Суперкомпьютер ғылымға жол ашады

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PARAM BILIM 2 суперкомпьютері салтанатты түрде іске қосылды. Есептеуіш қуаты жоғары құрылғының мүмкіндіктерін студенттер мен ғалымдар пайдалана алады.
Ақкөл қаласында салтанатты түрде ашылған жаңартылған суперкомпьютер Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет басшысының ұлттық жоғары тиімді есептеуіш инфрақұрылымын дамыту қажеттігі туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында пайдалануға берілді. Мұны мәлімдеген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова суперкомпьютердің жасанды интеллектіні дамытуға айрықша үлес қосатынын атап өтті.
Жаңартылған PARAM BILIM 2 суперкомпьютері – 1 петафлопсқа дейінгі ең жоғары өнімділігі бар заманауи есептеу кешені. Онда Үндістанның C-DAC орталығы әзірлеген High Performance Computing (HPC) бағдарламалық платформалары бар.
PARAM BILIM 2 қазірдің өзінде жасанды интеллект, тілдік модельдер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптографияны қоса алғанда, 30-дан астам ғылыми бағыттар бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер үшін қолданылады.
Таныстырылымнан соң, іс-шара «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасып, бір алаңда ғалымдар мен жас зерттеушілерді біріктірді. Жиында сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жобаға «Қазақтелеком» ұйымы бастамашы болғанын айтты.
«Үкімет аралық келісім шеңберінде Үндістанның елімізге тарту еткен Param Bilim 1 суперкомпьютерімен студенттерді оқытып, бірқатар жобалардың тиімділігін көріп келеміз. Ендігі ашылған құрылғы ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер бермек. Суперкомпьютердің Ақкөл қаласында ашылуының себебі, мұнда Республикалық ғарыштық байланыс орталығы бар. Орталықпен екіжақты байланыс орнатып, бүгінде білікті мамандарды даярлау мақсатында түрлі бастамаларды қолға алып келеміз. Мұндағы қызметкерлер арасында университет түлектері баршылық. Сондықтан салтанатты жиын аясында «Ақпараттық технологиялар» факультетінің филиалы ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай барысында ғылыми қалашықтарды ашып, дұрыс жолға қою бастамасын көтерген еді. Осы мақсатта Астанадан алыс емес бұл қалашықта ғалымдар топтасса деген ойдамыз» деді Е.Бәтташұлы.
Елімізде мұндай суперкомпьютер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде бар. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне тиесілі суперкомпьютер 1 секунд ішінде 10-15 дәрежесіндегі жұмыстарды жүргізе алады. Яғни қарапайым компьютерден ондаған есе тез жұмыс істей алуға қабілетті.
Индира БЕРЖАНОВА