Суреткердің сыршыл әлемі
Бейсенбі күні елордада көрнекті театр және кино режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, өнертану профессоры Талғат Теменовтің шығармашылығына арналған «Теменовтің суреткерлік әлемі» атты өнер күндері ашылды. Белгілі өнер иесінің 70 жас мерейтойына арналған іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Музыкалық жас көрермен театры ұйымдастырды.
Ресми бөлімде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов оқып берді.
«Құрметті Талғат Досымғалиұлы! Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің өнер мен мәдениет саласындағы баға жетпес еңбегіңіз, ұлт руханиятын дамытудағы айрықша үлесіңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіз саналы ғұмырыңызды өнер мен шығармашылыққа арнап, талай талантты шәкірт тәрбиелеп, халқымыздың рухани байлығын еселеуге үлкен үлес қостыңыз. Шығармашылығыңыз бен еңбектеріңіз елдің жүрегіңе жол тауып, ұлттық мәдениетіміздің алтын қорынан орын алды. Жеткен жетістіктеріңіз ұрпаққа үлгі, жас өнерпаздарға шабыт сыйлайды. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті, мерейіңіз әрдайым үстем болсын!» делінген қала әкімінің құттықтауында.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов та құттықтау хатын жолдады. Тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Сенат депутаты
Дархан Қыдырәлі мектеп оқушысы кезінде оқыған Талғат
Теменовтің «Гүлназ» повесінен алған әсерін әңгімелей келе, шығармашылығындағы ерекшеліктерге тоқталды.
Өнер күндерінің ашылуының алдында «Талғат Теменов фильмдерінің эстетикасы» атты шығармашылық кездесу өтті. Белгілі театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек жүргізген іс-шара көрермендердің, жастардың режиссермен сыр-сұхбатына айналды. Талғат Теменов ұстазы Асқар Тоқпанов туралы әңгімелеп, кино өнеріне келуіне театр және кино тарланы Нұрмұхан Жантөрин мен көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкей әсерін тигізгенін айтты. Өнер және қоғам туралы пікірлерін жеткізді. «Мосфильмде» кино түсіруіне ұстазы Сергей Соловьев пен атақты актер, режиссер Роллан Быков себеп болғанын жеткізді. Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова Талғат Теменовтің адами болмысы туралы, бірге жұмыс істеген кезеңдерді әңгімеледі. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының қызметкері Әсем Шапай режиссердің өнерге бергені туралы толғанды. Іс-шара Талғат Теменов сахналаған У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясымен жалғасты.
Өнер күндері үш күнге жоспарланған. Кеше «Т.Теменов фильмдеріндегі көркем бейнелер» атты шығармашылық кездесу өтіп, B.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы көрсетілді. Ал бүгін «Т.Теменов фильмдеріндегі рухани құндылықтар» атты шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, суреткер салтанаты Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасымен жабылады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ