Мәселе

Суицидтен қалай сақтанамыз?

Жақында Астанада 22 жастағы бойжеткен 24-қабаттан секіріп кетті. Бұған дейін елорда маңында 14 жастағы қыз бала өз-өзіне қол салып, қайтыс болған еді. Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюіне байланысты оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап еткен еді.

Депутат әлеуметтік желідегі қауіпті ойындар мен қатыгездікті насихаттайтын контенттер жасөспірімдердің санасын улап жатқанын айрықша атап өтті.

«Әлеуметтік желіге бақылауды күшейтуді кезек күттірмейтін міндет деп есептеймін. Желінің кері әсеріне көз жұмып қарау – ұрпақтың болашағына балта шабу. Құқық қорғау органдарынан заңнамалық шараларды, әсіресе жасөспірімдерге арналған мессенджерлердегі контенттің гигиеналық нормаларын қатайтуды талап ететін уақыт жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифрлық даму министрлігі балаларға қауіпті контентті анықтау және зерттеу үшін ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі керек» деді Ж.Сүлейменова.

Суицид – әлемдегі ең көп таралған өлім себебі. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жыл сайын әлемде шамамен 700 мың адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл әр 40 секунд сайын бір адамның өмірмен қоштасатынын білдіреді. Әсіресе 15-29 жас аралығындағы адамдар арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші жылдан-жылға артып барады. Бұл Қазақстанда да маңызды әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Соңғы мәліметтер бойынша еліміз суицид деңгейі жоғары елдер қатарында. 2023 жылдың алғашқы он айында елде өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 3,4 пайызға өскен. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид саны күрт артып, 30 пайызға жетті.

Суицид жасауға итер­мелейтін себептер өте көп. Дегенмен мамандар өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі себептері деп психологиялық мәселелерді, отбасы жағдайын, қаржылай қиындықтарды атады. Әсіресе депрессия, жалғыздық, стресс және өмірдегі дағдарыстар суицид жасауға көбірек түрткі болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Қазақстанда суицидтің алдын алу үшін бірқатар шара қабылданды. Бала қауіпсіздігіне арналған бағдарламалар іске қосылып, психологиялық тұрғыдан қолдау қызметтері жолға қойылды. Астана қаласында басқа өңірлер сияқты бұл мәселе ерекше назарда. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жағдайға ерекше көңіл бөлініп, осы мәселемен күрес бойынша әртүрлі іс-шара жүзеге асуда. Олардың психологиялық жағдайын жақсарту және суицидтік мінез-құлықты ерте анықтау мақсатында қаланың мектептері мен білім беру мекемелерінде психологтардың жұмысы күшейді. Ата-аналар мен мұғалімдерге арналған арнайы семинарлар мен тренингтер өтіп, оқыс жағдайды болдырмаудың барлық әдісі назарға алынды. Сондай-ақ Астанада балалар мен жасөспірімдер үшін сенім телефондары жұмыс істейді, онда кез келген уақытта тегін және жасырын түрде психология­лық көмек алуға болады. Мектептерде буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламалары енгізілген. Оқушыларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған сабақтар өтеді. Бұл іс-шаралардың арқасында қалада суицидтік жағдайларды азайту бағытында оң өзгерістер байқалады. Алайда мұндай мәселелермен күресу ұзақ уақыт пен көп күш-жігерді талап етеді. Сондықтан Астана қаласының әкімдігі, білім беру мекемелері және қоғамдық ұйымдар бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда.

Суицидтің алдын алу үшін қоғамдағы әрбір адам – ата-­аналар, мұғалімдер, достар және мемлекет өз үлесін қосуы қажет. Бұл мәселе тек мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралармен шектелмей, әрбір отбасының назарында болуы тиіс.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button