Мәдениет

Суретшінің «Бақыт құсы»

Елордадағы Тұңғыш Президент кітапханасында «Тәуелсіздіктің мәдени ­негізі» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Райгүл Ахметжанованың «Бақыт құсы» атты жеке көрмесі ашылды.

– Райгүл Ахметжанова халық аңыздарынан және әндерінен шабыт алып, өзінің қайталанбас авторлық стилін қалыптастырды. Шебердің шығармашылық таланты мен философиялық тұрғыда ерекше ойлауының арқасында киізден және шиден жасалған дәстүрлі материалдар жаңа және өте заманауи көркем образдар мен идеяларды тудырады, – деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров өнер иесінің жұмыстары туралы пікірін айтты.

– Әр суретші өзінің шығармашылық жолынан өтіп, шығармашылықта өзінің қайталанбас стилін тауып, сол кезде өнерде өз ізін қалдыра алады. Бүгінгі көрменің авторы осындай ерекше стильге ие, оның жұмысы ата-баба дәстүрін жалғастыруда, – деді қаламгер.

Көрмеге 30 жұмыс қойылды. Суретші қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің техникасына қырық жылдан астам уақытын арнады, осы уақыт ішінде оның дүниетанымы мен шығармашылық бейімділігін көрсететін туындылар дүниеге келді. Бүгінгі таңда жаңа әдістерді қолданып, ағаш, керамика, киіз қолдана отырып, көлемді кеңістік формаларын, композициялық элементтерді жасайды.

Жоғары шығармашылық жетістіктері үшін «Әбілхан Қас­теев» медалін иеленген Райгүл Ахметжанованың жұмыстары ҚР Орталық мемлекеттік музейінің қорында, Қазақстанда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда, Швецияда, Пәкістанда, Франция­да жеке жинақтарда сақтаулы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button