық ғимараттар салынады. Бұл нысандарды сумен, жылумен, электр қуатымен қамту аса қиын.
Құрылыс тек құрылыс емес, ол судың да, энергияның да, инфрақұрылымның да тұтынушысын көбейтеді. Қаланың тығыздалуы, жаңа шағын аудандардың көбеюі – су тапшылығы мәселесін ушықтыратын басты факторлардың бірі.
Астанада су тапшылығын болдырмау үшін алдағы жылдарға жоспарланған ірі инфрақұрылым жобалары бар. Соның бірі – қуаты тәулігіне 210 мың м³ су беруге қауқарлы №4 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы. Бұл нысан Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан тартылатын екі құбыр арқылы сумен қамтылмақ.
Бүгінде «Астана» су қоймасы (жобалық көлемі – 410,9 млн м³) – қаланың басты су көзі. Ол Есіл өзенінің ағынына тәуелді. Көктемгі су тасқынының аз-көптігі қойманың толуына тікелей әсер етеді. Сондықтан қосымша ресурс ретінде Қаныш Сәтбаев каналынан 19,7 шақырым су құбырын тартып, Ертіс өзенінің суын Астанаға жеткізу өте маңызды шешім болар еді. Бұл мәселені мамандар үнемі айтып, жобасын жасағанымен, ол әлі күнге дейін жүзеге аспай келеді.
Орталық Азия – үнемсіз аймақ
Су – тек Астана ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына ортақ мәселе. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) дерегінше, Орталық Азия елдерінде су тапшылығынан бұрын суды үнемсіз пайдалану өзекті болып отыр. Аймақ мемлекеттері суды тым көп, бейберекет жұмсайды. Мысалы: Түрікменстан жан басына шаққанда – 5319 м³, Қазақстан – 2345 м³, Өзбекстан – 2295 м³, Қырғызстан – 1989 м³, Тәжікстан 1895 м³ суды жыл сайын тұтынады. Оның үстіне бұл елдерде ауыл шаруашылығына пайдаланатын су мөлшері дамыған елдерден 2,5-3 есе артық. Судың 90 пайызы дәнді дақылдарды суаруға жұмсалады.
Ауыз судың сапасы да су тапшылығы мәселесіне айрықша әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, Астана тұрғындарының көбі ауыз судың сапасына көңілі толмай, үйіне сусүзгіш (фильтр құрылғысы) орнатып алған. Яғни ауыз су сапасының төмендігі халықты амалсыздан жеке фильтрлерге көшуге итермелеп отыр. Алайда мұндай құрылғылардың көбі суды тазартып қана қоймай, ысырап ету арқылы жұмыс істейді. Мысалы, кері осмос технологиясымен жұмыс істейтін кейбір сүзгілер 1 литр таза су алу үшін 3-5 литр суды ысырап қылады. Бұл экологиялық та, экономикалық та тұрғыдан тиімсіз. Әсіресе су ресурсы шектеулі ел үшін күрделі жағдай.
Ауыз су сапасына қатысты мәселенің түбегейлі шешімі – жеке сүзгілерге тәуелділікті азайтып, қоғамдық су тазалау жүйесін жаңғырту мен заманауи технологияларға көшіру. Мемлекет тарапынан орталықтандырылған су тазарту қондырғыларын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру, су сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп, оны ашық түрде жариялап отыру халықтың сенімін арттырып, фильтрлерге деген қажеттілікті төмендетеді. Сонымен қатар жеке сүзгілерді пайдаланушыларға су үнемдеуші технологияларды қолдануды ұсыну, тіпті ынталандыру су ысырабының алдын алудың тағы бір тетігі болмақ. Бас қаладағы су мәселесін шешуде бұл түйінге назар аударған жөн.
«Судың да сұрауы бар» дегендей, Қазақстанда суды үнемдеуге бет бұратын уақыт жетті. Әсіресе заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, судың ысырап болуының алдын алатыны анық. Әрине, суармалы алқаптар молайса, мал азығы көбейіп, ет пен сүт бағасы тұрақтанады; егін түсімі артса, нан мен ұнның бағасы қымбаттамайды; суды бейберекет тұтыну азайса, тапшылық та төмендейді. Бұл ретте Израильдің тамшылатып суару тәжірибесін енгізу өте тиімді болмақ. Сондай-ақ Қытайдың да су үнемдеу тәжірибесін зерделеу қажет.
Ірі қалаларда ластанған суларды тазалап, қайта пайдалану, құдықтардың тереңдігін бақылау, жерасты суын сақтау – осы бастан қолға алатын маңызды қадамдардың бірі. Өйткені XXI ғасырдың қымбат «тауары» – су. Яғни бұл ғасырда мұнай мен газ емес, ең құнды ресурс су болатыны анық. Сондықтан суды сақтау, қорғау, үнемдеу – тек Үкіметтің емес, әр азаматтың парызы. Астана – елдің жүрегі. Оның тынысы тарылса, Қазақстанның да болашағы бұлыңғыр. Сондықтан елордадағы су тапшылығы мәселесіне қазірден көңіл бөлмесек, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін…
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ