Суицид – қоғам қасіреті

Бүгінде көпшілік арасында кеңінен етек жайған суицид ауыр дерттің біріне айналды. Өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысқысы келетіндер қатары азаймай келеді. Қаралы хабарды жаңалықтардан жиі естіп жатамыз. Біреулер «осындай суық хабарларды бұқаралық ақпарат құралдары мүлде көрсетпеу керек» десе, екінші біреулер «олар жаманат шақырушылар» деп журналистерді кінәлайды. Десе де айтылған сұмдықтардың өмірде болып жатқаны рас.
Қазақстан суицид статистикасы жөнінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше 19-орында тұр. Бір ғана елордаға қатысты деректерді келтірсек, Астана қаласының Полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың 9 айында 154 суицид фактілері тіркелген.
Астана қаласы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, адамдардың мұндай қадамға баруы – ойландыратын мәселе. Себебі бейбіт өмірде, соғыссыз адам өмірінің қиылуы, өмір сүруден бас тартуы – қоғам қасіреті.
«Мен әйел адамдармен көп жұмыс істейтін болғандықтан, оларды суицидке итермелейтін ең бірінші кезекте тұрмыстық себептер екенін жақсы түсінемін. Жәбірленушілермен болған әңгімелерде олар ешкімге шағымдары жоқ екенін, бұл әрекеттерге ешкім итермелемегенін айтады. Осының негізінде қылмыстық істерді тоқтату туралы қаулылар қабылданады. Көп жағдайда бұл оқиғалардың негізгі себептеріне жасқа байланысты жеке тәжірибе, эмоциялық тұрақсыздық, тұлғааралық қатынастардың бұзылуы, әлеуметтік жағдайлар, депрессивті көңіл-күй, отбасылық жанжалдар, абайсыздық және ішімдік ішу жатады» деді спикер.
Полиция подполковнигінің айтуынша, бұл тұстағы негізгі мәселелердің қатарында бүгінде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандардың (суицидологтардың) болмауы бар. Сонымен қатар полиция қызметкерлері үшін өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-шаралар жүргізілмейді. Оның үстіне суицидке бейім адамдар, соның ішінде әйелдер құқық қорғау органдарымен, білікті мамандармен және психологтермен байланыс жасаудан қашқақтайды. Жәбірленушілер жасалған әрекеттердің нақты себебін толық ашпайды. Бұл олардың жеке өмірі туралы бөтен адамдармен сөйлескісі келмейтінін көрсетеді.
«Негізінен, суицидке ер адамдар бірден барады. Олар нақты шешім қабылдап, батыл әрекеттер жасайды. Ал әйелдер мен балалар жасқаншақтау болып келеді де, мұндай қадамға қашан да екіұдай күйде барады. Сондықтан да көп жағдайда аман қалып жатады. Бір жағы ашумен де жасайды. Мәселен, полиция қызметкерлері бірде көпірден секірген екіқабат келіншек пен баласын құшақтап балкон ернеуінде отырған әйел адамды құтқарып қалған. Анықталғандай, олар бұл әрекетке отбасындағы жанжалдың кесірінен ашу үстінде барған» деді Г.Шрахметова.
Қазақстан суицид статистикасы жөнінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегінше 19-орында тұр. Бір ғана елордаға деректерді келтірсек, Астана қаласының Полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың 9 айында 154 суицид фактілері тіркелген
Әйелдерге қатысты және отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында учаскелік инспекторлармен және ювеналдық полиция инспекторларымен бірлесіп, құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне жол бермеу бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Алдын алу және түсіндіру жұмыстары бойынша әдістемелік және практикалық көмектер көрсетіп, әрбір фактінің себептері мен жағдайларға мұқият талдау жасалады. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өзара әріптестікте консультациялық-құқықтық көмек көрсетеді. Қиын жағдайға түскен әйелдерге «Қорғау-Астана» жеке қоры және «Жанұя» қоғамдық қорының психологтары консультация өткізуде. Осы жұмыстардың қай-қайсысында да мамандардың анықтағаны – өз-өзіне қол салушылармен сөйлесудің аздығы. Оған бір жағы ол адамның өзі тұйықталып қалатын болса, екінші жағы айналасындағылар да түрлі себеппен көп ықылас таныта қоймайды. Ал шындығында, егер сөзге тартып, суицид туралы тікелей сөз етпесе де, проблемаларын бөлісіп, көңілін аулар болса, соңғы қадам туралы ойынан айнитындар да көп екен. Мүмкіндігінше, психологтарға, психотерапевтерге барудан қашпау керек. Сонда қиын күндерін уақыт өте келе күлкімен еске алып отыратын жандардың қатары көбеймек.
Ал елордалық психикалық денсаулық орталығының психотерапевт, суицидолог Екатерина Миронова суицидке баратын адамның мінезі аутоагрессивтік болады, оған кез келген адам бара алады дейді.
«Адам түрлі себептермен суицидке барады. Өзіне назар аударту үшін де суицид жасалуы мүмкін. Бірақ өз өмірін таразыға салған кезде өмірден бас тартуға бел буған адамдарды ортақтастыратын бір дүние бар. Ол – адамдар үшін басындағы мәселемен өмір сүрудің мүмкін емес болып көрінетіні. Ол мәселемен өмір сүргісі келмеген адам басқа өмірді қалайды. Бірақ оған қалай жететінін білмейді. Әр оқталған адамның ойында өзінің жеке психологиялық портреті болады. Жастық нормативтік дағдарыс деген бар. Бұл балалықтан ересектікке өту, 16 жастан бастап 28 жасқа дейін жалғасады. Орта жастың дағдарысы 30-дан асқанда басталып 45 жасқа дейін созылады. Әйел адамдардың көбі осы дағдарыс кезінде суицид жасайды. Орта жастағы дағдарыс адамның алатын кезеңі аяқталып, беретін кезеңінің басталуы. Егер алатыны аз болып, беретіні болмаса да қиын. Осындай ішкі сезімдерді сырттағы жағдай ушықтырады. Ішкі себеп пен сыртқы себеп түйіскен жағдайда адам үшін өмірдің мәні мен құндылығы жоғалғанда, ол өмірмен қош айтысады. Адам жастық дағдарысы кезінде ішкі психология, әл-ауқатының әлсіреуі кезінде психологқа баруы керек. Сыртқы факторлардың ушығуы да ішкі мәселені көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда маманнан немесе басқа жанашыр жандардан көмек сұраған өте дұрыс» деді ол.