Сыдық шығармашылығының салтанаты
Биыл – КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі XXVII концерттік маусымын көрнекті композитордың ғасырлық мерейтойына арналған «Шаттық Отаны» концертімен ашты.
Сыдық Мұхамеджанов – қазақ музыкасын байытқан бірегей тұлғаның бірі. Композитор классикалық музыка мен қазақ фольклорын терең байланыстырып, ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтерді. Оның әр жанрда жазылған туындылары, атап айтқанда, оркестрге арналған шығармалары, жеке аспаптарға арналған концерттері және ән-романстары, опералары қазақ музыкасының алтын қорына енген.
Домбыра мен қобызға арналған концерттерді жазып, қос ұлттық аспабымыздың өрісін кеңейткен композитор шығармалары атауларының өзі қазақ әлеміне жетелейді. Мәселен, «Қазақ увертюрасы» туындысында, «Дархан дала» симфониялық күйінде, «Қыз қуу» симфониялық суреттемесінде қазақтың рухани болмысы, дархан даладай кеңдігі, ұлттық салт-дәстүрлері музыка тілімен суреттеледі.
Халық композиторларының, сал-серілердің мұрасынан нәр алып, кәсіби біліммен ұштастырған Сыдық Мұхамеджанов олардың мұрасына жаңаша леп бере білді. Соның ішінде Ақан серінің әніне жазылған «Балқадиша» вариациясын, «Айсұлу» операсын ерекше атап өтуге болады.
Композитор камералық-вокалдық шығармашылығында Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Мұзафар Әлімбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Садықбек Адамбеков, Софы Сматаев, Тұманбай Молдағалиев сынды ақындардың поэзиясына жүгінді. Әсіресе ұлы Абайдың өлеңдері оны қатты толғандырып, толқытты. Соның нәтижесінде Абай өлеңдеріне «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Домбыраға қол соқпа», «Құлақтан кіріп бойды алар» атты әндері мен романстары жазылды. Осы әндер мен романстарды тыңдаған ұстазы Евгений Брусиловский «Бұл әуендерді Абайдың өзі жазған секілді. Айтарға сөз жоқ» деп лайықты бағасын берген Сыдық шығармашылығының салтанатына айналған кеште оның музыкалық мұрасын астаналық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов), музыкалық аспапта жеке орындаушылар, филармония әншілері жаңғыртты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, мәдениет саласының үздіктері Секен Сыздық, Ботагөз Тәшімова (сымқобыз), халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Арыстанбек, Талғат Аллабиринов, Фируза Рахметова Сыдықтың әсем әндерін әуелетті.
Кеш осы концертке атау берген «Шаттық Отаны» поэмасымен түйінделді. Композитор шығармашылығындағы шоқтығы биік бұл туынды 1953 жылы Румыния астанасы Бухарестте өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде орындалып, Қаз КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ