Басты ақпаратМәселе

Суицид – бұл тығырыққа тірелу

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, 2023 жылдың 10 айында елордада жасөспірімдер арасында 98 суицид оқиғасы тіркеліпті. Оның 10-ы көз жұмса, 88-і әупіріммен тірі қалған. Әрі өзін-өзі өлімге қиятындардың 82 пайызы қыздар болып отыр. Олардың 62 пайызы – мектеп оқушысы, 38 пайызы – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері.

Балалар психологы аз

Өткен жылы қаланың бір мектебінде оқитын 10-сынып оқушысы өз үйінің ауласында асылып қалған. Тергеу анықтап отырғандай, жасөспірім қыз ата-анасымен арада болған ұрыс-жанжалдан кейін өзіне қол жұмсапты. Көршілерінің айтуынша, туған анасы да, өгей әкесі де қызға жиі ұрысатын болған. Тіпті жұрттың көзінше шешесі оның жағынан бір-екі рет шапалақпен тартып жібергенін де көргендер бар. Ал бұдан кейін үйінде қандай жағдай болатынын бір Құдай білсін.

– «Өзіне-өзі қол жұмсау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанмен, бірақ ол сотқа жетпеді. Мен марқұммен жете араласпағаныммен, сырттай танитынмын. Мінезі де біртоға еді, – дейді мектеп психологы Эльмира Жанкелді.

Ал құрбыларының айтуынша, ол болашақта балалар дәрігері болуды армандаған көрінеді. Сол оқиғаның алдыңғы күні сыныптағы бірнеше құрбысына өзінің суретін беріп, телефонына бірнеше жылы-жылы лебіз де жазыпты.

Тағы бір құрбысына «Өмір не деген қатал еді?! Мені туған әкем неге іздеп келмейді?» деп мұңын да шағыпты.

Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде еліміздегі жасөспірімдердің осындай суициді педагог-мамандарды қатты алаңдатып отыр.

Олардың зерттеуінше, жылына 10 мыңға тарта қазақстандық өмірмен қоштасуға әрекет жасайды екен. Ең қорқыныштысы, оның 70 пайызы жасөспірім болып отыр. Бұған психологтар «өтпелі шақта» кездесетін қиындықтарды көтере алмау, айналасындағы адамдармен қиын қарым-қатынастың әсері, бала психологиясының толық қалыптаспауы мен тағы да басқа жайлар себеп болады деп тұжырымдағанмен, бірақ осы келеңсіз жайдың қалай алдын алуға болатыны әрі нақты шешілмей келеді.

Қазір мектептерде психологтар жұмыс істейді. Алайда олардың да өкілеттілігі шектеулі. Олар балалармен қалауынша араласа алмайды. Үйіне барып, жеткіншектермен жеке әңгіме өткізу үшін ата-анасының жазбаша түрде рұқсаты керек. Ал отбасынан кикілжің шығатын ата-ана оларды жақындата ма? Балалармен жақынырақ араласуға мүмкіндік беретіндей психологтарға мектепте сағат та берілмейді. Олар тек «бала отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген жоқ па?» деген мәселеде оқушыларды үзіліс кезінде ғана тестілеуден өткізе алады. Оның үстіне елімізде балалар психологы өте аз. Міне, осындай түйінді түйткілдер бұл мәселенің кеңінен шешілуіне әзірге қолбайлау болып келеді.

Өз-өзіне қол салу Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жиі кездессе, өткен жылы Маңғыстау, Жетісу облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында аз тіркелген. Ал жасөспірімдер арасындағы суицидтің ең көп тіркелгені биыл жыл басынан бері Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында болса, өткен жылмен салыс­тырғанда Астана қаласы мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облысында анағұрлым төмендегені байқалады

«Алдын алу жұмыстарына байланысты айтқанда, «біреудің отбасындағы жеке өміріне араласуға біздің құқығымыз бар ма?» деген сауал тағы алдымыздан шығады. Екінші мәселе, көршің шырылдатып баласын немесе әйелін сабап жатса, полиция шақыртуды ойлайсыз ба? Не болмаса танымайтын біреу көшеде баласына жұдырық жұмсап жатса, оған араласып, басу айтуға сөйтіп, уақытын бөліп мәселенің мән-мәнісін түсінуге әркім маңыз бере ала ма? Егер мойындасақ, осы жайлардың бәрі де суицидтің алдын алуға жататын жайлар болуы әбден мүмкін» дейді педагог-психологтар.

Нақты куә болмаса…

Заңгерлердің айтуынша, жасөспірімдердің мұндай әрекетіне қатысты «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса да, оны дәлелдеу өте қиын көрінеді. Тіпті өлер алдында сол бала жазба қалдырып, онда кімнің оған зорлық-зомбылық көрсеткені жазылса да, оны нақты дәлелдейтін куә керек болады. Бұған қосымша аудио, бейне, фото дәйек болуы шарт. Сондай-ақ сот-медицина сараптамасы ол баланың денесінен көгерген, қызарған жерді тауып, соққының ізін анықтауы қажет. Ал бұлардың бірі болмаса, айтылған сөздер баланың өліміне кімнің болса да қатысын анықтай алмайды.

Республикалық психология­лық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының психиа­тр-дәрігері Ринат Мұзафаровтың сараптамасына сәйкес, кейінгі 5 жыл көлемінде елімізде суицид тек 2020 жылдан басқа кезеңде 10 пайызға өсіп отырған. Ал 2020 жылы індетке байланысты, көп адам үйінде отырған болуы керек, 2 пайыздан аспапты.

Осы жылдарда ерлерден гөрі әйелдер көбірек өмірмен қоштасқысы келіпті. Әсіресе 15 пен 34 жас аралығындағы нәзік жандар дәрі не сірке суын ішіп немесе биіктен секіріп мерт болғысы келгендердің 90 пайызын құраған.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, мұндай қадамға қазақстандық әйелдер көбіне жалғызбас­тылықтан, тұрмыстағы ауыр жағдай қажытқаннан, отбасындағы үнемі ұрыс-керіс, жанжал, кикілжіңнен, жазылмайтын ауыр сырқатқа тап болғаннан барады екен. Сондай-ақ олардың мұндай соңғы қадамға баруына биологиялық (генетикалық, анатомиялық, физиологиялық) ерекшелігі мен психологиялық (терең ойға берілу, күйгелектік, тым қызбалық) және әлеуметтік (әлеуметтік-экономикалық, қаржылық, тектік, тағы басқа да) факторлары үлкен әсер ететіні анықталған.

Өз-өзіне қол салу Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жиі кездессе, өткен жылы Маңғыстау, Жетісу облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында аз тіркелген. Ал жасөспірімдер арасындағы суицидтің ең көп тіркелгені биыл жыл басынан бері Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында болса, өткен жылмен салыстырғанда Астана қаласы мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облысында анағұрлым төмендегені байқалады.

Дәрігер-психиатр кеңесі

«Егер адам суицид жасаса, немесе оған оқталған болса, онда ол – өзімен-өзі жалғыз қалған адам. Бұл оның жақын-жуығы, ағайын-туыс, әйел, бала-шағасы жоқ деген сөз емес. Оның отбасы үлкен болуы да мүмкін. Алайда оны тыңдайтын, оның жанын түсінетін, оны қолдайтын, ақыл-кеңесін беретін адамның болмауы осындай күйге түсіреді» дейді дәрігер-психиатр Ринат Мұзафаров.

«Егер сізге балаңыз не қызыңыз, танысыңыз немесе көршіңіз «маған өмір қызық емес» деген сөз айтса, ескерусіз қалдырмаңыз. Бірден дабыл қағыңыз. Ол адамға көмектесуге тырысыңыз, басқаларды да көмекке шақырыңыз. Бұл – алғашқы белгі. Мәселен, жасөспірім сізге «осының бәріне қарағым келмейді, жаным күйзеледі. Өзімді қоярға жер таппай жүрмін» деген сөздер айтса, оны сол адамның суицидке бейімділігінің алғашқы қадамы деп түсініңіз. Егер сіз «қой, ондай сөз айтпа, енді естімейтін болайын. Жындысың ба, ақымақсың ба?» деп зекіп тастасаңыз, ол адам өзінен-өзі тұйықталып қалады. Қайтіп сізбен немесе сіз сияқты басқа адаммен сөйлеспейтін болады.

Бір жасөспірім қыз анасына «ана, мені мұндай қылып неге тудың?» дегені үшін дауыс көтеріп, ұрысып, түзелмейтіндей қате жібергенін кейін біліп, бармақ тістеген. Сондықтан балаңызбен үнемі сырласып, ашық әңгіме-дүкен құруға тырысыңыз. Қандай да бір қателігі болса, түсінікпен қарап, жылы сөзіңізбен түзетуге тырысыңыз. Тіпті бір нәрсені бүлдіріп қойса да, ешнәрсе де одан қымбат емес екенін үнемі сөзіңізбен де, ісіңізбен де ұқтырып отырыңыз.

Тағы бір мәселе балаңыз кімдермен бірге жүріп, араласатынын білу аса маңызды. Егер перзентіңіздің бойынан енжарлықты, көңілсіздікті, ешнәрсеге зауқы болмайтын селқостықты байқасаңыз, бірден психолог, психотерапевт, психиа­тр маманға жүгініңіз. Әрі бұл – тек ата-ана ғана емес, мектеп, айналасы мен жақын-жуығының – бәрінің бірден назардан тыс қалдыруға болмайтын жағдайы. Сонда ғана біз көптеп-көлемдеп қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктің алдын ала аламыз» деді маман.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button